Qoǵam
Көпшілікті тазалыққа жұмылдырды
Адамдардың қоршаған ортаға осындай немқұрайдылығының алдын алу, жұртшылықтың назарын қоқыс тастамауға, айналаны ластамауға аудару мақсатында түрлі сипаттағы көпшілік іс-шаралар жыл он екі ай өткізіліп тұрады. Соның бірі – табиғат жанашырларының «Бірге – таза Қазақстан!» атты ұранымен өткізілетін жалпыреспубликалық экологиялық сенбілік.
Өткен сенбіде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің қолдауымен ұйымдастырылған осынау экологиялық акцияға барша жуалылықтар өз үлесін қосты.
Тазалық шаралары таңертеңнен ауданның барлық өңірлерінде бір мезгілде бастау алды. Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының жанындағы автотұрақта мекеме ұжымы мен қоғамдық ақылы жұмысқа тартылған жұмысшылар құрал-саймандарымен жиналды. Ауыл әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаев акцияның мақсат-міндеттерін түсіндіре келе, олардың өздеріне бекітіп берілген аумақта тазалық шараларын жүргізу қажеттігін айтты.
Темір жол өткелінің арғы жақ бетіндегі тал-дарақтар арасында «Жасыл Жуалы» мекемесінің қызметкерлері шебер Жұмағали Дәрментаевтың басшылығымен қызу іске кірісіпті. Ислам Ирисханов, Қали Барқыбаев, Сәкен Тоқтыбаев электр шөп шапқышпен шөптесіндерді отап жүрсе, Әлімхан Әбдиев балтамен қураған бұтақтарды бұтауда. Ал Зәуре Жұмабекова, Раушан Сыпатаева және Әсия Төлегенова сынды қыз-келіншектер талдардың түбін әктеп, еселі еңбектің үлгісін көрсетуде.
Жалпы, сенбілікке келгендер өздерін сергек сезінеді. Көңіл-күйі де көтеріңкі. Бос жүрген бір адам көзге шалынбайды.Бәрінің қолында тиісті құрал-сайман. Өздеріне бекітілген тазалық жұмыстарын атқарып жүр. Тіптен араларында патриоттық әндер шырқап, көптің көңілін көтеріп жүрген қыз-келіншектер де байқалып қалады.
Бұқаралық шараға ауыл-аймақтар мен мекемелер басшылары да белсене атсалысты. Ауыл әкімі Марат Қасымбеков орынбасарымен және қызметкерлерімен бірге қатысып, үлгі-өнеге көрсетті.
– «Тазалық сақтаған жерде». Бүгінде осы халық мәтелінің байыбына терең бойлай бермейтін болдық. Табиғат-Анаға келтіретін орасан залалына қарамастан, қолымыздағы қоқысты, тамақтың немесе кез келген бұйымның қалдықтарын кез келген жерге тастап жүре береміз.Елім, жерім деген әр азамат өз туған жерінің тағдырына, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауы тиіс. Бүгінгі игілігі мол істің нәтижсінде айналамыз тазарып, елдің табиғат аясында еркін тынығуына жағдай жасалатын болады. Ісімізге сәттілік тілеймін! – деді ауыл әкімі Марат Сайлауұлы.
Тазалық науқанынан ауыл тұрғындары да шет қалмады. Көше бойын тазалауға келген еңбек ұжымының мүшелерімен қоян-қолтық араласып, өз аулаларын, қора-қопсыларын ретке келтіріп, қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазартуға атсалысты.
Жиналған қоқыстар арнайы ұйымдастырылған техниканың көмегімен шығарылды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»