Qoǵam
Бұл – менің Бас қалам !
Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеп жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Сондықтан, оның ертеңіне бәріміз үлкен үмітпен қарап, бүкіл әлем қызыға көз тігуде. Қазірдің өзінде көптеген саяси және экономикалық маңызды оқиғалардың орталығына айналып отырған оның ертеңгі болашағының да зор болары күмәнсіз. Мемлекетіміздің жас елордасы, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес.
Өз басым Нұр-Сұлтан қаласына жылына бір мәрте баруға тырысамын. Онда барған сайын бас шаһардың бүгінгі күн санап биіктей түскен еңсесінен Тәуелсіздігіміздің тегеурінін, еліміздің елдік қасиетін, жасампаздықтың жаңғырығын тап басып танығандай боламын.
Соңғы рет былтыр күзде елордаға жұмыс орнымнан жолдамамен қысқа мерзімді біліктілік арттыру курсына бардым. Тұратын жерім шеткері жақта пәтерде болғандықтан, орталыққа қоғамдық көлікке мініп жетемін. Шаһарда жолаушыларды кілең шетелдің сыйымды, қос салонды автобустары тасымалдап жүр. Басқа қалалардағы секілді жапа-тармағай талас-тартысып, алысып-жұлқысып мініп жатқан жүргіншілер байқалмайды. Осыған қарап мен астаналықтарды байыпты, сабырлы адамдарға ұқсаттым. Сосын өзім секілді білім қуған жастарды көп кездестірдім.
Сабақтан қолым бір мезгіл босағанда, орталық көшелерді жаяу аралауды әдетке айналдырғам. Әр сапарлаған сәтімде қаланың халықаралық іскерлік және мәдени орталыққа айналып келе жатқанына куә болдым. Қалада әкімшілік, әлеуметтік-мәдени, білім-ғылым және іскерлік орталықтардың, тұрғын үй кешендерінің, алдыңғы қатарлы мемлекеттер астаналарының озық стандарттарына сай келетін елордалық инфрақұрылым нысандарының құрылысы жанданып, әлеуметтік маңызы басым басқа да объектілер бой түзеуде. Әкімшілік орталық аймағында ҚР Президентінің резиденциясы, ҚР Парламенті мен Үкіметінің, министрліктер ғимараттары орын теуіпті. Ал іскерлік орталығында кеңселер мен компаниялар, сауда орталықтары, мейманханалар, әлеуметтік-мәдени орталығында театрлар, саябақтар, мұражайлар, демалыс орындары, спорт залдары, ойын-сауық орталықтары бар.
Елдің мақтанышы саналатын көкке ұмтылған бірегей, зәулім ғимараттар жүрегімді тебірентіп, мерейімді тасытты. Елорданың заманауи келбетіне шетелдік қонақтар да таңданыспен қарайды. Алып мегаполис ТМД бойынша ең қолайлы, ғажайып қала ретінде танылды. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз.
Елорда – болашағы жарқын қала. Сондықтан да Қазақстанның жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін!
Бауыржан АБЫЛАЙХАН,
аудандық орталық емхананың логопед-дефектологы