Qoǵam

Өлі ырза болмай, тірі байымайды

Қасиетті қазақ жерінің кез келген өңірі киелі. Қай өңір болсын оның өзіндік тарихы, киелі жерлері болады. Қазақ елінің ең бір қасиетті жерлерінің бірі – Жуалы жері десек, артық айтқандық емес. Бір замандарда Асан қайғы бабамыз желмаямен келіп: «Қарың мол, топырағың май екен, қадіріңді егін салған жұрт білер» деп сөз арнаған қасиетті жеріміз бен даңқты елімізден көптеген танымал тарихи тұлғалар шыққан. Осындай тау тұлғалы азаматтарды тудырған топырақтың киелі болмауы әсте мүмкін емес.

Жуалы ауданының ең бір құйқалы бөлігі – Қошқарата өңірі. Қошқарата аймағы – әсем табиғатымен, жаугершілік заманда, кейінгі Кеңес Одағы тұсындағы тарихымен, түлеп ұшқан тұлғалы азаматтарымен алыс-жақынға танымал. Қошқарата ауылдық округіне қарасты Қызтоған ауылында бұрынғы кездерде тұрғындар саны көп, үлкен ауыл болатын. Кейінгі ұжымдастыру, одан кейінгі кезеңдерде ондағы тұрғындар округ орталығына көшірілді.
Ауылдың солтүстік-шығысында ата-бабаның ескі қонысы киелі Қарабастаудың басында менің бабаларым тұрған. Ондағы бастауды Қарабастау немесе жергілікті жұрт Әулиебастау деп те атайтын. Әулиебастаудың басында жер астынан қайнап шығып жатқан үлкен бұлақ, үлкен-үлкен ағаштар, 10 шақты түп қызыл долана ағашы болатын. Біздің бала кезімізде үлкен аталарымыз: «Қарабастау киелі. Айналасын ластамаңдар»,- деп айтып отыратын. Әлі есімде. Әулиебастаудың басына адамдар келіп тәу етіп түнейтін, тілек тілейтін. Шырақ жағып, дұға оқып, ағаш бұтақтарына орамал, шүберек байлайтын. Қазір Қарабастаудың басы қараусыз жатыр. Бұлақ көрсе, көзін ашатын халықтың өкілі екенімізді көрсетіп, бұлақ басын тазартып, қалпына келтіру – біздің қасиетті парызымыз. Тағы бір айта кетерлік маңызды жайт, Әулиебастау қалтарыста ойпаңдау жерде орналасқандықтан ары-бері өткен кісілер бұл жерді біле бермейді. Сол себептен бастауды нұсқап тұратын белгі орнату керек.
Бастаудың шығыс жағында ескі мешіт болатын. Шамамен осыдан 180-190 жыл бұрын жергілікті тұрғындар салдырған қасиетті мешіт қазір қараусыз қалды. Басында адам тұрып, күтім жасалмағандықтан мешіт қазір құлауға шақ тұр. Мешіттің айналасында өрік, алма ағаштары көп болатын. Сол тұста жұртшылық Әулиебастаудан арық қаздырып, мешіттегі бауды суғару үшін ағын су апарған. Мешіт аумағында біздің ата-баларымыз бен апа-әжелеріміздің мазараты орын тепкен. Бейіттің айналасы осыдан біраз жыл бұрын ағайындардың күшімен қоршалды. Қазір де мұнда келген ағайындар ата-бабаларын, бауырларын еске алып Құран оқытады.
Қошқарата өңірінде бұдан басқа да киелі орындар жеткілікті. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, аты аталған қасиетті Қарабастау мен ескі мешітті жөндеудің уақыты әбден жеткен сияқты. Сол себептен де Қызтоғанда өсіп-өнген ағайындарды осынау сауапты іске атсалысуға шақырамын.
Сарымсақ АТАНБАЕВ,
Қызтоған ауылының
байырғы тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close