Qoǵam
Істерді оңайлатылған тәртіпте қараудың тәртібі
Қазақстан Республикасының сот жүйесі, оның ішінде, сот істерін қарау біріздендірілген. Осыған дейін қолданып келген, бірақ, тиімсіз нормалар қолданыстан шығып, орнына қажетті, көптеген тәжірибемен қалыптасқан нормалар өмірге келді. Соның бірі – 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі – АПК) оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде азаматтық істерді қарау.
Негізгі мақсат – оңайлатылған іс жүргізу арқылы сот тараптарды шақырмай және сот отырысын жүргізбей, тараптардың ұсынған құжаттарын зерделеу негізінде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде сот шешімін қабылдау. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінің ерекшелігіне сай, егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін – екі мың айлық есептік көрсеткіштен, дара кәсіпкерлер, азаматтар үшін бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақшаны өндіріп алу туралы талап қоюлар, сондай-ақ, талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін немесе шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қоюлар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
Талапқа сай алиментті өндіріп алу туралы дауларды қоспағанда, балалардың құқықтарын қозғайтын даулар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтынын ескерген жөн. Жоғарыда көрсетілген мән-жайлер негізінде судья істі оңайлатылған тәртіпте қарау туралы шешім қабылдайды. Ол туралы талап қоюды сот өндірісіне алу туралы ұйғарымда көрсетеді. Мұндағы басты ерекшелік осындай тәртіпте қаралатын істер электронды нысанда жүргізіледі. Егер тараптар істі қағаз нысанда қарауды өтінсе, онда сот істі қарауда электронды нысаннан қағаз нысанға көшеді.
Сот тараптарды істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қарау туралы ол қабылданған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей хабарландыруды қамтамасыз ететін кез келген құрал арқылы (тұрғылықты мекенжай, сот кабинеті, электрондық пошта, ұялы байланыс операторы, тараптарды хабардар етеді. Хабарламада сот тараптардың татуластыру рәсімдері шеңберінде дауды реттеу құқығы туралы, сондай-ақ, осы кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес, дәлелдемелерді өзара ашу және ұсыну құқығы туралы көрсетеді.
Жауапкер сотпен белгіленген мерзім ішінде өзінің талап қоюды мойындау немесе қарсылық келтіруге құқылы. Егер талапқа қарсы болса онда оны негіздейтін дәлелдемелерін сотқа ұсынуға міндетті. Талап арызға қарсы пікірді сотқа ұсынбау іс бойынша шешім қабылдауға кедергі келтірмейді. Егер, тарап бұл туралы өтінішхат берсе, үшінші тұлғаның іске кіруі туралы өтініш хаты қанағаттандырылса, қарсы талап қою қабылданса, осы іс бойынша қабылданған сот актісімен басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы мүмкін болса, дәлелдемелерді олардың тұрған жерінде қарап тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау немесе куәнің айғақтарын тыңдау қажет болса, қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет болса, істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қарауға көшеді.
Судья істерді арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде тараптарды сот отырысына шақырмай, тараптардың ұсынған құжаттары мен дәлелдемелері негізінде шешім қабылдайды. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша сот кіріспе және қарар бөліктерден тұратын қысқаша шешім шығарады. Егер тараптар сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін жазбаша өтінішхат келтірсе, онда сот кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді дайындайды. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған істер бойынша тараптардың өкілге (адвокат, заң консультанты) кеткен шығындары тарапқа көрсетілген кеңес беру, сотқа дейінгі дауды шешу және арызды сотқа дайындау шығыстары шегінде өндірілуі мүмкін.
Жауапкер талап қою арызының келіп түскені және оның оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатыны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған және пікірге, сондай-ақ, шешімнің мазмұнына әсер ете алатын дәлелдемелерді ұсына алмаған жағдайда, сот шешімінің көшірмесін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы. Егер арыз қанағаттандырылса, онда сот шешімнің күшін жойып, істі жалпы тәртіпте қарау туралы шешім қабылдайды. Аталған тәртіпте іс қарау кезінде тараптар татуласу рәсімінің кез келген түрін қолдану арқылы, істі бітіммен аяқтауға құқылы екенін ескерген жөн!
Бабырхан Абуев,
Жуалы аудандық
сотының төрағасы