Qoǵam

Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі

Тігіншілік – өміршең кәсіп. Яғни, әлем экономикасының алдыңғы үлесі мен салмағы жоғары кәсіп.
Көктөбе ауылында еңбегімен аудан орталығы мен ауылдық округтерге, тіпті басқа қалалардағы тұрғындарға да сапалы қызмет көрсетіп, елдің ықыласына бөленіп жүрген Рахима есімді тігінші бар. Рахима Изимбетованың сапалы әрі бағасы да қолжетімді қызметіне тұтынушылары дән риза.

Рахима Бақытқызы Өзбекстан Республикасы Хорезм облысы Үргеніш қаласында өмірге келген. Қазақстанға отбасымен 2004 жылы көшіп келіпті.
Кейіпкеріміздің нағашы атасы етікші болған. Ал киім тігумен апасы да, анасы да айналысқан екен. Рахима апай тігін тігу ісіне бала кезден қызығады. Мектепте оқып жүргенде-ақ құрбыларына түрлі кофталар тігіп беріп жүрген.
-Біздің бала кезіміз киімнің тапшы кезі. Сондықтан бүкіл ауыл тұрғындары киімді тігіп киетінбіз. Тігіншілік кәсіп бұрын да, қазір де сұранысқа ие.
Тігін өнеріне қызыққандықтан мектеп бітірген соң кәсіптік колледжде тігіншілікті оқыдым. Кейін педагогикалық колледжде білім алып, мектепте он жылдай еңбек пәнінен сабақа бердім. Оқушы қыздарға тігін тігудің қыр-сырын үйреттім.
Көктөбе ауылына көшіп келген соң жолдасым Шахназар үйдің жанынан осы шағын тігін цехын соғып, өзі ішін әрлеп, электр жүйесін жүргізіп, жиһаздарды жасап берді. Тігін машиналарым бұзылып қалса жөндейтін де жолдасым. Осылайша жолдасымның қолдауымен кәсібімді қолға алдым.
Әзірге екі көмекшім бар. Тігін цехында барлық үлгідегі киімдер тігіледі. Қыз-келіншектерден тойға арналған киімдерге көп тапсырыс түседі. Одан кейін мектеп бітіруші түлектер сынып болып бір үлгіде киінуге, басқа да түрлі мақсаттағы киімдерге тапсырыстар келеді. Одан бөлек киімді қысқартуға келетіндер де көп.
Қазір алты тігін машинам бар. Олар қалың, жұқа мата тігуге, матаның шетін тігуге арналған машиналар.
Енді “Ауыл аманаты” бағдарламасының бесінші кәсіпкерлік бағытымен несие алып кәсібімізді кеңейтсек деген жоспарымыз бар. Егер 2,5 пайыздық несиеге қолым жетсе, көрпе тігуге арналған екі машина мен тігін тігуге арналған заманауи үлгідегі машина алуды жоспарлап отырмын. Себебі, көрпеге, қыз жасауына сұраныстар болып тұрады.
Жақында Мансап орталығы арқылы ауылдардағы жұмыссыз әйелдерге тігіншілікті үйретуге арналған үш айлық курс өткіземін. Одан кейін 10 әйелді жұмыспен қамтитын боламын. Сол кезде қыз жасауын да қолға аламыз.
Менің білгенімнен білмегенім көп. Тігіншілік деген үнемі ізденісті талап ететін кәсіп. Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі.
Заман талабына сай күнделікті киімнің жаңа модельдері шығуда. Тұтынушылар тапсырыс беруге келгенде интернеттен өздеріне ұнаған модельдерінің суретін үлгі ретінде алып келеді. Мен тұтынушының көңілінен шығатындай етіп тігуге барымды саламын. Әрі әрбір жаңа модельді тіккен сайын қызығушылығым арта түседі. Жаңашылдық, жаңадан жасаған дүние кісіге шабыт береді. Мен үшін бірінші кезекте ақша емес, тұтынушының көңілі, ризашылығы,- дейді тігінші Рахима апай.
Рахима Бақытқызы жолдасы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Жолдасы Шахназар вахталық әдіспен жұмыс істейді.
Үлкен қызы Гүлбану Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін ағылшын тілі мамандығы бойынша тамамдауда. Екінші қызы Перизат Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінде биология мамандығы бойынша 1 курсты бітірді.
Ұлы Алғабек ауылда дәнекерлеуші болып жұмыс істесе, кіші ұлы Бауыржан 9 сынып оқушысы.
-Қыздар үйде болғанда жанымда жүріп көмектеседі. Әсіресе, Перизатым қатты қызығады. Жалпы тігіншілік әрбір қыз балаға керек өнер. Тігіншілікті кәсіпке айналдырмаса да, үйінің қажетін өзі тігіп отырса, оның өзі отбасына үлкен көмек.
Қыздарыммен сырласамын. Оларды ұқыпты, таза, қарапайым, салмақты болуға үйретемін.
Тігіншілік шыдамдылықты, сабырлылықты, еңбекқорлықты талап ететін мамандық. Кейде тапжылмай отырып күнімен, түнімен жұмыс істеуге де тура келеді,- дейді Рахима Бақытқызы.
Жалпы қай істі болсын оның қыр-сырына барынша қаныққан шебердің істегені дұрыс. Қазақ мұндайда “Шымшық сойса да, қасапшы сойсын” деген. Сонда ғана сапалы дүние шығады. Әр салада өз ісінің шеберлері қызмет етсе, мемлекет те қарқынды дамиды.
Рахима Бақытқызының ісіне береке мен шабыт тілейміз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close