Qoǵam

“Сақтандырылған азаматтар үшін медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді”

Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін түсіндіру бойынша құрылған жұмысшы топтың қатысуымен жиын өтті. Оған аудандық штабтың мүшелері, аурухана қызметкерлері, білім мекемелерінің есепшілері, жеке кәсіпкерлер, ауылдық округ әкімдері, басқа да тиісті мекеме басшылары қатысты.

Аудандық ауруханадағы мәселеге қатысты жұмыс барысымен бас дәрігердің орынбасары Нұрбай Ергебековтың баяндамасы тыңдалды.
-Жуалы ауданында тұрғылықты тұратын тұрғындар саны аудандық статистика басқармасының мәліметі бойынша – 53 500. Аудандық орталық аурухананың халықты тіркеу порталында тіркелген тұрғындар саны – 45 500. Оның ішінде, 8065 адам медициналық сақтандыру мәртебесін алмаған. Яғни, сақтандырылған тұрғындар 82 пайызды, сақтандырылмаған тұрғындар 18 пайызды құрап отыр.
Медициналық мәртебесі анықталмаған тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы 1326 адам сақтандыру мәртебесін алды.
“Отбасының цифрлық картасы” ақпараттық жүйесі бойынша “А жақсы” деңгейде 497 азамат, “В қанағаттанарлық” деңгейде – 1979, “С төмен” деңгейде – 2807, “Д дағдарыс” деңгейінде – 2180 азамат, “Е мүшкіл” деңгейде – 602 тұрғын медициналық сақтандыру мәртебесін алмаған. Динамикада 5090 адам өзектендірілді. Ол 63,36 пайызды құрайды,- деген Нұрбай Әбілқасымұлы тұрғындармен түсіндіру мақсатында жүргізілген жұмыс барысына тоқталды.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова жұмысшы топтың тұрғындармен түсіндіру жұмысы барысында тұрғындар тарапынан айтылған уәждерді атап өтті.
-Тұрғындар айтқан уәждің бірі – оларға дұрыс ақпараттың жетпеуі. Себебі, кейбір адамдар “Жылына төлейтініміз 51 мың теңге ғана ма? Біз оны білмедік” деп жатады. Екінші – көптеген адамдар “Жарнаны төлейтін қаржы жоқ. Ол маған керек емес, өйткені, мен ауруханаға бармаймын” деген түсінікте.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар айына 4250 теңге, яғни жылына 51 мың теңге төлейді. Есесіне, сақтандырылған азамат еліміздің қай түкпірінде жүрсе де жинаған қаражатының көлеміне қарамастан кез келген медициналық көмекті тегін ала алады. Адам болған соң, ауырады. Аяқ астынан қиын жағдайға душар болуы мүмкін. Қысқасы, сақтандырылған азамат диагностикалық тексерулерден бастап миллиондаған қаржы тұратын отаға дейін тегін көмек алуға мүмкіндігі бар. Осыны тұрғындарға дұрыс түсіндіру керек.
Өзекті мәселелердің бірі – кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істейтін жалдамалы жұмысшылар. Кәсіпкер өзінде жұмыс жасайтын азаматқа жарна төлеуі керек.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылған азаматтарға алдын ала тексерулерден бастап квотамен емделу, тіпті ағзасын ауыстыруға дейінгі көмектерді тегін ала алады,- деді Жанар Мықтыбекқызы.
Жиын барысында білім мекемелерінің есепшілеріне педагогтердің екі айлық еңбек демалысында МӘМС жарнасын екі айға бөліп төлеу қажеттігі айтылды.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” Жамбыл облыстық филиалының басшысы Ғайни Аймағанбетова ортақ жауапкершілік қағидатын ұстанатын жүйенің ерекшеліктеріне тоқталды.
Мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие санат қатарына кімдер кіретініне, олар қандай жағдайда кірмей қалатынына, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар төлемді қалай жасайтыны, жалпы облыстағы жүйеге қатысты жағдай туралы айтты.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қалия Сметова жүйедегі жұмысты жүйелеуде ауылдық округ әкімдері, жергілікті жердегі мекеме басшыларының көмегі зор екенін жеткізді. Сонымен бірге “Отбасының цифрлық картасы” жүйесіндегі “Е” санатына жататын азаматтарды субсидияланатын жұмыс орындарына тарту керектігіне тоқталды.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы аудандық штабтың жұмысы туралы айта келіп, жиынды қорытындылады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close