Qoǵam
Жайылым жерлердің тиімділігін арттыру жолында
Аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы
Қадірхан Жарасұлымен сұхбат
– Қадірхан Жарасұлы, жайылым жерлердің жетіспеушілігі бүгінгі таңда ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті проблемалардың біріне айналып отыр. Бұл мәселені шешуде атқарушы органдар тарапынан нендей шаралар атқарылуда?
– Сұрағыңыз өте орынды. 2020 жылы Жуалы ауданында 2020-2021 жылдарға арналған Жайылым жоспары әзірленіп, аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында бекітілді. Жайылым жоспары жер пайдаланушылар мен меншік иелері үшін табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану, жайылымның тозуын болдырмау, жақсарту сияқты коптеген өзекті мәселелерді қамтиды. Аталған жоспардың жасалуына бірден бір негізгі себеп ауданда соңғы жылдары мал басының артуына байланысты жайылым жерлердің жетпіспеушілігі болып отыр.
– Ауданда жетіспейтін жайылым жерлердің көлемі анықталған ба? Ол қандай нормаларға сүйеніп шығарылады?
– ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3-332 «Жайылымдарды жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес аудандағы жайылым көлемін мал басына шаққанда Б.Момышұлы ауылы және 13 ауылдық округ бойынша жалпы көлемі 108 825 гектар жайылым жер телімі қажет етіледі. Атап айтқанда, Ақсай ауылдық округінде 1 271 га, Ақтөбе ауылдық округінде 12 068 га, Жетітөбе ауылдық округінде 20 147 га, Боралдай ауылдық округінде 8 099 га, Күреңбел ауылдық округінде 6 390 га, Көкбастау ауылдық округінде 1 852 га, Қарасаз ауылдық округінде 9 063 га, Қошқарата ауылдық округінде 4 246 га, Қызыларық ауылдық округінде 5 850 га, Мыңбұлақ ауылдық округінде 1 851 га, Нұрлыкент ауылдық округінде 14554 га., Шақпақ ауылдық округінде 18 833 га, Бауыржан Момышұлы ауылында 4 601 га жайылым жер телімдері жетіспейді.
Ауданда жайылым жерлердің жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында бірнеше жылдан бері пайдаланылмай жатқан жерлердің көлемі анықталып, мемлекеттік жер қорына қайтару шаралары жүргізілуде. Мәселен, 2019 жылы өңірде 5822,2 га болатын сегіз жер телімі, соның ішінде егістігі 75 га, жайылымдығы 5747,2 га мемлекеттік жер қорына қайтарылса, өткен жылы нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 5 206,95 га болатын 19 жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды, соның ішінде егістігі 1010,27 га, жайылымы 4196,68 га.
Бұл жұмыс биыл да жалғасын табуда. Нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 952 га болатын бес жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Оның ішінде егістігі 50 га., жайылымы 902 га.
Елді мекеннен 5-7 шақырымдық радиуста орналасқан жайылым жерлерді қайтару бағытында да мақсатты жұмыстар ұйымдастырылуда. Облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес ауылдық округтердің теңгерімінде бұрын беріліп кеткен жайылым жерлерді ауылдық округтерге қайтару бағытында жүргізілген мақсатты жұмыстардың нәтижесінде жалпы көлемі 120,2 га құрайтын 13 жер пайдаланушы анықталған.
Бүгінгі күнге 99,5 га болатын 9 жер пайдаланушының жер телімін пайдалану мерзімдері аяқталған. Мерзімі аяқталған жер телімдерінің мерзімін ұзартпау туралы ауылдық округтер әкімдеріне ескертілді.
– Аудан әкімінің қаулысымен құрылған жұмыс тобының бар екенінен хабардармыз. Ол немен айналысуда?
– Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің пайдаланылуын зерделеу мақсатында аудан әкімдігінің қаулысымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Осыған байланысты ауылдық округтерден мәліметтер жинақталды.
Зерделеу кезінде елдімекеннен радиусы 5-7 шақырым аумағындағы аудан бойынша 181 жер пайдаланушының 17164,85 га жайылымдық жер телімдері тіркелгендігі анықталды. Аталған шаруа қожалықтарда мүйізді ірі қара 12394 бас, қой-ешкі 27450 бас және 1595 бас жылқы тіркелген.
Берілген мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күнге аудан аумағында мал басы бар 6 217 аула анықталған. Аталған аулаларда 37 319 сиыр, соның ішінде 16965 сауынды сиыр, 147 032 қой-ешкі, 9 557 жылқы тіркелген. Олардың 880-де 43 564 га болатын жайылым жер телімдері тіркелген. Сондай-ақ, аталған елді мекендерде 17 181 мүйізді ірі-қара, 94 856 қой-ешкі, 4 931 жылқы малдары елдімекеннен шалғайға шығарылған.
Сондай-ақ бес ауылдық округте 45 шаруа қожалығымен малдарды шалғай жайылымдарға жаю туралы меморандум жасалған.
Жалпы округтер бойынша бүгінгі күнге 51 жер телімі жалпы жер көлемі 8 370 гектар болатын жайылым жерлердің игерілмегені анықталып отыр. Сондай-ақ, биыл Жуалы ауданын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған іс-шарасы бекітіліп, аталған іс-шараға сәйкес, мемлекеттік жер қорындағы жайылым жерлерді жылына 300 гектардан ауылдық округтердің меншігіне халықтың ортақ пайдаланымына бекітіп беру тапсырмасы жүктеліп отыр. Осыған байланысты ауылдық округ әкімдеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күнге ауылдық округтер жайылым жер телімдерін елдімекенге маусымдық жайылымдық ретінде беру туралы өтініштерін жер комиссиясына қарауға жолдауда.
Бүгінгі күні Ақтөбе, Боралдай, Мыңбұлақ, Жетітөбе және Қошқарата ауылдық округтері әкімдіктерінің өтініштері аудандық жер комиссиясы отырысында қаралып, аудандық жер қорындағы жайылым жерлер округтерге маусымдық жайылымдыққа бекітіп беруге жерге орналастыру жобасын дайындауға жер комиссиясы тарапынан бірауыздан мақұлданып берілді. Жерге орналастыру жобасы әзірленіп бөлім бұйрығымен бекітілген соң қаулы жобасы әзірленіп, аудан әкімдігіне ұсынылатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»