Qoǵam
Балаларға қуаныш сыйлады
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен 1 тамыздан бастап елімізде жүріп жатқан «Мектепке жол» акциясы аясында жаңа оқу жылы қарсаңында аудандық мәслихат депутаттары партиялық фракциясы мүшелерінің және аудандық іскер әйелдер кеңесінің демеушілігімен қайырымдылық шара өткізілді. Қайырымдылық іс-шарасы барысында аудан мектептерінің 20 көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары мектеп формасымен қамтылды.
Кездесуді ашып жүргізіп отырған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова шараға қатысып отырған ата-аналар мен оқушыларды келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, игі тілегін жеткізді:
– Құрметті ата-аналар, оқушылар! Бүгін біздің жиналғандағы мақсатымыз – еліміздегі көшбасшы партиямыздың белді, белсенді мүшелері, депутаттық фракциясының мүшелері, аға-әпкелеріміз демеушілік танытып, балаларға қуаныш сыйлаймыз деп ниет білдіріп отыр. «Мектепке жол» акциясы аясында бүгінде барлық еңбек ұжымдары, кәсіпкерлік, орта және шағын бизнес саласында еңбек етіп жүрген азаматтарымыз да бұл акцияға қатысып, жомарттық танытып, жүректерінің жылуымен, ізгі ниеттерімен игі істер, қайырымдылық шараларға қатысып, көмек қолын созуда.
«Nur Otan» партиясы үнемі ана мен балаға қамқорлық танытып, қолдау көрсетуде,- дей келе, Анар Садыққызы сөзді халық қалаулыларына, келген қонақтарға берді.
-Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін, ата-бабаларымыз аңсап қол жеткізген тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, ел болып өскелең ұрпаққа тура жол сілтеп, дұрыс тәлім-тәрбие бергеніміз абзал. Еліміздің ертеңі, келешегі осы балаларымыздың қолында. Сондықтан балаларымыз білімді, сауатты болып өсуі үшін біз-үлкендер аянбай еңбек етіп, оларға қамқорлық танытуымыз керек. Осы мақсатта қолынан іс келетін, дәулетті азаматтар мұқтаждарға көмек беріп отыруымыз қажет,- деген, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев жиналғандарға жылы лебіздерін білдіріп, бірнеше балаға мектеп формасын берді.
Сондай-ақ, халық қалаулылары, Түктібай ауылындағы «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының, «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлова, аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлмира Дембаева және ата-аналар атынан Қарасаз ауылының тұрғыны Күлзейнеп Омарова жылы тілектерін айтып, жиналғандарға жақсылық тілеп, келе жатқан оқу жылымен құттықтады.
Кездесуге келген 20 баланың формасы ауданымыздың белді кәсіпкері Гүлмира Әсемованың «Алтынай» сән-ательесінде тігілгенін айта кету керек.
Сондай-ақ, екі балаға «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Нарбай Ергебековтың демеушілігімен мектеп киімдері табысталды.
Гүлмира маханбетқызы,
«Жаңа өмір»