Qoǵam
«PFIZER» вакцинасы– балаларды аурудан сақтаудың жалғыз жолы
Коронавирус инфекциясына қарсы қайта вакцинациялау (ревакцинация) және балаларды вакциналауды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Б.Момышұлы ауылындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның мәжіліс залында жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиолог дәрігері Гүлфайра Мырзабекова, Жамбыл облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Нұргүл Сапарбаева және аудан мектептерінің директорлары, ата-аналар, қамқоршылық кеңесінің төрайымдары мен төрағалары қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен аудандағы эпидахуалға тоқталып, бүгінгі тақырып балаларға арналған вакцина турасында болатынын айтты. Одан бөлек, Америка Құрама Штаттарында сыналып, тексеруден өткен, әлем мойындаған «pfizer» вакцинасы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Алдымен сөз кезегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиолог дәрігері Гүлфайра Мырзабековаға берілді.
-Біз пандемияны түбегейлі жойғымыз келсе, коронавирусқа қарсы екпе ектіру жұмыстарына атүсті қарамауымыз керек. Қазіргі таңда «pfizer» вакцинасы балалар мен жүкті әйелдерге салынатын болады. Алдымен мектептегі 16-17 жастағы оқушыларға салынып, әрі қарай төмен жастағыларға салына бастайды. Балаларыңыздың болашағын ойласаңыздар, екпені міндетті түрде қабылдауларыңыз керек. «Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман» демекші, екпе туралы өсек әңгімелер мен әлеуметтік желіде таралған жалған ақпараттар, бейнекөріністерге ермеулеріңізді сұраймыз, – деген Гүлфайра Құралбекқызы, алдағы уақытта осы екпе туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін мобильді топтар құрылатынын жеткізді.
-Одан әрі сұрақ-жауап кезеңіне кезек беріліп ата-аналар тарапынан «Вакцина салдырмаған оқушыларға мектепке келуіне тыйым салына ма?», «Вакцина түрлі ауруларға ауруына шалдықтыруы мүмкін бе?», «Қандай балаларға вакцина салынбайды?» деген секілді сұрақтар қойылды. Бұл сұрақтардың барлығына облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиолог дәрігері Г.Мырзабекова рет-ретімен жауап берді.
Сонымен қатар, жиында №28 Амангелді атындағы орта мектептің директоры Айгүл Имашева сөз алып, коронавирус індетімен ауырып, бірақ ақ халатты абзал жандардың арқасында жазылып шыққанын айтты. Одан бөлек, №20 Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Индира Қазақбаева Америкада тұратын туысының балалары «pfizer» вакцинасын салдырғанын және одан оң нәтиже көрсеткенін жеткізді. Сондай-ақ, осыдан кейін балаларына еш қорықпастан екпе салдыратынын айтты.
Жиын барысында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Искаков, аудандық орталық аурухананың хирург дәрігері Қалды Байрамов және Жамбыл облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Нұргүл Сапарбаева сөз сөйлеп, ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмаудың жолын іздеп, бірауыздан екпе салдыру керектігін және балалардың денсаулығына немқұрайды қарамау керектігін айтып, жиынды қорытындылады.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»