Qoǵam
Солтүстік өңірге қоныс аударсаңыз…
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» (бұдан әрі – Бағдарлама) үшінші бағыты шеңберінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру міндетін іске асыру көзделген.
Бағдарламаға қатысушыларды ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуы бойынша мемлекеттік қолдау:
1) көшуге материалдық көмек беруді;
2) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуді;
3) қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде салынған (сатып алынған) жатақханалардан бөлмелер беруді;
4) қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беруді;
5) қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберуді;
6) жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.
Бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне бір рет 35 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі.
Көшуге материалдық көмек Бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне олар жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі.
Бағдарламаға қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларына он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге мынадай мөлшерлерде материалдық көмек беріледі:
1) қалалық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
– бір адам үшін – 20 АЕК мөлшерінде;
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 25 АЕК мөлшерінде;
– отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде – 30 АЕК мөлшерінде төленеді;
2) ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
– бір адам үшін – 15 АЕК мөлшерінде;
– отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 18 АЕК мөлшерінде;
– отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде – 21 АЕК мөлшерінде төленеді.
Ерікті түрде қоныс аударуға қатысушының келісімімен олардың жеке меншігіне тұрғын үй сатып алу үшін аудандық/қалалық комиссия ұсынымдарының негізінде отбасына бір жылға есептелген сома шегінде субсидия сомасын бір рет төлеуге жол беріледі.
Отбасына жылына тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге есептелген сома шегінде меншікке тұрғын үйді сатып алу үшін біржолғы төлем алдын ала сату-сатып алу шарты болған кезде жүзеге асырылады.
Егер қабылдау өңірлерінде сатып алынатын тұрғын үйдің құны:
1) біржолғы төлем мөлшерінен төмен болса, сомалар айырмасы Бағдарламаға қатысушыда қалады;
2) біржолғы төлемнің мөлшерінен жоғары болса, құнының айырмасын Бағдарламаға қатысушы өзінің ақшалай қаражаты есебінен өтейді.
Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс беруші кемінде бес Бағдарламаға қатысушыны жұмысқа орналастыратын болса, оған кемінде үш жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына қабылданған әрбір жұмыскер үшін 450 АЕК мөлшерінде субсидия беріледі.
Халықты жұмыспен қамту орталығы, қатысушы және жұмыс беруші арасында үшжақты әлеуметтік келісімшарт жасалады, онда жұмыс берушінің жұмыскердің көшуі бойынша шығыстарды өтеуі, жаңа тұрғылықты жерде орнығуына жәрдемақы беруі, жұмыскерге қызметтік тұрғын үй немесе тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарын өтеуі, жұмыскердің тұрғын үй сатып алуға шығыстарын ішінара өтеуі, жұмыскердің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметіне ақы төлеу шығыстарын толықтай немесе ішінара өтеуі бойынша міндеттемесі көзделеді.
Жұмыс берушілер қоныс аударушылар мен оралмандарға қолдау көрсетудің қосымша шараларын белгілей алады, олар әлеуметтік келісімшартта көрсетіледі.
Әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.
Жұмыс берушіге субсидия берілген кезде, Бағдарламаға қатысушыға көшуге және тұрғын үй жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды өтеуге субсидиялар төленбейді.
Ағымдағы жылдың 31 қаңтарында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау, Есіл аудандарынан ауылдық округ әкімдері және «Лобаново» ЖШС-нің басқару директоры жұмыс сапарымен келіп, Жетітөбе, Күреңбел ауылдық округтерінде халықпен жиындар өткізді. Өңірлеріндегі бос жұмыс орындары және бос тұрған тұрғын үйлер жөнінде ауыл тұрғындарына ақпарат берді. Бос тұрған үйлердің сатылатын құны арзан (300 мың теңгеден басталады, қымбат сатылатын үйдің бағасы 1,5 млн теңгеден аспайды). Ұсынылған бос жұмыс орындарының ішінде білім, медицина, ауыл шаруашылық мамандықтарына көптеген сұраныстар жөнінде мәліметтермен азаматтарды таныстырды. Дәрігерлік саласындағы қызметкерлерге кейбір өңірлерінде 1,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар берілуі қарастырылғанын түсіндірді. Ғ.Мүсірепов ауданында қоныс аударушыларға арналған жаңа тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 11 ақпанында Б.Момышұлы ауылында және Ақсай ауылдық округінде Павлодар облысы Май ауданының, Екібастұз қаласының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы М.Есембаеваның жетекшілігімен халықпен кездесулер өткізіліп, Павлодар облысында қоныс аударушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат беріліп, бос жұмыс орындары мен баспана алу мүмкіндіктері жөнінде мәліметтері ұсынылды. Бос жұмыс орындары ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, медицина, білім және басқа салаларындағы бірқатар мамандықтар туралы нақты мәліметтермен таныстырды.
12 ақпанда Шақпақ және Көкбастау ауылдық округтерінде жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысы Жарма, Күршім аудандарынан; Қостанай облысы Лисаков және Жетіқара қалаларынан; Павлодар облысы Железин ауданы мен Ақсу қаласынан келген жергілікті атқарушы органдардың өкілдері халықпен жиындар өткізіп, жоғарыда аталған тақырып бойынша ақпараттарын ұсынды.
27 мамырда Тараз қаласы «Жастар сарайында» аталған өңірлерден жұмыс сапарымен келген делегацияларының қатысуымен «Өңіраралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» өткізіліп, бұл іс-шараға ауданымыздан 20 азамат қатысты.
Ауыл тұрғындарына әр ауылдық округ әкімі аппараттарында аталған өңірлердегі бос жұмыс орындар жөнінде мәліметтермен танысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, вакансиялар жөнінде мәліметтерді enbek.kz порталындағы «Еңбек биржасы» интернет-ресурсында көруге болады.
2018 жылы Бағдарламаға қатысушыларды жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға ерікті түрде көшіру, қоныстандыру және келу өңірлерінде жұмыспен қамту бойынша тиісті ұйымдастырушылық іс-шаралар қабылданып, ауданымыздан 20 отбасы (құрамында жалпы 65 адамы бар) ерікті түрде қоныс аударды: Солтүстік Қазақстан (11 отбасы – 36 адам), Павлодар (4 отбасы – 19 адам), Шығыс Қазақстан (4 отбасы – 7 адам) Қостанай облыстарына – (1 отбасы – 3 адам).
Ауылдық округтер кесіндісінде қоныс аударған отбасылар туралы мәліметтер: Б.Момышұлы- Солтүстік Қазақстан облысы – 7 (29 адам), Ақтөбе а/о – 2 адам, Нұрлыкент а/о – 1 отбасы (4 адам); Мыңбұлақ а/о-1 адам; Қостанай – Б.Момышұлы – 1 отбасы (3 адам); Шығыс Қазақстан облысы – Б.Момышұлы – 1 адам; Мыңбұлақ а/о – 1 отбасы (4 адам), Боралдай а/о -1 адам; Көкбастау а/о -1 адам; Павлодар облысы – Ақтөбе а/о – 3 отбасы (14 адам); Қарасаз а/о – 1 отбасы (5 адам). Аталған азаматтар келу өңірлерінде тұрақты жұмыспен және баспанамен қамтылды.
Биылғы жылы ауданымыздан жалпы 5 отбасы аталған өңірлерге қоныс аударып, оларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Құрметті аудан тұрғындары Бағдарламаның осы бағытына белсенді қатысуға шақырамыз. Толық ақпарат алу үшін Жуалы ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына келіңіздер (мекенжайымыз: Б.Момышұлы ауылы, Жібек жолы көшесі №21, тел.:5-07-87).
Айбек Жанұзақов,
аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы