Qoǵam

Мәселе заңда емес, санада!

Аудан әкімдігінің қаулысымен 1 наурыздан бастап 1 мамыр аралығы көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту екі айлығы болып жарияланды.
Қаулының негізінде атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітілген. Яғни, талдарды күтіп-баптау, гүлзарлар, көгалдар орналастыру, арық-атыздар мен көшелерді тазалу, алаң, аула аумақтарын тазарту, саябақтар мен скверлерді тазалау және көріктендіру. Сонымен бірге көшелерді жарықтандыру, жарнамалар, ағаш қоршау, қақпаларды орналастыру, жаңарту жұмыстары да жоспарланған.
Аудан әкімінің бастамасымен аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына 50, Ақсай мен Мыңбұлақ ауылдық округіне 30-30-дан 60, барлығы 110 қоқыс жәшігін орналастыру жоспарланған. Ондағы мақсат – ауыл ішін, көшелерін орынсыз тасталған қоқыстардан тазарту, халықты тазалыққа, тәрітіпке, мәдениеттілікке шақыру.

Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар көрініс табуы қажет.
Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласында ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» дейді.
Иә, жер жәннатын іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарды керемет табиғатымызды танып, оны қадірлеуге баулуымыз керек.
Көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы аясындағы мәселелер туралы аудан әкімінің бас инспекторы Бақытгүл Жексекеевамен сұхбаттасқан едік.

-Бақытгүл Хасенқызы, көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы – маңызды науқанның бірі. Себебі, тазалық – ауданның көркі ғана емес, саулық негізі. Тазалық – мәдениет, жауапкершілік, ұқыптылық, Отанды сүю, елге, жерге деген жанашырлық сезіммен сақаталады. Яғни, Мемлекет басшысы айтқандай, тазалықты сақтау мәселесі заңда, айыппұлда емес, санада. Бұл науқанның сапалы орындалуы адам бойындағы биік қасиеттерге байланысты емес пе?
-Дұрыс айтасыз. Туған жер, Жер Ана – туған анамыздай. Туған жерде өмірге келіп, жерден нәр алып, өстік. Жер-Ана бізге бар байлығын бергенде біз неге жәй ғана мәпелей алмаймыз. Жақсы өмір сүргіміз келсе, бірінші ниетімізді, сөзімізді, өзімізді түзеуіміз керек. Ал, біз бәріне немқұрайдылықпен қараймыз. Мәселен, ағаш ексек, жоспарды орындау үшін ғана егеміз. Оған әрі қарай өнуіне күш салмаймыз. Өсіп тұрған ағашты сындырамыз. Табиғат аясына демалуға барсақ, өртеп, ластап кетеміз. Қолдап қараусыз қалғандай аянышты халге түсіріп кетеміз.
Жақында «Көктем-2022» оқу-жаттығу өтті. Ондағы мақсат – ауыл ішіндегі, ауыл сыртындағы арық-атыздары, көпірлерді тазалау, селдің алдын алу. Аталған мәселелерге қатысты аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ауылдық округ әкімдеріне, тиісті бөлім, мекеме басшыларына тапсырма берді.
Көктемгі көріктендіру екі айлығы осындай жұмыстардан басталуы керек. Арық-атыздар тазаланбаса, таудағы қар еріп, көктемгі жауын-шашыннан су арықтарға сыймай, егер арық-атыздар, көпірлер тазаланбаса, сел жүріп, су ауылдарға келуі мүмкін. Тұрғындарды әбігерге салмау үшін жауапты мамандар бар, ауыл азаматтары болып бірлесіп, арық-атыздарды тазалау керек, қай жерде арық жоқ, қазу керек.
Екі айлық аясында көшелердегі қауіпті ағаштарды қауымдастықпен келісе отырып, кесу жұмыстары да жүргізіледі.
Ауылды тазалау, көріктендіру жұмыстары ең бірінші ауыл әкімінің ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты. Халықты ұйымдастыру, тазалыққа, тәртіпке шақыру, түсіндіру, талап ету, жұмысты жүйелі жүргізе білу бәрі де басшыға байланысты.
-Аудан әкімі Олжас Қаржауов ауылдық округ әкімдеріне ауылдық округтегі қоғамдық жұмысшыларды ауылдағы сай-сала, көшелер, саябақтарға бөлу қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Бұл жұмыстың өнімділігін арттыруда орынды тапсырма деп есептеймін.
-Иә, қоғамдық жұмысшыларға жауапты аймақтар бөлініп берілді. Жұмыс көлемі көп, көпшілікті талап ететін орындарды тазалауда бірге жұмыс істейді де, басқа уақытта өздері жауапты аумақтарда тазалық жұмыстарын атқарады.
Жалпы, тазалық жұмыстары тек ауылдық округ әкімдері атқаратын жұмыс емес. Әр адам өзінің ауласына, көшесіне жауапты. Яғни, әр адам өзінің ауласын тазалап, көріктендіріп, көршілеріне де зияны тимейтіндей жағдай жасауға міндетті.
-Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінде азаматтардың жауапкершілігі туралы айтылған. Яғни, арнайы бапта айыппұл көлемі көрсетілген. Бүгінгі таңда бұл мәселеге байланысты айыппұл көлемі қандай?
-ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 505 бабы, яғни қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдірген жағдайда жеке тұлғаға ескерту жасауға немесе жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Жиырма айлық есептік көрсеткіш дегеніміз – 61 260 теңге. Ал, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер болса, жеке тұлғаға отыз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Отыз айлық есептік көрсеткіш дегеніміз – 91 890 теңге.
Ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторы бірлесіп, заң талаптарын талап етуге, орындауға құқылы.
Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында «Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғи байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн» деген болатын. Ендеше, адал еңбек етейік, туған жерімізді аялайық!
-Сұхбатыңызға рақмет! Қолға алған әрбір ісіміз сәтті болсын!
«Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде» деген халық даналығын естен шығармайық.

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close