Qoǵam
Сыр елінің саңлақ ұлы
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ағымдағы жылы ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «Кітап – қазына» жобасы ұйымдастыруда.
Осыған орай, Көлтоған, Ертай ауылдық кітапханаларының ұйымдастыруымен ақын, драматург, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың туғанына – 115 жыл толуына орай «Сыр елінің саңлақ ұлы – Әбділда Тәжібаев» атты әдеби кеш өтті.
Кеш барысында №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің оқушылары Маржан Оспан ақын Әбділда Тәжібаевтың өмірі мен шығармашылығын слайд арқылы таныстырса, Әбілмансұр Жарылқасын ақынның «Балапандар жыры», Алдияр Әбдіқожа «Ақ қалпақ», Анель Әбдіқожа «Бес түлік жыры Бөрте лақ», Жанерке Нұрболқызы «Қазақстан», Мирас Сатылған «Алатау» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Өнерге бейім Шапағат Өсербай «Үйретейік», Тимур Симитков «Жеті қазына», Кәусар Әбдіқожа «Еркін елдің ертеңіміз», Раяна Әділбек «Отан», Ақниет Белгібай «Тәуелсіздік таңы», Ертай ауылдық клубының әдіскері Бауыржан Асубай «Өзіңді аңсап» әндерін нақышына келтіріп орындады.
Ертай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Г.Жанысбекова «Сырдың алып бәйтерегі» әдістемелік құрал, «Кеудесі шын ақынның күй сарайы» библиографиялық көрсеткіш, «Жыр сүлейі – Әбділда» ауызша журнал, «Сырда туған сыршыл ақын» ақпараттық-жарнамалық флайерді таныстырып, «Толағай ақын, толмас жыр иесі» атты кітап көрмесіне шолу жасап, оқырмандарды кітап оқуға шақырды. Оқырмандар «Толағай» кітап инсталляциясын тамашалады.
Аида Шәкір,
аудандық орталық
кітапхананың қызметкері