Qoǵam

Ислам діні-ең таза дін

Жуырда Б.Момышұлы ауылдық балалар кітапханасында «Әлем қауіпі – лаңкестік» тақырыбында №1 мектеп-гимназияның 9 «ә» сынып оқушыларының қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. «Дөңгелек үстелге» Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық мешітінің бас имамы, ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев, «Жастар ресурстық орталығының» маманы Жанболат Мұсақұл, Қайрат ауылдық мешітінің жамағаты Елеу Құрманбеков және аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашы Мәрзия Ермекбаева қатысты.

Жиынды орталық кітапхананың кітапханашысы Назгүл Серкебаева ашып, сөз кезегін ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаевқа берді.
– Ислам діні – адамзат баласын тазалыққа, жақсылыққа, бейбітшілікке шақырады. Адам ең алдымен әрқашан жақсылық жасауға ұмтылып, ішкі ниетін дұрыстау керек. Әсіресе, әрбір саналы жасөспірім «Өзім білемін!» деген қағиданы ойынан мүлде өшіргені абзал. Сондықтан да оқушылар сіздерге айтарым, алдымен ата-аналарыңның, ұстаздарыңның айтқан ақылын тыңдап, олармен үнемі санасып отырсаңдар қор болмайсыңдар. Әлеуметтік желілердегі әртүрлі діни сайттарға кіріп, саналарыңды улағанша отбасындағы ата-ананың, ұстаздың берген тәлім-тәрбиесінен нәр алыңдар. Осы тұста «Ұстазы жоқтың, ұстазы – шайтан» деген сөзді баса айтқым келеді. Сол себепті бойларыңызды жаман, зиянды әдеттерден аулақ ұстаңыздар,- дей келе қатысушыларға айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айындағы тілек-дұғаларыңыз қабыл болсын деген ізгі тілегін жеткізді.
Одан әрі аудандық «Жастар ресурстық орталығының» маманы Жанболат Мұсақұл сөз алып, терорризм ұғымына кеңінен түсінік берді. Оқушыларды досты, араласатын ортаны дұрыс таңдай білуге шақырып:
«Бір дос бар – қолыңнан мал кеткенше,
Бір дос бар – мұрныңнан қан кеткенше,
Бір дос бар – кеудеңнен жан кеткенше», деген нақылдың мағынасына терең үңілуге үндеді. Ал, Қайрат ауылдық мешітінің жамағаты Елеу Құрманбеков қазіргі таңда мектеп бағдарламасында оқытылатын дінтану пәніне жете көңіл бөліп, зейінге тоқу қажеттігін баса айтты.
Осы орайда оқушылар ауданның бас имамына өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Келесі кезекте балалар кітапханасының кітапханашысы Күләш Таубалдиева дінтанушылар Құдайберді Бағашардың «Ислам және өнеге», Мысыр елінің муфтиі, Доктор Али Жұманың «Дінде шектен шыққандар», Шәмшат Әділбаеваның «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз», Серік Әмірғазиннің «Дін және жауапкершілік» атты Ислам діні жайында жазылған еңбектеріне шолу жасады.
Жиын қорытындысында аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Мәрзия Ермекбаева оқушылар мен жиынға қатысушыларға Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл, журналист-жазушы Мырзахан Ахметтің генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың ерлік істері туралы жазылған «Намыстың құлы, Алаштың ұлы» атты еңбегінің мазмұнына тоқталып, оқушыларды кітап оқуға шақырды.

Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close