Qoǵam
Ауыл көркі – тазалық
Аспаны Алатаумен астасқан, табиғаты тамаша, суы балдай, қазақ еліне пайдасын тигізіп, үлкен жаңалықтар ашқан ұлы тұлғалар дүниеге келген, Алатау мен Қаратаудың баурайында жатқан аядай ғана Талапты ауылын қалай мақтасақ та жарасады.
Ұлы Отан соғысынан кейін жұртшылық, осы жерге жиналып, үй салып жаңа ауыл іргесін қалайды. Кейіннен 1950 жылдары бұл ауылға «Талапты» деген атау берілді. Талапты ауылы Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы мен қазақ әдебиетінде өшпес мұра қалдырған жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза, Қорқыт күйлерін зерттеп, ұрпақтан-ұрпаққа өшпес мұра қалдырған жазушы, профессор Мұсабек Жарқынбекұлының туып-өскен жері.
Талапты ауылы – шағын елді мекен. Соған қарамастан мұндағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты жақсарған. Ауыл тұрғындарының көбі мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл 4 көшеден тұрады, 100 шақты үй бар. Қысы қатты демесеңіз, жазда ауа райы қолайлы.
«Туған жердей жер болмас» демекші, қасиетті мекенім туған жерім жылдан-жылға көркейіп келе жатыр. Дегенмен де ауыл тазалық жағынан сәлде болса ақсап тұр. Бұлай деуімнің себебі, елді мекенім қаншалықты таза екеніне көз жеткізу үшін ауылды аралап шықтым. Сол кезде көше жиектерінде, қиылыстарында, арық іштерінде көптеген қоқыстардың жатқанын көрдім. Мәселен, мектеп пен Б.Момышұлы көшесінің ортасына бос бөтелкелер мен қажетсіз бетперделер тасталынған. Осы көшедегі арықта түрлі қоқыстар жатыр, яғни сыра шөлмектері, кішкентай балалардың жөргектері, бос бөтелкелер т.б.
Негізінен көп адамдар немқұрайдылылық танытып, қоқысты арыққа тастасақ ағып кетеді деп ойлайды. Керісінше, арық қоқысқа толса, су арнасына сыймай таситынын естен шығармайық. Осы салғырттықтың кесірінен көше лайланып, қыстыгүні қатты аязда мұздақ болып жатады. Сыпатай батыр көшесі мен Көлбастау көшесінің аяқ жағындағы қиылыста да күл-қоқыстар ауылдың ажарын бұзып тұр.
«Ауыл көркі – тазалық» демекші, ауыл тұрғындары тазалыққа мән берсе нұр үстіне нұр болар еді. Пенде болғандықтан барлығымыз қателесіп жатамыз, алайда сол қателікті дер кезінде түзетсек өзіміз үшін жақсы. Әр адам өзінің туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне атсалыса білуі тиіс. Талапты ауылында тазалық мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Үнемі тазаланып, күл қоқыстар шығарылып тұрады. Алайда тұрғындардың жауапсыздығынан осындай жайттар орын алып жатады.
Барлық нәрсе өзіміздің қолымызда. Қазір осы мәселені қолға алмасақ, ертеңгі күні өзімізге зиян келтіретін боламыз. Тазалық жан рақаты емес пе. Сіз кішкене ғана қоқыс тастағаныңызбен, оның зияны екі есе үлкен болып өзіңізге тиюі мүмкін. Вирус та бактерия да сол қоқыстан пайда болады. Сол арқылы айналадағы жандарға залал келуі әбден мүмкін. Әрқашан «тазалық – денсаулық кепілі» екенін естен шығармағанымыз абзал. Ауылдың тазалығы баршамызға ортақ іс. Оған үлкен де, кіші де бірдей жауапты. Елді мекеніміздің таза болуы біздің қаншалықты мәдениетті екенімізді көрсетеді. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген ата-бабамыздан жақсы сөз қалған. Ауылға келген кез келген жан тазалық арқылы біздің санамыз мен жанымыз қандай екенін аңғарады.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деп батыр Бауыржан Момышұлы бекер айтпағаны даусыз. Осы ретте, бойымыздағы салғырттықты, немқұрайдылықты, жауапсыздықты жұрт болып жұмыла жояйық. Ауылдың тазалығына бей-жай қарамай, оның көркеюі үшін бәріміз бірдей атсалысу – перзенттік борышымыз. Тазалық әр отбасынан басталады. Жанұяда әр ата-ана балаға айналаны ластамауға үндесе, келешек ұрпақ та соны санасыны сіңіріп, «тазалық – саулық кепілі, саулық – байлық кепілі» екенін өмірлік ұстанымына айналдырары хақ.
Анель Әлімбекқызы,
Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.
Талапты ауылы