Qoǵam

«Тігіншіні инесі асырайды»

«Өнер тамған он саусақ –
Үзілмейтін ырысың» – деген екен дана халқымыз. Бағзы замандағыдай киіз басып, жүн түтіп, ұршық иіретін, текемет тоқып, ою-өрнегін түрлі-түсті бояулармен әсемдеп отыратын әжелердің қатары сиреген. Дегенмен дәстүрімізді тірілтіп, ұлттық құндылығымызды жоғалтпай, сақтап, насихаттап жүрген тігінші апа-әжелеріміз де бар.
Ұлы жазушы Абай, «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек… Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың төресі сол» деп өсиет еткеніндей, қолынан іс келетін, өнерлінің тасы төмен құлдилап, құр алақан қалуы әсте мүмкін емес.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, Билікөл ауылдық округіне жасаған сапарымызда Қарабастау ауылында тұратын Мадалиевтердің шаңырағына барып, тігінші Шәмшия апаның қолөнер туындыларымен танысқан болатынбыз.
Үйдегі барлық көрпе, жастық сияқты дүниелер шебердің өз қолынан шыққан туындылар. Әсіресе үй терезесінің жақтауына ілінген перде көздің жауын алатындай әсем тігілген екен. Осыдан-ақ тігіншінің нағыз шебер екенін айтпай-ақ аңғаруға болатындай. Қазіргі таңда ісмер апамыз «Берікқара» демалыс орталығында тігінші болып қызмет атқарады.
Мақала кейіпкері Шәмшия Дүйсенбаева 1957 жылы Түркістан облысы Бәйдібек ауданына қарасты Теректі ауылында дүниеге келген. Әкесі Даниярбек Дүйсенбаев көпке танымал жазушы болған екен. Ал, анасы Пайруз қолөнер шебері болған.
– «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, мен анам Пайруздың тәлім-тәрбиесін көріп өстім. Тоқыма, текемет, шұлық тоқу, кесте тігіп, құрақ құрауды анамнан үйрендім. Кейіннен есейе келе, Тараз қаласында үш айлық тігін курсын оқып бітірдім. Содан 1980 жылдары Мадалиевтер әулетіне келін болып түскеннен кейін де кәсібімді тастамай, шеберлігімді шыңдай түсу үшін ауылда тігін цехын аштым. Тігін цехында төрт адам болып, он жылдай халық игілігі үшін жұмыс жасадық. 1998 жылы халықтың жағдайы нашарлап, тапсырыс болмай цех жабылып қалды. Бірақ, сонда да қиындыққа мойымастан кәсібімді үйде де жалғастыруға болатынын біліп, отбасымды осылайша барлық кедергілерден алып шықтым. Кәсібімді жақсы көрдім. Әлі де ұнатамын. Ең бастысы – адамда өз кәсібіне, өз ісіне деген үлкен жауапкершілік пен қызығушылық болса болғаны, – дей келе Шәмшия Даниярбекқызы қазіргі таңда, үйге келіп тапсырыс берушілердің қатары да артқандығын тілге тиек етті.
Шәмшия апаның қолөнерінің арқасында қазақы салт-дәстүріміздің одан әрі жаңғыра беретіні сөзсіз.
«Тігіншіні – инесі асырайды» деген нақыл бар. Сол секілді кейіпкеріміз де тігіншілік кәсіппен нәпақасын тауып, отбасының ұйытқысы болып отыр. Құдай қосқан қосағы Есмахан Мадалиевпен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бір өкініштісі, Шәмшия апаның жолын қуған ешкімнің жоқтығы, егер ісмер апамыздың қазақи нақышта ою-өрнегін салып отыратын шәкірті болса нұр үстіне нұр болар еді.

Мақпал Саматқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close