Qoǵam

МЕКТЕП ФОРМАСЫ МІНДЕТТІ ЕМЕС

Енді бірер аптадан соң жаңа оқу жылы басталады. Ал, оқудың қандай форматта жүргізілетіндігі еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ. Дегенмен, ата-аналарды «биылғы жаңа оқу жылында мектеп формасы қандай болады?» деген сауалдың мазалап отырғаны анық.

Жаңа оқу жылында Білім және ғылым министрлігі мектеп формасын міндетті түрде кию туралы талапты қайтадан алып тастау жөнінде шешім қабылдады. «Оны классикалық стильдегі киіммен ауыстыруға болады» деп хабарлады сала министрі. Қазіргі пандемия жағдайына байланысты өткен жылдан бері міндетті мектеп формасы алынып тасталғаны белгілі. «Барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек ғана келесі оқу жылы үшін қабылданды»,- деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісінде. Ол қазір еліміздің көптеген аймақтарында карантиндік шектеу шаралары күшейгенін атап өтті. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Соvіd-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін.
Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады. Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов өзі ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар, педагогтар мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. «Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да, осы мәселе төңірегінде пікірлер әртүрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі. Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды,- деп түйіндеді министр сөзін.
“Ақ жол” қоғамдық-саяси
газеті №94,
5 тамыз 2021 жыл

Таңдаулы материалдар

Close