Qoǵam

Неке шартының маңызы талқыланды

Жуалы аудандық сотында «Неке шартын жасасу мәселесі» тақырыбында онлайн семинар өткізілді.
Іс-шараға соттың төрағасы Бақытжан Мүлкібаев, Жуалы ауданы әкімі аппараты АХАЖ бөлімінің бас маманы Динара Қалдыбекова қатысты.
Семинар барысында ерлі-зайыптылардың неке шарты туралы мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, неке қию кезінде отбасыларға АХАЖ бөлімі тарапынан неке шартын жасасу мәселесін түсіндіру жұмыстары жайлы мәселесі талқыланды.
Қазіргі таңда қоғамда ажырасу көрсеткішінің артып отырғаны алаңдатады. Неке шарты немесе неке келісімшарты – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, соңғы кездері танымал бола бастаған жаңалық.
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодекстің 39-бабына сәйкес некеге отыратын адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi және ол бұзылған жағдайда мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады. Бұдан басқа неке шартында некеде туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары көзделуі мүмкін.
Басқаша айтқанда, неке шарты немесе неке келісімшарты некедегі ерлі-зайыптылардың және балалардың мүлікке құқығын бекітетін заңдастырылған уағдаластық болып табылады. Әлемдік тәжірибеде неке келісімшарты көп жағдайда некенің бұзылуын азайтатынын дәлелдеді.
Динара Қалдыбекова өз сөзінде неке шарты ерікті шешім екенін, оны жасасуға немесе жасаудан бас тартуға ешкімнің міндеттелмейтінін айтып өтті.
Соттың төрағасы Бақытжан Мүлкібаев «Соттардың некенi бұзу туралы iстердi қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі №5 Нормативтік қаулысының 6 тармағының талаптарын сақтау қажеттігін айтты.
Іс-шара соңында қатысушылар неке шарты мәселесіне қатысты пікір алмасып, ұсыныстар берді.

Жуалы аудандық сотының баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close