Qoǵam

Бұл санақ бұрынғыдан өзгерек …

2009 жылы өткізілген жалпыұлттық халық санағынан кейін араға 11 жыл салып, биыл елімізде кезекті халық санағы өтпек. Бұл жолғы статистикалық шараның басты ерекшелігі оның қағазсыз өтетіндігінде.

Төменде халық санағының ерекшеліктері мен шарттары туралы газет тілшісінің сауалдарына аудандық статистика басқармасының басшысы Мұсахан Зайнудинов жауап береді.
– Мұсахан Исаұлы, алдағы халық санағы қанша кезеңде өтеді?
– Халық санағы дегеніміз – белгілі бір уақыт аралығындағы бүкіл елдің халқының немесе оның бір бөлігінің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпымемлекеттік статистикалық шаралар. Халық санағында сол аумақтағы халықтың саны, құрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жиналады.
Халық санағы шартты екі кезеңде өткізілетін болады. Біріншісі, дайындық кезеңі. Ол маусым айының 1-і мен 30-ы аралығын қамтиды. Бұл кезеңде интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Бұл кезеңде аудандастыруға дайындық жүргізіледі. Санақтық аудандастыру дегеніміз – өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу.
Келесі – қазан айының 1 мен 30 аралығында өтетін негізгі кезең. Айдың 1-і мен 15-і аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы жартысында интернет-сауалнама жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, интервьюерлерді үйіне кіргізуді қаламайтын респонденттер Интернет желісі арқылы арнайы sanaq.gov.kz сайтына кіріп, өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады. Сонымен бірге сайтта респонденттерге арналған түсіндірмелер мен арнайы виртуалды көмекші де бар.
– Алдағы халық санағы қағазсыз өтеді деген болжам бар. Оны қалай түсіндіресіз?
– Халық санағы толықтай заманауи ақпарат технологияларының көмегімен өткізіледі, яғни қағаз толтырылмайды. Интернет-сауалнамамен қатар 1-30 қазан аралығында интервьюерлер жаппай сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі.
– Санақ персоналы ретінде жұмысқа кімдер тартылады?
– Тікелей халық санағын өткізу кезеңінде елімізде уақытша санақ персоналы – нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер ретінде 32,5 мың адамды жұмысқа тарту және орналастыру жоспарланса, ауданда 90 адамды жұмысқа тарту көзделіп отыр.
– Жалданатын азаматтарға нендей талаптар қойылады?
– Біріншіден, жалданатындар ҚР азаматы болуы, жасы 18 жастан асқан, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын болуы қажет. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, планшетпен жұмыс істей білуі керек.
Халық санағын жүргізу кезінде интервьюерде аумақтық статистика органының қолы қойылған және мөрі басылған, фотосуреті бар, аты-жөні жазылған, берілген күні мен қолданылу мерзімі көрсетілген интервьюер куәлігі, халық санағының символикасы бар көк түсті шарф пен көк түсті портфель болуы шарт.
– Санақ персоналына көрсеткен қызметі үшін еңбекақы төлене ме?
– Халық санағын жүргізу кезеңінде санақ персоналымен өтеулі қызмет көрсету шарттары жасалады және еңбекақы төленеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close