Qoǵam

Сүт өңдеудің тиімді тәсілдері түсіндірілді

«Арудан асқан жан бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма?
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?». Ақтамберді жыраудың осы бір жырынан жылқы жануарының қасиетін, осынау қасиетті жануардың сүтінен дайындалатын қымыздың көл-көсір пайдасын анық аңғаруға болады. Қаншама замандар алмасса да, халқымыз жылқының қасиетін әлі де ұмыта қойған жоқ. Заман талабына сай қазіргі таңда қаншама сусынның түрлері пайда болса да, дәстүрлі қымыз дәмі ұлттық сусынымыз, дәстүрлі халық тағамы ретінде дастарханымыздан үзілген емес. Қымызбен қатар түйе, сиыр, қой, ешкіден алынатын сүт өнімдерінің де адам денсаулығына пайдасы орасан.

Кеше Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында төрт түліктен алынатын өнімдерді тиімді өңдеу бағытында ауыл шаруашылығы жануарларынан алынатын сүтті өңдеу технологиясы тақырыбында семинар өтті. Аталған семинар Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша өткізіліп отырғанын баса айта кеткен жөн.
Маңызды басқосуды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов ашып, семинардың мақсатттарына тоқталып, шаруаларды шараға белсенді қатысуға шақырды.
Аталған семинар теориялық және практикалық екі бөлімнен тұрды. Алғашқы теориялық бөлімде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Әсия Серікбаева жиынға қатысушы шаруаларға төрт түліктен алынатын сүттердің ерекшелігі, сүттің негізгі құрамы және құрама бөліктерінің ерекшеліктері туралы қызықты етіп түсіндіре отырып, негізінен жылқы сүті туралы, оның адам ағзасына қажетті элементтерді беретін пайдасын ғылыми тілмен жеткізді. Семинарға қатысушылар тарапынан түскен сұрақтарға да жауаптар берді.
Сүт өңдеудің тиімді тәсілдерін түсіндіруге арналған семинардың практикалық бөлім аудан орталығындағы «LF» сүт өңдеумен айналысатын компанияда жалғасты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close