Qoǵam

Әрбір адамның өмірі қымбат

«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Аружан Қуанышбайдың ұйымдастыруымен Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде «Адам өмірі және суицидтен сақтану» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Шараның мақсаты – суицидтің алдын алу, жастарды өмірді сүюге тәрбиелеу, суицид – проблеманы шешудің жолы болмайтындығын ұғындыру.
«Дөңгелек үстел» барысында Аружан Қуанышбай жалпы суицид туралы мәлімет беріп өтті. Ол бүгінгі таңда бүкіл әлемді елеңдетіп, қоғам дертіне айналып отырған жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы – дүниежүзіндегі ең өзекті мәселелердің бірі екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, ол «Суицидті зерттеп жүрген мамандардың пікірінше, дүниежүзінде әрбір 20 секунд сайын бір адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Тіпті жылына 1 миллион адам өзін ажалға қиып, шамамен 20 миллион тұрғын өмірмен мәңгілікке қоштасуға әрекет жасайды. Сорақысы сол, бұлардың 8 мыңы қазақстандықтар екен. Ал бұл дегеніңіз, республика бойынша сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қоштасады деген сөз. Әсіресе, бұл дерттің жасөспірімдер арасында кең етек жайғаны алаңдатады. Оған жасөспірімдік «өтпелі» шақта кездесетін қиындықтарды көтере алмауы, айналадағылармен тіл табыса алмауы, бала психологиясының толық қалыптаспауы, т.б. жағдайлар себеп болуда.
Суицид – адамның өзіне-өзінің қиянат жасап, өз өмірін қиюы. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының жұртшылыққа жариялап отырған жан түршігерлік мәліметтерінен Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғаларының көбейе түскендігін, өзіне-өзі қол салуға көбінесе олардың заң бұзуы, қылмыстық жауапкершілігі алдында үрейленуі, шыдамсыздығы, төзімсіздігі, қорқақтығы, сабақ үлгерімінің төмендігі, қызығушылық деңгейінің нашарлығы, көңіл күйінің болмауы, тез ашулануы және тәбетінің төмендігі себеп болып отырғаны баршамызға аян. Ендеше адам тағдырына келгенде жауапкершілікті тек ұстаздар мен дәрігерлерге, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтарына жүктеп қоймай, жұмыла мойнымызға алуымыз керек. Барша қоғам осы мәселеге назар аударуы тиіс. Әрбір адамның өмірі қымбат. Қоғамның әрбір адамына жеке тұлға ретінде қарап, әсіресе жасөспірімдердің мінез-құлқына, өмірге деген көзқарасына бей-жәй қарамағанымыз жөн» деді.
Шара барысында суицидтің орын алуы жайлы статистикалық мәліметтер айтылып, көбінесе қандай адамдар ұшырайтыны сөз болды. Шараға қатысушы жастар да өз ойларын ортаға салды. Олар «Өз өмірін қию – ақымақ адамның ісі. Мына өмірдің ғажабын бір сәттік ашуға, бір сәттік күйзеліске түсумен жоққа шығаруға болмайды. Бұл өмірде барлығыда өткінші. Бәрі де ұмытылады. Уақтылы психологиялық қолдау көрсету, жақсы істер жасау, жастарға қиын жағдайда көмек қолын созу сияқты игі істер суицидтің алдын алады» деген қорытындыға келді. «Жандарымыздағы жақын адамдарға назар аударып, қиын-қыстау кезінде жандарынан табыла білу, оған тығырықтан шығатын жол сілтеу көптеген мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді» деген ой-пікірлерімен шараны түйіндеді.

Аудандық жастар
ресурстық орталығы

Таңдаулы материалдар

Close