Qoǵam
Жастар саяси тұрғыдан белсенді болуы керек
Өткен аптада Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен дүниежүзілік сайлау күніне арналған «Сайлау – жастардың ісі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Облыстық ардагерлер үйінде өткен іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасы сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жастардың білімдерін арттыруға, жас сайлаушылардың демократиялық құндылықтарды ұстануын қалыптастыруға және жастардың сайлауға қатысу белсенділігін арттыруға бағытталған.
Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері, тұрақты комиссия мүшелері, белсенді ардагерлер, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, тұрақты комиссия мүшелері, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, Жамбыл облыстық «Жас Отан» Жастар Қанатының төрағасы және мүшелері, студенттер және БАҚ өкілдері шақырылды.
Отырысты облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, дөңгелек үстелдің мақсаты мен онда қаралатын сұрақтарға тоқталып, тақырып бойынша қысқаша мәлімет берді.
Аталған басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, ұрпақтар арасын жалғастырушы аға буын мен жас ұрпақтың өзара байланысы арқылы жастардың Парламент және жергілікті өкілетті органдарының сайлау процесіне қатысуының маңыздылығын түсіндіріп өтті.
Айта кету керек, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңда және «Саяси партиялар туралы» Заңда қарастырылған ережелер бойынша партиялық тізімге әйелдер мен 29-ға дейінгі жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілген болатын. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізді.
Осы енгізілген өзгерістер аясында 29 жасқа дейінгі жас ретінде жетінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған Уәлихан Болатбек өз сөзінде, мемлекет жастардың проблемасын назардан тыс қалдырмайтынын және оларды шешу үшін қажетті шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Соның бірі ретінде облысымызда кейбір жастар санатының баспаналы болатыны туралы мәселенің өз шешімін тапқанын атап өтті.
Жиынға қатысқан мүгедек жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әйгерім Дәулетбаева, сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалуын, соның ішінде, оларға арналған бұрыштардың тиісті талаптарға сәйкес келмейтінін, сонымен қатар, ондағы орнатылған компьютерлерде сурдо-аудармашылардың жоқтығын ескеріп, тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.
Отырысты облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов қорытындылап, жастардың саяси белсенділігі, азаматтық және өмірлік позициялары, оның мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуы – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі болып табылатынын атап өтіп, жастарды саяси тұрғыдан белсенді болуға шақырды.
Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі