Qoǵam
Кәсіпкерлер бастамасын қолдау – басым бағыт
Қазіргі таңда кәсіпкерліктің өрісі кеңге жайылып отырғаны белгілі. Бұл жөнінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында атап өтіп, кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне баса назар аударды. Елбасы, әсіресе, экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнестің дамуына тоқталып, оны әрі қарай жандандырудың жолдарын айқындап беріп отыр. Сонымен қатар, Елбасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Соңғы жылдары кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау білдіріп, оларға нақты бағыт-бағдарлар көрсететін, құқықтарын қорғайтын тиісті мекемелер ашылып, жемісті жұмыс істеуде. Аудандағы шағын, орта, ірі кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалармен жұмыс істейтін бірден-бір мекеме – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жуалы ауданындағы филиалы. Филиалдың бүгінгі жұмыс барысын, тыныс-тіршілігін сұхбатымыз барысында мекеме директоры Алмас Әуесхан кеңінен айтып берген болатын. -Алмас Бауыржанұлы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мақсаты мен міндетіне тоқталып өтсеңіз? Кәсіпкерлер палатасы қай бағытта жұмыс жасайды?
-Ең алдымен кәсіпкерлер палатасының тарихын айтып өтейін. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2013 жылы 9 қыркүйекте ҚР Үкіметі және «Атамекен» Одағы қазақстандық үкіметтік емес ұйымның бірлескен шешімімен құрылған. 2015 жыл 27 наурызда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып ресми қайта тіркелді.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған.
Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Палата өз қызметінде кәсіпкерлік саласының, оның ішінде ішкі және сыртқы сауда салаларын қамтиды. Мекеменің басты міндеті – бизнес құқығын және мүдделерін қорғау, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты нығайтуға, елде ұлттық, сондай-ақ шетел инвесторларының бизнес жүргізуіне қолайлы жағдайларды дамытуға бағытталған.
– Қазіргі таңда жұмыс орнында қанша қызметкер бар? Олар қандай жұмыстармен айналысады?
– Жұмыс орнында бес қызметкер жұмыс істейді. Екі менеджер-кеңесші, бизнес-тренер және «Бастау-Бизнес» жобасының үйлестіруші маманы. Менеджер-кеңесшілердің қызметіне кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін және өз ісін ашам деуші азаматтарға заң талаптарына сәйкес мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу жатады.
-Кәсіпкерлерге нақты қандай көмек көрсетесіздер? Олар сіздерден қандай кеңес алады? Кеңес беру жұмыстары мекемеде ғана беріле ме әлде ауыл-аймақтарды аралайсыздар ма?
-Кәсіпкерлерге мынандай қызмет түрлерін көрсетеміз: құқықтық кеңестер, бухгалтерлік қызметтер, жер мәселелері, бизнеске оқыту, несие алу бойынша сүйемелдеу және тағы да басқалар. Кеңес беру жұмыстары мекемеде және ауыл аймақтарын аралау арқылы жүргізіледі. Осы жылдың басынан палата аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімімен бірлесе отырып, екі рет ауданның елді мекендерін аралап, тұрғындарға түрлі бағытта құнды кеңес берді.
– 2019 жылдың бірінші жартысында өз ісін ашам деушілер қандай жобалар мен бағдарламалар аясында оқу курсынан өтті? Оқу курсынан өткен азаматтардың арасында несиеге қол жеткізіп, жұмыс бастағандары бар ма?
– 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында біз өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жоспарда белгіленген 135 адамды оқу курсынан өткіздік. Олар «Нәтижелі жұмыспен қамту және Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау» жобасы аясында оқытылды.
Оқу курсынан өткендердің 133-і өздерінің бизнес жоспарын сәтті қорғап шықты. Қазіргі таңда 25 адам «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан кәсібін бастауға несие алды. Үш миллионға дейінгі қайтарымсыз қаржыны (мемлекеттік грант) «Бастау» жобасының бес түлегі жеңіп алды (аудан бойынша 15 адам).
Ал, Жастар жылына орай бөлінген 200 АЕК, яғни 505 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант қаражатын алу мақсатында 23 түлек жобаларын сәтті қорғап шықты. Осы гранттар бойынша қатысушыларды қабылдау әлі де жүргізіліп жатыр.
-Алдағы уақытта атқарылар жұмыс жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз?
-Қазіргі таңда республикалық масштабта «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша жастарды оқытуды қолға алдық. Биылғы жылдың қыркүйек айына дейін 29 жасқа дейінгі жастарды, соның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан және мүгедектігі бар 100 жасты кәсіпкерлік мақсатта оқытуды жоспарлап отырмыз. Оқуды аяқтаған жастарға 19 000 теңге көлемінде шәкіртақы және 505 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант беріледі. Сонымен қатар, оларға төмен пайызбен жеңілдетілген несие беріліп, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ осы жылдың аяғына дейін тағы 210 адамды «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау» жобасы аясында оқыту кезекті жоспарымызда бар.
-Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Айгүл АМАНҚҰЛ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»