Qoǵam
Екпе алуды жөн санадым!
Әлем халқын сергелдеңге салған коронавирус инфекциясының қаупі әлі сейілген жоқ. Медицина қызметкерлері барын салғанымен, ауруға түгелдей төтеп беру мүмкін болмай тұр. Науқастардың саны уақыт өткен сайын артып келеді. Менің ойымша, жаппай тараған дерттің ушығуына тосқауыл болатын жалғыз жол – вакцина.
Аурудың алдын алып, сақтанудың амалы болып саналатын екпе алуды мен де қолдаймын. Жауапкершілік жүгін сезініп, ерікті түрде жуырда «Спутник V» вакцинасын алдым. Оның бірінші компонентін 5 сәуір күні қабылдадым. Екіншісін дәрігерлердің нұсқауымен 26 сәуір күні салдырдым.
Екпе салғызғаннан кейін ағзамда ешқандай өзгеріс болмады. Жанама әсер де байқалмады. Ең бастысы, үрейге бой алдырмай, өзіңнің және жақындарыңның саулығы үшін маңызды шешім қабылдаған жөн болмақ.
Халықтың қауіпсіздігіне әр азамат жауапты екенін айтқым келеді. Санитарлық талапты қанша сақтағанымызбен, жұмыс барысында бірқатар адамдармен, әріптестермен жүзбе-жүз кездесіп, қоғамдық ортада тұрғындармен де тілдесіп жатамыз. Сондықтан қауіпсіздігіміз үшін дер кезінде екпе алуды жөн санадым.
Азамат ҚҰРАЛБЕКОВ,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның
дін істері және ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі