1999 жылы Елбасы құрған «Нұр Отан» партиясы жалпыхалықтық біріктіруші саяси күшке айналғаны уақыт шындығы.
Өзінің 20 жылдық тарихында «Нұр Отан» партиясы елімізде атқарылған қыруар істердің басы-қасында болып, абыройы арта түсті.
Бүгінде 20 жылдық қалыптасу кезеңін атап өткелі отырған «Нұр Отан» партиясы өзінің мықты құрылымдары мен берік стратегиялық мақсаттары арқасында еліміздегі ең беделді, ең ірі саяси күшке айналғаны барша халыққа аян.
Бағдары айқын, болашағы жарқын партияның біздің Жуалы ауданындағы қадамы да тың серпіліспен, жаңа тыныспен алға қарай қарқынды дамып келеді.
Сондықтан, уақыт үдесінде қандай қиындық болмасын, халық игілігі үшін қолда бар мүмкіндіктерді жүзеге асырып келеміз.
«Нұр Отан» партиясының ішкіпартиялық жұмыстарын жаңа биіктерге көтеру мен қоғаммен арадағы «кері байланысты» тереңдетуде – аудандық партия ұйымдарына жүктелер жауапкершілік жүгінің салмағы да аз емес. Қазіргі таңда аудандағы 30 бастауыш партия ұйымының барлығы да жеке жұмыс кабинетімен қамтылған.
Жыл санап партия конференциялары мен Саяси кеңес, Бюро және бастауыш партия ұйымдары жиналыстарының пәрменділігі артып келеді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары ішкіпартиялық жұмыстарға «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы партияның Жуалы аудандық филиалына жаңаша леп әкелді.
Мысалы, 2016 жылғы байқауда аудандағы «Орталық» бастауыш партия ұйымы республикалық бәсекеде бас жүлдені жеңіп алса, 2018 жылғы республикалық бәсекеде «Б.Момышұлы» бастауыш ұйымы жүлделі 2 орынды иеленді.
Бұл – біздің аудан партия ұйымдары үшін төртінші рет ұйымдастырылған республикалық байқауда партия Жуалы аудандық филиалынан екі бірдей бастауыш ұйымның жеңімпаз атануы аса үлкен жетістік.
Жалпы, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан бұл ізгі бастама – бүгінгі таңда партия жұмыстарының жарқын айнасына айналғаны уақыт ақиқаты.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының соңғы жылдары қолға алынған партиялық кадрлық резерв саясаты ауданда жүйелі іске асырылуда.
Мысалы, партиялық кадрлық резервтен іріктелген бастауыш партия ұйымдарының белсенді жетекшілері Г.Мұсаханова мен Р.Сайлаубаев осы кадрлық резерв жүйесі арқылы аудандық мәслихат депутаты мандатына ие болды.
«Нұр Отан» партиясының негізгі мақсаты – әрдайым халықтың жанынан табылып, олардың мақсат-мүддесін қорғау болса, бұл ретте қоғамдық қабылдау бөлмесінің маңызы зор.
Соңғы екі жылда аудандық қоғамдық қабылдау бөлмесінде жергілікті тұрғындардан түскен 659 өтініштің 353-і оң шешімін тапса, 306 азаматқа құқықтық кеңестер берілді.
Ең бастысы, осындай мақсатты жұмыстардың нәтижесінде әрбір өтініш партия филиалы назарынан тыс қалмауда.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі ІІІ орынға ие болдық.
Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнайтын Жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайында кеңінен тоқталып өтетіні белгілі. Осы орайда, партия аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы, филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі қоғам дертімен күресуде, алдын-алу шараларын атқарудағы тындырымды жұмыстарын атап өтуге болады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдарда сыбайлас жемқорлыққа жол берген партия мүшелері тіркелген жоқ.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған «Арыңды таза ұста!» үздік әлеуметтік бейнеролик республикалық байқауының бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Жуалы ауданы І орынға ие болды.
Бүгінде партиялық иделогиялық жұмыстардың негізгі бағытына айналған партиялық жобалардың жергілікті тұрғындарды, оның ішінде жастарды Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған сындарлы саясаттың маңына топтастырудағы рөлі – уақытпен айқындалған шындық.
Кеше ғана жуалылық жастар Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауын, қызу қолдап отыр.
Жастар жылының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Партия Төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-қимыл жоспарын жаңаша жүргізілетінін жеткізді.
Осы орайда қойылған міндеттерді іске асыруда «Нұр Отан» партиясына жүктелер жауапкершіліктен сабақ алып, Жастар жылы атқарылатын шаралардың түпкі нәтижесінде жастарға жасалатын жағдайды сезінетін әрбір жастың өз Отанына, өз халқына адал қызмет етіп, оған үлкен сүйіспеншілікпен қарауына жол ашу- міндетіміз деп білемін.
Сондай-ақ, Елбасы көтеретін әрбір бағалы бастаманың басында тұратын «Нұр Отан» партиясының бастамашыл жобалары аясында 2018 жылы ауданда облыста алғашқы болып екі бірдей «Коворкинг орталығы» өз жұмысын бастап кетті.
Ал, бүгінде балаларға арналған тегін ІТ сыныпта оқушылар бағдарламалар жасаумен және робототехника жетістіктерін игеруді қолға алуда.
Әрине, партияның қоғамдағы рөлі мен белсенділігін арттырудағы жемісті тірліктермен қатар, партия аудандық филиалы әрқашанда өз жұмысын нақты нәтижеге қол жеткізуге, қарапайым адамдардың проблемаларын шешуге бағыттайды.
Біз барлық жетістіктеріміз бен қазақстандықтардың басым көпшілігінің жоғары сеніміне ие болуға қатардағы партия мүшелерінің әркүнгі қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Олар мақтауға лайықты адамдар, өз ісінің шеберлері, ел патриоттары. Біз 20 жылдық мереке қарсаңында әріптестерімізге қажырлы еңбегі мен Қазақстан халқына сіңірген қызметтері үшін мың алғыс демекпіз!
Біздің алдымызда әлі қыруар істер мен міндеттер тұр. «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейлі мерекесін лайықты атап өту жөніндегі жұмыстарды өз дәрежесінде бастап кеттік. Ендеше іске сәт, делік!
Анар Ахметова,
«Нұр Отан» партиясы
Жуалы аудандық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары