Basty bet
Ауырмай тұрып денсаулығыңды бағала …
Алла тағала адам баласын басқа барша жаратылыстан ерекшелендіріп, ақыл мен сана беріп, бойын тіктеп, көркем түрде жаратты. Айта берсе сөз жетпейтін көптеген артықшылықтар берді.
Оның бәрін шариғат тілінде «нығмет» деп атайды. Сол сансыз нығметтің қадірлісі – денсаулық. Адам баласы барында бағалай алмай, айырылып қалса таба алмайтын баға жетпес байлық та сол тәннің саулығы.
Денсаулық бәрінен де маңызды. Қазақ халқында «Дені саудың – жаны сау», немесе «Денсаулық – зор байлық» деген нақыл сөздер бар. Халқымыз денсаулықты аса қадірлей білген. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деп ақын жыршылар да саулық жайлы толғаған.
Денсаулық – адам бақытты болуының негізгі кепілі. Дені сау адам ғана арман-мақсаттарын орындай алады.
Халқымыз денсаулықтың қадірін жете білген. Тарихтың талай сынақты белестерінен сүрінбей өтуі де ұлт саулығына тікелей байланысты болса керек. Халқымыз дені сау, ойы жинақы болғандықтан ғана жауынгер, рухты болып тәрбиеленіп, осынау кең даланы қорғап қалды.
Асыл дініміз исламда денсаулыққа қатысты тамаша ғибратқа толы хадистер мен аяттар бар.
Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) денсаулықтың негізгі кепілі тазалықта екендігіне баса назар аударып, осы жайлы көптеген хадистерінде айтқан. Онда денсаулықты басты байлық ретінде бағалаудың маңыздылығын айтқан. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Ауырмай тұрып денсаулығынды бағала» деп саушылықтың мәнін терең түсіндірген.
Қасиетті Құранда «Мәидә» сүресінің 5-аятында «Ей, мүминдер! Алла тағала сендерге ауыртпалық қаламайды. Ол сендерді таза болуларыңды және шүкіршілік етулерің үшін сендерге нығметтерін тамамдауын қалайды»-деп дені сау болудың кепілін, сонымен қатар денсаулық, ғұмыр берген Ұлы Жаратушыға шүкірлік етудің маңызын айтады.
«Ниса» сүресінің 102-аятында Алла тағала денсаулықты қорғау, сақтану туралы «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын» дейді. Яғни, әр адам Алланың берген байлығы – өз денсаулығына өзі жауапты екендігін айтып, өзін мейлінше қорғасын деп ескертеді.
Қасиетті Құранға қайшы келмейтін емдеу жолдарын қолдануға шақырады. Худси хадистерде: «Ауруды жаратқан Алла сол ауруға емді де қоса жаратқан. Әй Алланың құлдары емделіңдер!» делінген.
Елімізде коронавирус індетіне байланысты карантин жарияланып, шектеу шаралары қойылғалы да бір жылға жуықтап қалды. «Бұл адамнан келген сынақ па, әлде Алладан келген сынақ па, жіп тағып біле алмаймыз. Қазір қазбалап оқып, көре берсең «Жер бетінде адамдар көбейіп кетті, қайтсек азайтамыз» деген әңгімелердің де шеті шығады. Одан Алла сақтасын.
Екінші жағынан мұны адам жасады деп айтудан аулақпыз. Бұл – жер бетіне келген сынақтың бір үлкен түрі. Әсіресе, мектепке барып, ойын ойнап жүрген жас балаларға қиындау тиіп отырғаны рас. Қалай болғанда да бүгін бала-шаға, кәрі-жас болып, үйде отырмыз. Дегенмен Алланың пейілі кең. Амандық болса бұл індеттен де құтылармыз. Түбі бір жақсылық болар деп ойлаймын.
Коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын ел болып орындасақ, халық көп шоғырланған жерлерге бармай, үнемі әр адам өзіне қойылған санитариялық-гигиеналық талаптарды орындаса, «Науқастар мен кісі өлімі көбеймей, ауыздықталар» деп ойлаймын.
Коронавируспен бірге алпауыт мемлекеттердің бір-бірімен келісе алмауы да әлемдік экономикаға қалай әсер етіп жатқанын оқып, көріп, біліп отырмыз. Бұл жағдай біздің елдің кірісін мейлінше азайтып отыр. Бұған да төзу керек.
Бұралаң-бұлтарысы көп тарихында қазақ халқы не көрмеген?! Бастан талай-талай қиындықтарды өткерген, «мың өліп, мың тірілген» деп Жұбан ағамыз айтқандай, ашаршылық пен жоқшылықты да көрген елміз. Жердің астындағы қазынаға қарағанда жердің үстіндегі қазынаға – ғасырлар бойы бабаларымыз жолға қойған ауыл шаруашылығына дұрыстап көңіл бөлсек деймін. Азық-түліктің азаюы әзірге сезіліп тұрған жоқ. Қорымыз бар деп жатыр.
Халыққа қажетті үлес беріліп, дәрігерлерге көтермеақы табысталды. Осының бәрі де дер кезінде жасалып жатқан шаруа деп ойлаймын. «Бұл сынаққа да шыдармыз. Қазір осы індетке қарсы жаппай вакцина салдыру қажет деп жатыр. Бұл да еліміздің болашағына өзінің үлкен әсері бар деп ойлаймын.
Ауыл имамы ретінде халыққа айтарым: қай уақытта болсын үйде отырып, осы қысылтаяң шаққа шыдап өтсек, бәріміз де бір кісідей вакцинаны салдырсақ, барлық жақсылық артынан болар деп ойлаймын.
Қазақстанның әрбір азаматы індетке қарсы вакцинаны салдыруы тиіс. Әрбір адамның денінің саулығы өзінің қолында. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын, әмин!
Қырықбай ӘБДУАЛИЕВ,
Шыңбұлақ ауылының имамы.
Жетітөбе ауылдық округі