Basty bet

Білім беру саласына баса назар аударылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осыдан бірер уақыт бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаны белгілі. Қоғам қайраткерлері, ұлтжанды азаматтар мен қоғам белсенділерінен құралған сенім кеңесінің отырысы бұған дейін де бірнеше рет өткізілген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен күні кеше ғана өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі бар екені, сонымен қатар, жаңа заңға қол қойылғаны мәлім болып отыр.
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға ел Президенті қол қойды. Президент Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Жаңа заң азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді. Саяси реформалардың бірінші топтамасына кіретін басқа да заң жобалары әзірленуде. Сондай-ақ сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізетін құжаттарға қол қойдым» деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент кез келген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналғанын баса айтып, әлемде қалыптасып отырған жаңа ахуал білім мен ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отырғанын, білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін осы бастан айқындап алу қажеттігіне де баса назар аударды. Тіпті, бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асыру қажеттігі де айтылды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың айтуынша, бір ғана білім саласында 2025 жылға 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 мектептің, одан бөлек, интернеттар мен спортзалдар салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Кеңес мүшелерінің назарын қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, зорлық-зомбылық пен өз-өзіне қол жұмсау проблемасын шешу, білім беру саласындағы басқару мен қаржыландыру жүйесін жетілдіруге аударып отыр.
Шын мәнінде, Президенттің айтып отырған, кеңес барысында баса назар аударған мәселелері өте орынды. Тәуелсіз елдің көшін жарқын болашаққа бағыттаймыз десек, осы бастан Президент назар аударған мәселелерді тездетіп шешуге кіріскеніміз жөн. Олай болатын себебі, білім мен ғылымы дамымаған елдің тығырыққа тірелетіні анық.
Білім мен ғылымның егіз екені ежелден белгілі. Осы ретте Президенттің ғылымның дамуына да назар аударуы заңды құбылыс. Кеңестің кезекті отырысында тілді оқытудың тиімділігі де сөз болып, ондағы бірқатар проблемалар кеңінен қозғалды. Президент білім мен ғылымға бөлінетін қаржының жоспарлы түрде көбейтілетінін айтып отыр. Қорыта келгенде, кеңес отырысында айтылған мәселелер өзекті әрі ел болашағына елеулі әсер ететін салалар. Таяу болашақта білім саласына баса назар аударылатынын ел өміріндегі маңызды қадам деп санаймын.
Дәулетжан Байдалиев,
зейнеткер ұстаз.
ҚР Білім беру ісінің үздігі.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close