Сананы тұрмыс билеген қазіргідей нарықтық экономикалық қоғамда халықты жұмыспен қамту, заман талабына сай шағын және орта бизнесті дамыту маңызды мәселелердің бірі екені белгілі. Жұмыспен қамту шараларына жәрдемдесуге, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет те басымдық беріп отыр.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуы мен халық тұрмысын жақсарту, сонымен қатар сындарлы қоғамдық диалог орнату арқылы қоғамда тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етуге баса көңіл бөлініп отыр.
Президент Жолдауының «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» деп аталатын бөлімінің «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі» міндетінде: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік берілді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді. Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тікелей байланысты. Бірақ, жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ» делінген жылдың басты құжатында.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі- Бағдарлама) Жуалы ауданында іске асыру барысында биылғы жылы төмендегі іс-шаралар жүзеге асырылды.
2020 жылы Бағдарламаның белсенді жұмыспен қамту шараларына жалпы 4316 азаматты қатыстыру жоспарланды, оның ішінде 3588 адамды жұмыспен қамту жоспарланды (тұрақты жұмыс орындарына- 2038 адамды, уақытша жұмыстарға – 1550 адамды қатыстыру жоспарланды).
Бағдарламаға қатысуға жалпы 1864 адам Бағдарламаға қатысушы ретінде тартылды (орындалуы- 43,1%); (2019 жылы – 1190, жоспар-2756, орындалуы- 43,1%). Бұл бағыттағы көрсеткіштерді қалыпты деңгейде деп бағалауға болады.
Есепті мерзімде барлығы – 1388 азамат жұмыспен қамтылды (орындалуы- 38,6%). Оның ішінде 740 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды, (орындалуы- 36,3%). 648 адам – уақытша жұмыспен қамтылды (орындалуы- 41,8%). (2019 жылы- 907 адам жұмыспен қамтылған; жоспар-2222 адам, орындалуы-40,8%; тұрақты жұмысқа- 328, уақытша- 579).
2020 жылы облыстық басқарманың бастауымен тұрақты жұмыс орындарының жоспары 1-тоқсанда- 1269, 2-тоқсанда – 1578 және шілде айының басында 2038 жұмыс орындары болып өзгеріп отыр. Бұл жағдайлар ауданымызда Бағдарламаның көрсеткіштерін орындауда өзінің кері әсерін тигізіп отыр.
Бағдарламаның бірінші бағыты – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету шеңберінде 2020 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жалпы 120 азаматты жолдау жоспарланды. Таратып айтсақ, дәнекерлеуші-15, тракторшы-20, аспазшы-20, тігінші-15, шаштараз-15, ірімшік өндірісі- 10, көлік жүргізуші-10, кондитер-15.
Есепті мерзімде 120 қатысушы аудандағы №16 Жуалы колледжіне және Тараз қаласындағы колледждерге оқуға жолданып, орналастырылды. Жоспар 100 пайыз орындалды. (2019 ж.- 165 адам, жоспар- 200; орындалуы-82,5 пайыз).
Оқуды ұйымдастыруға облыстық бюджеттен бөлінген 25 миллион 848 мың теңге қаражат жоспарға сәйкес шілде айынан бастап игеріле бастады.
Бағдарламаның екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 131 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берілді. Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытуға 145 қатысушыға 545 миллион 161 мың теңге берілу қарастырылған. Есепті мерзімде жалпы 69 қатысушыға 261 млн 700 мың теңге көлемінде шағын несиелер беріліп, бұл жұмыстар әлі де жалғастырылуда. (Орындалуы- 48,0%). (2019 жылы – 25 адамға 15 млн теңге берілген, жоспар-142 адам, орындалуы-17,6 пайыз).
Жаңа бизнес-идеяларды, бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастамалар бойынша айтар болсам, 2020 жылы қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға 270 әлеуетті қатысушыға 150024,0 мың теңге бөлініп, жоспарға сәйкес бұл қаражаттар маусым-шілде айларында игерілу көзделген. Жоспарға сәйкес маусым айында – 105 қатысушыға 58338,0 мың теңге берілді. Қалған 165 адамға – гранттар комиссия отырысында оң шешім алынып, шілде айының соңына дейін гранттар беріледі.
«Бастау-Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» ҰКП-ның Жуалы аудандық филиалына кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 400 азаматқа жолдамалар беріліп, 187 қатысушы оқу процестеріне қатысып, 117 адам оқуларын сәтті аяқтады. (2019 жылы- 101 білімгер оқуға жолданып, 92 адам оқуын аяқтаған, жоспар-135 адам, орындалуы- 74.8 пайыз).
Ал бағдарламаның үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту шеңберінде уақытша жұмыстарға жалпы 648 адам жолдама алды (2019 жылы- 579 адам).
Қоғамдық жұмыстарға барлығы 1000 жұмыссыз адамды орналастыру жоспарланып, нәтижесінде 358 адам жұмысқа орналастырылды (орындалуы-35,8%). (2019 жылы- 261 адам, жоспар-318, орындалуы-82,0 пайыз).
Жергілікті бюджеттен бөлінген 54179,0 мың теңге қаражатының 29000,0 мың теңгесі, республикалық бюджеттен бөлінген 272 миллион теңге қаражатының – 40 млн теңгесі игерілді.
«Жастар тәжірибесіне» 430 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, нәтижесінде 117 жас маман жұмысқа жолданды. (Орындалуы-27,2%) . (2019 жылы- 158 адам, жоспар-120, орындалуы- 131,6 пайыз).
Республикалық бюджеттен бөлінген 159059,0 мың теңгенің 15520,0 мың теңгесі игерілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 11363,3 мың теңгенің 4800,0 мың теңгесі игерілді. Шілде айында жалпы 144 жас маман жұмысқа жолдама алып, орындалуы -33,4 пайызды құрап отыр.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жылдық жоспарға сәйкес 120 адамды орналастыру жоспарланып, 173 жұмыссыз азамат жұмысқа жолдама алды. (Орындалуы-144,2%). (2019 жылы бұл көрсеткіш 160 адам, жоспар-120, орындалуы- 133,3 пайызға тең болған).
Республикалық бюджеттен бөлінген 21126,0 мың теңгенің 9575,0 мың теңгесі игерілді. Жергілікті бюджеттен – 4200,0 мың теңге бөлінген, игерілгені 1575,0 мың теңге.
Жұмыспен қамту, тиімді бизнес-идеяларды қолдау бағытындағы тиісті жұмыстар жыл соңына дейін жалғаса беретін болады.
Нұрлан ӘНУАРБЕКОВ,
аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы