Basty bet

Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың ҚҰТТЫҚТАУЫ

«Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі» деп Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, оның көрсеткен бағытымен бой көтерген бір кездегі алып құрылыстар алаңы бүгінгі күні Сарыарқаның сары белін қайыстырған шырайлы шаһарға айналды.
1994 жылдың 6 шілдесінде сол тұстағы Жоғарғы Кеңестің шешімімен Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді, кейін бұл қаланың аты Астана болып ауыстырылды. Ал 1998 жылдың 6 шілдесінде Астананың халықаралық таныстырылымы болып өтті.
Еліміздің жүрегі – Елорда күнін мерекелеу 2006 жылдан бастап игі дәстүрге енген болса, бұл күн ресми мемлекеттік мереке болып 2008 жылы 24 маусымда белгіленгені мәлім.
Содан бері осы күн елорданың туған күні ретінде мерекеленіп, еліміздегі мәні зор, маңызы айрықша мерекелердің қатары тағы бір күнмен толықты. Осындай жаңа қаланың, тәмам жұртты көркімен тамсандырған Елорданың күнін Қазақстан халқы биыл 21-інші мәрте атап өтетін болады.
Елорда күні – жалпыұлттық сипатқа ие мерекеге, халықтың асыға күтетін зор қуанышына айналып үлгерді. Жастығына қарамастан, еліміздің астанасының бүгінгі бағындырған биіктері мен жеткен жетістіктері жетерлік. Барша қазақстандықтар үміт артып, үлгі тұтып отырған бас қаламыздың қарышты қадамы шынында да мақтан етуге лайық. Астана – еліміздің бақыты.
Елорда қашанда елдің жүрегі. Осында көптеген тағдырлы шешімдер қабылданады. Еліміз болашаққа көптеген нақты мақсатты қадамдар қойып отырғаны белгілі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев он басым бағытты белгіледі. Осынау бағыттарды жүзеге асыру міндеті билік пен тәуелсіз ел халқына артылған үлкен сенім жүгі екені анық. Одан бөлек, жақында ғана ел Президентінің «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығы жағдайы төмен отбасыларға жасалып отырған бірегей көмек болып отыр. Мұндай батыл қадамдар елді озық отыздыққа оздырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсуге оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Нұр-Сұлтан Қазақстанның ірі басқару орталығы ғана емес, бұл – еліміздің инновациялық дамуындағы көшбасшысы, Қазақстанда жаңа мыңжылдықтың қайта құрылудың қозғаушы күші бола білген қала.
Қымбатты жуалылықтар!
Сіздерді 6 шілде –Елорда күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке, ынтымақ, бейбіт аспан, Тәуелсіз еліміздің күш-қуаты еселеп арта беруін тілеймін!

Таңдаулы материалдар

Close