Basty bet

Қақпақылға түскен арық суы

Көктемнің соңғы айы ортадан ауып, тамылжыған жаз мезгілі таянды. Дәл осы тұста ағын судың қажеттілікке айналары даусыз. Бақшашылар үй іргесіндегі алты соттық жерге егетін, себетін дақылдарын сеуіп, арықтан келетін бақша суын күтеді.

Біз тұратын Қайрат Рысқұлбеков көшесінің аяғындағы сайдан көтерілетін сумен бізден әрі жетпіс шақты үйдің бақшасы су ішеді. Күн шыжығанда судың көлемі азайып кетеді. Судың тапшылығынан бақшалық жер толық игерілмейді. Жартысы бос жатады. Базбіреулер мүлдем қолын бір сілтеп, оған артық бас қатырғысы келмейді.
Билік уәде еткен Ақсай каналынан келетін мол суға мен де үміт артып, былтыр көктемде арықтың тұсынан бетон тоспа соқтым. Алайда, былтыр каналдан бір тамшы да су келмеді.
Биыл да канал жаққа елеңдеп, бақшамның басым бөлігін игеріп қойдым. Дегенмен, қамсыз қалмайық деп, сайдың суына да әрекет жасауға кіріскенбіз. Жылдағы әдетпен көше тұрғындары бірігіп, мұрабымыз Әлихан Ысқақовпен арықтың бойын қарап, тазалауға шыққанбыз.
Сайдың суы бізге жеткенге дейін біраз жер сай жағалап жүріп, кейін іргеміздегі Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы бірнеше ауланың шарбағынан өтеді. Бұған дейін олардың ешқайсымен су өткізу жөнінде бәлендей келіспеушілік болмаған. Болса да, мұрап бәрін өзі реттейтін.
Бақша суына қатысты лаң биыл пайда болды. «Бірдің кесірі мыңға тиеді» дегендей, екі ауылдың шекарасындағы Ақсай көшесінің бірді-екілі тұрғыны осыншама аула су ішіп отырған арықты «әрмен тартыңдар, біз бұл арадан үй саламыз», «арықтарың біздің үйіміздің іргесін шаятын болды» деген желеумен шарбағынан өтуге үзілді-кесілді қарсы шықты.
Күн болса, сәт сайын ысып келе жатыр. Бақшадағы желкілдеп, тамыр алған көшетке уақтылы су салмаса, ендігі кеш болады. Оны бақша салғандар жақсы біледі. Абырой болғанда, тұрғындар мен аула иелерінің арасындағы дау ортақ мәмілемен шешілді. Оған екі ауылдың әкімдері мен тәртіп сақшылары араласты. Соның арқасында үй иелері шарбақтағы арықтың бағытын бұруға келісті …
Бақша иелері бұл шешімге де риза болысты. Дегенмен, суды өрге шығару үшін біраз еңбектенуге тура келеді. Ауыл әкімі Марат Сайлауұлының қолдауымен бұл мәселе шешімін табатын болды. Ақсай көшесіне асфальт төселгенде жолдың арғы бетіне өтетін көпірдің деңгейі біршама жоғары көтерілген-ді. Енді мына жағдайда, сол көпірді мына арықпен деңгейлестіріп, төмен түсіру қажет.
Ауыл әкімі тиісті орындардың рұқсатымен «Жуалы су» мекемесінен техника сұратып отырғанын айтты. Сол арада «Жуалы су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаев келе қалып, арыққа қажетті техниканы ертеңнен қалдырмай беруге уәде етті.
«Кісідегінің кілті аспанда» деп, алдыңа келген кісіге тым шалқая берген жараспас. Көп жылдан бері көптің қажетіне жарап тұрған арықты бір сәтте қақпақылға салып, «олай тарт, былай тарт» деп, лаң салу кімге абырой әпереді?! Ашумен емес, ойланып, сабырмен шешсек, адамдықтың жолы сол болмас па еді?!Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close