Basty bet

Бейнелеу өнері биік талғамды қалыптастырады

Бүгінгі таңдағы қазақ бейнелеу өнері – әбден толысқан, жоғары деңгейде шыңдалған, толымды өнердің бірі саналады. Осы дәрежеге жету үшін де еліміздің мәдени өмірінде, небір күрес пен ізденіске толы процестердің жүргені анық.
Елімізде ғана емес, көптеген шетелде қанатын кеңге жая бастаған «Бүкіл әлемде – бейбітшілік» халықаралық жылжымалы көрмесі Қазақстан балалары үшін үлкен шығармашылық алаңына айналып үлгерді. Дарынды өрендерді, оның ішінде балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі суретші балалардың туындылары осы көрме аясында кеңінен насихатталып келеді.
Бұл туралы күні кеше ғана Жуалы ауданындағы №1 Балалар өнер мектебінің базасында өткен «Бейнелеу өнері – көркемдік талғам қалыптастырудың өзекті құралы» атты облыстық семинар барысында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, республикаға белгілі кескіндемеші, Еуразиялық шығармашылық Гильдиясының мүшесі Болат Хамзин айтып берді.
Иә, көрме туралы кеңірек айтар болсақ, «Art palette» қоғамдық қоры бірнеше жыл бойы Қазақстан Мәдени дипломатиясы халықаралық қауымдастығымен ынты-мақтастықта балалардың суреттерін шетелдерде насихаттаумен айналысып келеді. Өткен жылы аталған қор тарапынан балалар шығармашылығы жобасы әзірленіп, «Бүкіл әлемде – бейбітшілік» ұранымен «Ұлы Жібек жолы» аясында көшпелі көрме бастау алған болатын.
Осы жобаның аясында алдыңғы жылдары Париждегі Лувр музейінде өткен әлем балаларының сурет көрмесінде Қазақстан және Қырғызстан жеткіншектерінің де туындылары қойылды. Бұл көрме өнертанушылар тарапынан жоғары бағасын алып, одан кейін «Ұлы Жібек жолы» аясында Орталық Азия елдері мен Түркияда өз жалғасын тапқан болатын.
«Жобаға Қазақстан балаларының белсенді қатысуы ерекше назар аударуды қажет етеді. Сурет арқылы балалар қоршаған ортаға көзқарасын, ішкі көңіл-күйін білдіре алады. Олар салған суреттерде әдебиет, музыка, философия жиынтығы, адами құндылықтар көрініс береді. Осы орайда талантты да талапты балаларға туған өлкесін ғана емес, әлемді тануға мүмкіндіктер қарастыру олардың шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал етеді», дейді облыстық семинарға қатысқан танымал суретші, ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Хамзин.
«Бейнелеу өнері – көркемдік талғам қалыптастырудың өзекті құралы» атты облыстық семинарға облыстағы балалар шығармашылығын дамыту орталықтары мен мекемелерінде жұмыс істейтін қызметкерлер және бейнелеу өнерінің шеберлері шақырылды.
Семинардың ашылуында облыс әкімдігінің білім басқармасының «Тәрбие және қосымша білім беру» бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева құттықтау сөз сөйлеп, облыстық іс-шараның балалар шығармашылығына және осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен мамандар үшін тиімділігін ерекше атап өтті.
Семинардың пленарлық бөлімінің отырысын аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев ашып, жүргізіп отырды. Ерназар Оралбекұлы сонымен қатар, «Қосымша білім беруде балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту әлеуеті» тақырыбында баяндама жасап, бұл бағытта аудан көлемінде балар шығармашылығына қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың бірсыпырасынан хабардар етті.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, республикаға белгілі кескіндемеші, Еуразиялық шығармашылық Гильдиясының мүшесі Болат Хамзин «Қосымша білім беру: оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» тақырыбында қатысушылармен ой бөлісті. Ал Тараз қалалық балалар көркемсурет мектебінің кескіндеме пәнінің мұғалімі Перизат Қалмаханбет «Бейнелеу өнері сабағында инновациялық технологияны пайдалана отырып, білім алушыны шығармашылық ізденіске баулу» тақырыбында шығармашылық тұрғыдан ой қозғады.
Облыстық семинардың барысы ары қарай негізгі практикалық бөлім арқылы өрбіп, онда №1 Балалар өнер мектебінің көркемсурет сыныбының мұғалімі Ғалия Қызайбаева «Шығармашылық сурет. Натураны шығармашылық тұрғыдан пайымдаудағы нақыш және нақыштық тәсілдер» тақырыбының аясында ашық сабақ өтті. Сондай-ақ аталған өнер мектебінің көркемсурет сыныбының мұғалімдері – Нұржан Өміртай және Айғаным Жылқыбаева табиғатты бейнелеу және материалмен жұмысты практикалық тұрғыда көрсетсе, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Дастан Оразханов майлы бояумен кескіндеме, ал мастихинмен жұмыс жасау шеберлік сыныбын №1 Балалар өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев көрсетті.
Семинар барысында қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылып, балалар шығармашылығындағы бейнелеу өнерін дамытуды мақсат тұтқан облыстық іс-шараны облыстық білім басқармасының «Тәрбие және қосымша білім беру» бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева қорытындылады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close