Basty bet
Бір мақсат, бір мүддеге жұмылайық!
Бисмиллахир рахманир рахим.
(Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын).
Ел басына қауіп-қатер туған сын сағатта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев түн ұйқысын төрт бөліп, сабырлылықпен, парасаттылықпен дер кезінде дұрыс шешім қабылдады. Алла тағала уақтылы жәрдем беріп, дұшпандардың ойын тез түсінді.
Қазақ халқы Қасым-Жомарт Кемелұлының сөйлеген сөзін қадірледі, әсіресе «Мен елімді, жұртымды осындай сын сағатта тастап кетпеймін. Егемендігімізді сақтап қаламыз» деген сөзі уайымға батқан халыққа жігер берді. Ел-жұрт риза болып, көздеріне жас алды.
Бұрынғы өткен данышпан адамдар айтқан екен «Жеңіп шығуды ойыңнан шығарма, жеңіліс болған жерде тұру қажетсіз» деп. Ақыры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елімен бірге жеңіп шықты.
«Жуалы» көпшілік мешітінің атынан Қазақ еліне, болған жағдайдың арты жақсы болып, «Кеткеніміз келіп, кемтігіміз толсын» деймін.
Айналайын, жас жеткіншектерім! Сендерге айтарым, Отансыз өмір жоқ. Оны көздің қарашығындай сақтаңдар. Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер, халықтар достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстаңдар. Ел басына, Тәуелсіздігімізге қатер туған сын сағатта қазақстандық сарбаздарымыздың қаза тапқандарын көрдік. Олардың имандары жолдас болсын. Өз Отаны Қазақстанның Тәуелсіздігін қорғауда жанын пида етті. Олар ұлы Отанымыздың Тәуелсіздігі үшін жан тәсілім етті. Жатқан жерлері жәннат болсын, топырақтары торқа болсын.
«Бас басыңа би болсаң,
Мұнар тауға сыймайсың.
Бас алқалың бар болса,
Жанған отқа күймейсің» демекші, осындай Президентімізге қолдау білдіріп, бірлігімізден айырылмай, еңбек етейік. Бірігіп, бір мақсат-мүддеге еңбектенсек, біз алмайтын асу жоқ.
Сейітқазы қажы Әбдірұлы,
«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы.
Жуалы ауданының билер
кеңесінің мүшесі