Qoǵam
Жақыныңа жанашыр бол!
Бүгінде елімізде коронавирус індетіне қарсы вакцина алу процесі жүріп жатыр. Азаматтарға қандай вакцина алу таңдауы да бар. Вакцина салдырамын деуші азамат өз еркімен қалаған екпе түрін салдыра алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте «Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл- біздің азаматтық парызымыз» деген болатын. Осы ретте, коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу міндеті тұр. Қазіргі күнде бұл індeтке немқұрайды қарауға болмайды. Керісінше, жақындарымыздың алдында жауапкершілігімізді сезініп, азаматтық парызымызды орындағанымыз жөн.
Қасиетті Құран кітабының «Бақара» сүресінің 195 – аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деп бұйырған. Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Ал, ардақты Мұхаммед Пайғамбар өз сөзінде: «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік» деп өсиет қалдырған. Ислам дінінде адамның иммунитетін күшейтетін дәрумендерді қабылдауға, қолдануға тыйым салынбаған екен. Ал вакцина болса аурулардың уыттылығын әлсірететін, оған қарсы иммунитетті күшейтетін препараттардың бірі болып табылады.
Әрбір адам өз денсаулығына аса мән беру қажеттілігі турасында қазақ халқының даналығында: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаса керек. Қазақ жеті жұттың біріне індетті де жатқызған. Кезінде шешек, тырысқақ, оба, сүзек ауруларынан талай адам қырылғаны тарихтан белгілі. Бұл індеттің барлығын ата-бабаларымыз вакцина алу арқылы жеңіп шықты.
Қазіргі таңда Жамбыл өңірі жасыл аймақта. Ал, 1 қарашадағы эпиедмиологиялық жағдайға назар аударар болсақ, “қызыл аймақта” әлі де бірнеше облыстың тұрғанын көруге болады. Яғни, індет Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өршіп тұр. “Сары аймақта” Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары бар. Жамбыл өңірімен бірге Шымкент қаласы, Атырау, Алматы Батыс Қазақстан Түркістан, Маңғыстау облыстары “жасыл аймақта”. Елімізде 31 қарашада берілген ғаламтордағы соңғы мәліметке сүйенсек, 1 395 адам короновирус індетін жұқтырған. Бұл дегеніміз, бізге әлі де босаңсуға болмайтындығын білдіреді.
Сақтық шараларын сақтап, жақындарымызды вакцина алуға шақырған жөн. Өйткені, бұл індетті толық иммундық ұжым қалыптастырғанда ғана жеңіп шығуға болады. Әр азамат өзінің денсаулығына немқұрайдылықпен қарамай, жақындарына жанашырлық көрсеткені абзал.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»