Qoǵam
Екпе егу жұмыстары қарқынды жүруде
Екпе егу арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы жақындарыңды қауіпті індеттен қорғауға болатыны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен шынайы ақпараттар таратылуда. Осыған сәйкес, ауданда да коронавирус індетіне қарсы халықты вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігерлерінің мәліметінше, екпе егу жұмыстары басталғаннан бері, дәлірек айтқанда, ақпан айының басынан жергілікті тұрғындарды вакцинациялау мақсатында ауданға 10 750 доза вакцина жеткізілген. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, аудандағы екпе алуға жататын мекеме қызметкерлерін және тұрғындарды қосқанда, маусым айының соңына дейін тиісінше, 9000-нан астам адам екпе салдырып отыр.
Екпенің І компонентінен қалған 1867 доза вакцина аудандық орталық ауруханада сақтаулы. Ал ІІ компонентін егу үшін 2765 доза бар көрінеді.
Қазіргі таңда облыс, аудан басшыларының тапсырмасына сәйкес, ауданда екпе егу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, аудандық орталық аурухананың тарапынан жылжымалы медициналық кешені (медициналық құрал-жабдықтармен арнайы жабдықталған автобус) халық көп шоғырланатын орындарда, сонымен қатар, аудан орталығына жақын орналасқан ауылдық округтерге шығып, тұрғындарға екпе егу үстінде. Өз кезегінде қауіпті індетке байланысты вакцинациялауға жергілікті тұрғындар да түсіністікпен қарап, ерікті түрде екпе салдыруда.
***
Аптаның сәрсенбі күні Жуалы ауданы әкімі жанындағы мониторинг тобының мүшелері аудан орталығындағы бірқатар сауда нысандарына барып, қауіпті індеттің алдын алу, адамдар көп шоғырланатын жерлерде сақтық шараларын сақтау, аудандағы екпе егу жұмыстарының барысы, сонымен қатар, сауда орындарының иелері мен жұмысшыларына екпе егу жөнінде ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімінің бас инспекторы Ермұхамед Сүгірбеков бастаған және БАҚ өкілдері, сондай-ақ, ерікті азаматтардан құрылған мониторинг тобы орталық базар аймағындағы «Қаракөз» сауда үйінде орналасқан «Мега-Арзан Жуалы», киім-кешек дүкені, «Технодом» техникалық тауарлар дүкендер желісінің аудандағы филиалы, «Универсам» сауда үйі, сонымен бірге, «Табиғат байлығы», «Жуалы – жер жәннаты» көкөніс және ет сататын жабық базарларға, барлығы 18 нысанға арнайы барып, «COVID-19» індетінің таралуының алдын алу мақсатындағы сақтық шараларын түсіндіріп, осыған сәйкес, ондағы қызметкерлерге екпе салдырудың маңыздылығын айтып берді. Мониторингтік топтың мүшелері сауда орындарындағы сақтық шараларын зерделеу барысында карантин талаптарының сақталмау деректері анықталған жоқ.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»