Qoǵam
Партияны қайта жаңғырту аспектілері қозғалды
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының аудандық мәслихаттағы депутаттар фракциясының кезекті отырысы өтті. Жиынға фракция мүшелерімен қатар фракция жанынан құрылған комиссия мүшелері, жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыста қаралған бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының, мемлекеттік салалық және өңірлік бағдарламалары аясында өңірде салынып және жөнделіп жатқан жолдар мен құрылыс жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Фракция мүшелері баяндамашыға «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінетін қаражаттың және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу мақсатында «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының аудандық мәслихаттағы фракциясы жанындағы комиссияның зерделеуі нәтижесінде анықтаған кемшіліктер жөнінде өз сауалдарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды.
Комиссия мүшесі Сейітхан Жұмашев салынып жатқан облыстық мәндегі жолдардың сапасын сынға алып, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының м.а. Нұрсұлтан Сауырбаевты сұрақтың астына алса, фракция жетекшісі Анар Ахметова «Көктөбе», «Теріс» «Қосбөлтек», «Нұрлыкент» тұрғын алаптары (электр қуатымен, газбен, сумен қамтамасыз ету және автомобиль жолдары) инфрақұрылым объектілерінде осы күнге дейін құрылыс аяқталса да, әлі де қаражатының толығымен аударылмау себебін сұрады. Өз кезегінде аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының м.а. Нұрсұлтан Сауырбаев келісімшарт бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі шілде айының орта шенінде аяқталғанын, мердігерге әр кешіккен күніне 0,1 пайыз көлемінде тұрақсыздық айыбы жүргенін, құрылыс жұмыстары толық аяқталғанымен, құжаттамалары толық өткізілмегендіктен, экономикалық сотқа талап арыз берілгенін мәлімдеді.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелер бойынша фракция мүшелері Керімқұл Бегалиев пен Күлбақыт Айтқұлова қоғамдағы атқарған депутаттық қызметі туралы жан-жақты баяндады.
Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Анар Ахметова «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы-Елбасы ұсынған жеті серпін туралы баяндай келе, партияны қайта жандандыру бойынша жұмысты жаңғырту аспектілеріне тоқталып, қолға алынған шаралар туралы пікір алысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау аясында, таңдалған старатегиялық бағыттың сабақтастығын қамтамасыз ету үшін халықты партия төңірегіне топтастыру негізінде ауданда, елді мекендерде құрылып жатқан диалог алаңдарының мән-мақсаты түсіндіріліп, онда халықпен кері байланысты күшейту қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, фракция мүшелеріне алдағы уақытта әлеуметтік желілердің тікелей эфирінде қоғамдық қабылдау жүргізуді тапсырылды. «Сонда шалғай ауылдардан азаматтар ат арылтып келмей, сауалдарын үйінде отырып жолдай алады. Бұл дегеніміз Жолдауда айтылған халықпен кері байланыстың да өз деңгейінде орнығуы»,- деді Анар Ахметова.
Күн тәртібіндегі қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»