Qoǵam

Бәсекеге қабілетті ұлт болудың бірінші сатысы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылдың қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының жетінші құрылтайында «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны жария еткені белгілі. Бұл идеяның негізі мынадай: Қазақстанда бүкіл әлем халқы үшін үш тілді бірдей пайдаланатын жоғарғы білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Қазақстан үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шет елдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.
Тілді білгеніміз жақсы, әрине. «Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл» демей ме?! Осы ретте өзге тілді біліп еркін сөйлей алсақ, бұл еліміздің экономиканың дамуына да көп көмегін берері сөзсіз.
Сондай-ақ, тіл – халықтың тарихы, шежіресі халықтың күллі өмірінің жаңғырығы мен ізі, онан сол тілді жасаушы халықтың арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы күллі рухани өмірінің үні естіліп тұрады. Сол себепті өз мемлекеттік тіліміздің дамуы бірінші орында. Тіл – адамның аса маңызды құралы болып саналады.
Тіл – адам мен қоғамның өмір сүруінің және дамуының қажетті шарты болып табылады.
Қазіргі таңда Қазақстанда тіл мәселесіне көп мән беріледі. Әсіресе, үштұғырлы тіл жөнінде айта кеткен жөн.Үштұғырлы тілдің көмегі арқылы тілдерді еркін меңгеріп, біліп, басқа халықтармен еркін қарым-қатынас жасап, әрбір елдің сәлемдесу ерекшеліктері мен мәдениетін, ғылыми істерін, түрлі жобаларын тани алатын боламыз.
Үштұғырлы тіл бәсекеге қабілетті ұлт болуымыздың бірінші сатысы. Бұл дегеніміз – тіл үйрену мен оқуды, жазуды балалардан бастағанымыз жөн деген сөз. Болашағымыздың жастардың қолында екенін ескерсек, осынау маңызды жұмыстарды балабақша мен мектептерден бастаған әлбетте, дұрыс болмақ.
Тілдерді оқыту қазіргі таңда қолға алынып отырған үлкен мәселе екені сөзсіз. Оған жауапкершілікпен қарап, дамытуға үлкен үлес қосып отырған ұстаздарға мың алғыс айтқан болар едік. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демей ме?! Білімді, жан-жақты ұстаздарымыздан білім алған балаларымыз жақсы тілдерді меңгермек. Тіл саясатын сауатты және дәйекті түрде әрі қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек.
«Үштұғырлы тіл» идеясының құрамдас бөлігі ретінде ағылшын тілін үйренуді айтуға болады. Қазіргі таңда ағылшын тілін меңгеру ғаламдық ақпараттар мен инновациялық технологиялардың ағымына кіру деген сөз. Мысалы, ағылшын тілінің мәртебесі жөніндегі мынадай пікір бар. Көп тілді оқыту жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауға жол алатын әлемдік ғылым құпияларын үйреніп, өз қабілетін танытуға мүмкіндік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Бүгінгі таңда әлемдегі шығарылатын оқулықтардың 85 пайызы ағылшын тілінде. Қазақстанда 3,5 мың шетелдік компаниялар жұмыс істеуде. Сондықтан «Үш тілділік» біз үшін қалыпты жағдайда болуы керек. Қорыта келгенде, үштұғырлы тіл идеясы – жарқын болашақтың кепілі.

Жанар Жақсымбек,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» Жуалы аудандық бөлімшесінің оқытушысы

Таңдаулы материалдар

Close