Qoǵam
ҚҰТ қонған шаңырақ
Ана – құдірет. Иә, үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана – бар мұратын отбасының игілігіне байлаған әлемдегі ең ізгі адам. Ана – барлығын жеңетін тіршіліктің бұлағы. Ана – адамзат мекен ететін жер шарының әр түкпірінде, әр үйде мейірім мен мерейдің, достық пен туыстықтың туын тіккен адам.
Кәріқорғандық Қанқыз Әбдіқасымова әжеміз биыл 90 жасқа толып отыр. Он ұл-қыз тәрбиелеп, өсірген ардақты ана бүгінде тамырын тереңге жайып жайқалған саялы бәйтеректей бақытты ғұмыр кешуде. Қанқыз әже ұл-қыздарының барлығын өз ұясына қондырып, олардан немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған жайы бар. Әжеміздің ең кішкентай қызының өзі биыл елуге толып отыр.
Қанқыз Әкімқызы 1929 жылы Түркісіб ауылында өмірге келген. Әкесі өмірден ерте озған. Отбасында ағасы, анасы үшеуі ғана болды. Соғыс жылдары ағасы соғысқа аттанып, 1945 жылы жараланып, елге оралады. Қанқыз апа анасына жәрдемдесіп жүріп еңбекке ерте араласады. Шөп тасиды, әртүрлі жұмыстар істейді. Ағасы Тұрсын Әкімұлы Талдыбұлақ ауылындағы мектепке мұғалім болуына байланысты отбасы сол ауылға көшеді. Ал, Қанқыз апа Түркісіб ауылының азаматы Баймолда Әбдіқасымовқа тұрмысқа шығып, ауылда қалады. Бұл 1948 жыл болатын. Марқұм Баймолда ата Шымкент педагогикалық институтында оқиды. Жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен соң, Шымбұлақ ауылында мұғалім болып еңбек етеді. Кейін колхоз басшысы болып ұзақ жыл қызмет етті.
Қанқыз ана он құрсақ көтерген. Үлкен ұлы – Ділдәбек. Қалғандары қыздар. Ұлы Күлия есімді қызға үйленіп, ұлды-қызды болып, ата-анасына алтын қазынам деп қамқор болады. Келіні ауылдағы мектепте 40 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Тағдырдың жазмышымен Ділдәбек аға да 2012 жылы өмірден озды. Ділдәбек аға жолдасы Күлия анамыз екеуі бес қыз, бір ұл тәрбиелеген. Бүгінде олардың барлығы үйлі-жайлы. Қанқыз әжеміз бен Күлия анамыз бүгінде қасиетті қара шаңырақтың иесі Серік пен келіні Ұлжанның қолында бақытты ғұмыр кешуде. Серік 2012 жылы Тараз қаласына қоныс аударған. Әкесінен өнегелі тәрбие алған Серік бүгінде облыстық прокуратурада прокурордың көмекшісі болып еңбек етуде. Кішіпейілділіктің, кісіліктің, өнегеліліктің үлгісі бола білген қос ананың шаңырағынан шуақ шашылып тұрғандай. Бүгінгі жас отбасыларға осындай шұғылалы, өнегелі отбасылардың өмір жолы үлкен үлгі-өнеге.
-Соғыстан кейінгі жылдар. Халықтың жағдайы өте нашар. Біз де кішкентай үйде тұрдық. Сонда жолдасым айтушы еді: «Қанқан, (ол еркелетіп осылай деуші еді) мен үлкен үй соғамын, ағаштан еден салып, саған биік өкше туфли алып беремін. Сен сонда тықылдатып жүретін боласың. Ақ мәшине аламын. Сен алдында, менің жанымда отырасың»,- дейтін. Баймолда мақсатшыл, жаңашыл еді. Алдына биік мақсат қоятын және соны орындауға барын салатын. Биік еңселі үй де соқты, мәшине де алды.
Екеуміздің жұбымыз жазылмайтын. Қайда жүрсек те бірге жүруші едік. Ұл-қыздарымыздың барлығына жоғары білім алып бердік. Ділдәбек мұғалім болды. Қыздарымнан Такурам медбике, қалғандары Роза, Бакира, Ұлғаным, Раушан, Гүлжан, Орынбала, Нұргүлдің мамандығы – мұғалім. Бірақ, Ұлғанымым бүгінде Бауыржан Момышұлының музейінде қызмет етеді,- дейді Қанқыз апа.
Баймолда ата мен Қанқыз апаның отбасы бүгінде өсіп-өнген үлкен бақытты, мерейлі шаңырақ. Барлығы жан-жақтан жиналғанда ынтымақ пен сыйластықты ту етіп, мәре-сәре болысады.
-Отбасы болғаннан кейін «ыдыс-аяқ сылдырламай» тұрмайды ғой. Бірақ әкеміз бен анамыз қай кезде де ақылын айтып, жөн сілтеп отыратын. Анамыз үнемі «қыздарым, үйге күліп келіп, күліп қайтыңдар» деп отырады. Анамыздың осындай тәрбиесінің арқасында бәріміздің отбасымыз бүтін. Қазіргі жас отбасылардың арасындағы ажырасудың көбеюіне қарап, бүгінгі отбасыларда осындай тәрбиенің жетіспейтінін анық аңғарамыз. Бәріміздің бір-бір үй болып, маман болып қызмет етіп, ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отырғанымыз бірінші Алланың екінші осы ата-анамыздың арқасы,-дейді ортаншы қызы Бакира.
Халқымызда «Ерлі-зайыпты тату болса, шырағы жанар, Ерлі-зайыпты араз болса, өмірден көңілі қалар», «Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын, әйел адамның алдында тербелетін бесігі болсын» деген мақал-мәтелдер бар. Қандай адамгершіліктен туындаған арман-тілек, адамның адамдық парызы анық бейнеленген!?
«Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты» деген сөзде де ата-ананың парызы өте әдемі бейнеленіп тұр.
Шығыста: «Үш іс тындырған адам: яғни, бала өсірген кісі, тал өсірген кісі, кітап жазған кісі өлмейді» деген даналық бар. Баланы дүниеге әкелдің бе, оны баға да біл, баули да біл. Халық даналығы ата-анадан осыны талап етеді.
«Тәрбие жалқауды да адам етер, еркелік жақсыны да надан етер». Егер балаңызды ізгілікке, еңбексүйгіштікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа тәрбиелесеңіз ғана дұрыс баули білгеніңіз. Қанқыз апамыз жолдасы екеуі ұрпақтарын дұрыс баули білген асыл жандар деуге болады.
-Ата-анамыздан алған өнегеміз көп. Нағашы Тұрсын ағамызды біз әкеміздің інісі екен деп ойлаушы едік. Себебі, екеуі туған бауырдай сыйласатын. Тұрсын ағамыз бен Әтір жеңгеміз өте тамаша кісілер еді.
Анамыз жас кезінде құрақ құрайтын, киіз басатын, қымыз ашытатын. Әкеміз басшылық қызметте болғандықтан үйімізден қонақ үзілмейтін. Анамыздың дастарқаны жиылған емес. Әкеміз таңертең жұмысқа кетіп бара жатып анамызға: «бүгін түске дайындал, қонақ келеді» деп айтып кетеді. Анамыздың дастарқаны түсте міндетті түрде дайын тұрады. Анамыз «Үйге келген әрбір қонақ өз ырысын ала келеді» деп отырады. Анамыздың қымызы сондай кісілердің арқасында Москваға дейін барған.
Ата-анамыздан қонақ күту, кісімен сыйласудың қыр-сырын үйреніп есейдік,- дейді қыздары Такура мен Нұргүл.
-Ененің тәрбиесінің орны келін үшін әрине бөлек. Отбасымда алған тәрбиемді келін болып түскен жерімде дамыттым. Апам өте еңбекқор, кішіпейіл, пейілі кең жан. Сол еңбекқорлығының арқасында әлі күнге дейін тың, жүріп-тұруы ширақ. Жас кезіңде ата-анаңа не істесең, қартайғанда сол алдыңа келеді деп тегін айтпаған. Енем екеуміз ешқашан ренжіскен емеспіз. Бір-бірімізді сыйлап, апалап отырдым. Шаңырағымда орамалымды басымнан тастаған емеспін. Орамалды тарту – ол бас иеңді сыйлау. Қазақта «Ерін сыйлаған есікте отырмайды» деген сөз бар. Сондықтан әйел қашанда ерін сыйласа, пір тұтса, ол шаңырақтан ұшқан бала да иманды, өнегелі болады,- дейді келіні Күлия апа.
Қара шаңырақтың иесі Серік пен Ұлжан бүгінде үш ұл тәрбиелеп отыр. Серік заң қызметкері болса, Ұлжан есепші болып еңбек етеді.
Қанқыз әжеміздің шұғылалы шаңырағын жазғандағы мақсатымыз – отбасының сүттей ұйыған татулығын, еңбекқорлығы мен халқымызға тән кішіпейілділігін, қонақжайлылығын, дарқандай кең пейілін жас отбасыларға үлгі ету. Еліміздің әрбір отбасына осындай бақытты Алла нәсіп етсін!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»