Qoǵam

Ел бірлігі – ел теңдігі

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында «Ел бірлігі – ел теңдігі» тақырыбында түрлі ұлт өкілдерінің жастарымен кездесу өтті.
Кездесуге аудандағы «Дружба», «Мехрибан», «Бахор» деп аталатын славян, өзбек, әзірбайжан этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері Ирина Протасова, Зувайда Мажитова, Эсмира Мамедова және белсенді жастар қатысты.
Шараның мақсаты – этносаралық толеранттылықты сақтау, өзара сыйластықты, татулықты нығайту, жастарды елін, жерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Басқосуды аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің этномәдени бірлестік жұмысын үйлестіруші маманы Судаба Металимова ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде қазақ халқының қонақжайлылығын, кеңпейілділігін айта келе, Қазақстанда бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандарын мақтанышпен жеткізді. Ол бүгінгі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, еліміздегі елеулі оқиғалардың бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отырғанын айтты. Сонымен қатар, қазақ қоғамы көпұлтты қоғам екенін айтып, Ассамблеяның құрылуы, оның міндеттері, қоғамда алар орны, құрамы және Қазақ елінің дамуына қосқан үлесі жайлы кеңінен әңгімеледі.
Кездесуде сөз алған этно-мәдени бірлестік жетекшілері де ой-пікірлерін ортаға салып, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Сондай-ақ, ел бірлігін берік ұстау әр адамның міндеті, парызы екенін айта келе, қиын-қыстау кезінде саялы мекеніне паналатып, бір үзім нанды бірге бөлісіп жеп, кеңпейілділік танытқан қазақ халқына алғысын білдірді. Олар осындай тәуелсіз елде татулық пен ынтымақты ту етіп бақытты өмір жүріп жатқандарын айтып, жастарды осы берік достықты сақтап қалуға үндеді.

Аудандық Жастар ресурстық орталығы

Таңдаулы материалдар

Close