Qoǵam
Тәуелсіздіктің символы
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы төтемге табынудан бастап, кейін түркі дәуіріндегі көк бөріге табыну, орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасады. Қазіргі кезде еліміздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап көрсетеді. Көп көлемде мемлекеттік биліктің рәміздері кез келген мемлекеттің негізін құрайтын тұжырымдамасы – ұлттық идеяда көрініс табуы тиіс.
Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес. Мемлекеттік рәміздер арқылы елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады. Оқушыларға халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы мен бүтіндей мәдениетін білу үшін, отансүйгіштік сезімнің бастау көзі екенін ұғындыру мақсатында №15 мектеп-лицейінде Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және пайдалану бойынша іc-шаралар жоспары жасалынып, бекітілді.
Жоспар бойынша «ҚР рәміздерінің шығу тарихы» тақырыбында ақпараттандыру жұмыстары, «Рәміздерді құрметтеу – мерейлі міндет» атты ашық тәрбие сағаттары, «Рәміздер – ұлттың басты нышаны» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел, спорттық жарыстар, «Елтаңба, Ту, Әнұраным, өздеріңмен қашанда бағым, арым!» тақырыбында эссе байқауы, «Елтаңбасы елімнің неткен әсем, әдемі» атты сурет байқауы өткізіліп, мектептің әлеуметтік желілерінде жұмыстар жарияланды. Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жет¬кізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс.
Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиіс. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.
Жанат Кенжеқараева,
№15 мектеп-лицейдің сынып жетекшілер әдістемелік
бірлестігінің жетекшісі