Qoǵam
Діни тәрбие отбасынан басталады
Отбасы – қоғамның ажырамас негізі, өмір атты жолдың алғашқы мектебі. Бұл мектептің негізін қалаушы әрі алғашқы ұстаздары ата-ана болып табылады. Балаға өмірлік тәлім-тәрбие беруде әке-шеше егістік алқабындағы дән-дақыл еккен диқанға ұқсайды. Егер егінші еккен дақылдың жемісі мен нәтижесінің оң болуын қаласа, қашан пісіп жетілгенше тер төгіп еңбек етуі заңды құбылыс. Осы секілді ата-ана, бақытты ұрпақ өсіру не өсірмеу өздеріне байланысты.
Отбасы – әр түрлі жамандыққа қарсы қалқан іспетті. Бұл қорғанның қабырғасы бекем болуда ата-ананың рөлі өте маңызды. Әке – сырттан келетін қауіптің алдын алса, ана – іштен келетін қатердің тосқауылы болып, қандай жағдай болсын кеңесіп, келісіп шешім қабылдайды.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Балаға берілетін тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған мақсаты нақтылы болмаса, жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, күні ертең сан соғып, сандалып қалары анық. Сондықтан оқу-ағарту мәселесінде әуелі нені оқытып, оны қандай әдіс-тәсіл арқылы үйрету керектігін алдын ала айқындап алған жөн.
Асыл дінімізде тәлім-тәрбие кең ауқымдылығымен ерекшеленеді. Баланы жастайынан имандылыққа баулу, үлкенді құрметтеу, кішіге қолғабыс болу, дұрыс және таза, киіну, тамақты «Бисмилләмен» бастау және оң қолмен жеу, ысырапқа бармау, өтірік пен ұрлықтан аулақ жүру, бұзақылық жасамау секілді адамгершілік қасиеттермен баули келе жастайынан, жаратушы және ризық беруші Алла тағаланың ұлықтығын, Құран кәрім сүрелері мен дұғаларын үйрету, намаз оқуды сүйікті ету және мешіттің мұсылмандардың ажырамас бір бөлігі екендігін бойына сіңдіре білу керек.
Шығыстың ойшыл ғалымы Әл-Фараби: «Маған жас жеткіншектеріңді көрсет, мен сендердің болашақтарыңды айтып берейін» деген. Болашақ десек те, келешек десек те, бұл сөздер «бала», «ұрпақ», «өркен» деген мағынаға барып тіреледі. Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығының өзі дүниеге перзент әкелген соң, оның болашағын ойлап кім болар деп, сол жолда ата-аналық борышын ақтау. Әке-шешенің өзіне қоятын талабы, өз отбасына құрметпен қарап, бала өміріне бей-жай қарамауы, ата-ананың әрбір қадамын жіті бақылауы, міне, тәрбиенің ең басты және ең бірінші әдісі. Осы тұста саңлақ сахаба Хазіреті Алидің (р.а.) ата-аналарға қатысты үндеуіне құлақ түрсек: «Балаларыңызды бүгіннің білімі мен мәдениетіне лайықтап емес, өздеріңіз болмайтын ертеңгі күннің жағдайына қарап тәрбиелеңіздер» деген ұлағатты сөзі талай нәрсені ұқтырса керек.
Адамзаттың абзал қасиеттері сынға түскен қазіргі шақта халықтың діни білімін жетілдірудің маңыздылығы ерекше. Дәстүрлі дінімізбен сабақтаса өрілген рухани құндылықтарымызды ардақтап, халқымызды қайталанбайтын өзіндік ерекшеліктерімен әлемге таныту – аға ұрпақтың алдындағы парыз, кейінгі ұрпаққа аманат.
Аманаттың салмағын, парыздың қасиетін, борыштың өтеуін ұрпақтың санасына сіңіріп, бойына дарыту, үрдісті үзбей, дәстүрді бұзбай жеткізу – аға буынның мойнындағы міндет.
Адамзат дамуында рухани ізгіліктің орны ерекше. Өйткені, асыл қасиеттермен иманы кемелденген адамның ізгі мұраттарды көздеп, адал қызмет ететіні белгілі. Бірақ, нарықтық қоғам обал, сауап деген қасиетті ұғымдарды көлегейлеп, мұсылмандылыққа мүлдем жат қайырымдылықтың қайтарымын «талап ету» құбылысы белең алып бара жатқаны өкінішті.
Діні мен тіліне адал, ділі берік ұлтты жау да, дау да ала алмайды. Тіл –ұлттығымыздың айғағы, дін-рухани дамудың қайнары, діліміз – дәстүрлі құндылықтарымызбен байып отыратын болмысымыз.
Діни сенім-белгілі бір дінді қабылдаған халықтың бәріне ортақ құбылыс. Ал діни таным – әр ұлттың өмірлік тәжірибесіне, дүниетанымдық ерекшеліктеріне, дәстүрлі құндылықтарына сәйкес жүре қалыптасатын үрдіс. Ислам дінін қабылдағаннан бері қалыптасқан қазақтың дәстүрлі діни танымы рухани мәдениетіміздің өзегіне айналған.
Мұхамеджан БЕЙШЕНОВ,
№29 Герцен атындағы орта мектептің директоры