Qoǵam

Мен бүгін анамды ойлап толғанамын…

(Анам Ханзада Әбішқызына арнаймын)

(Соңы. Басы №43 санда)
Ең биік шың
Үйдің айналасы қалың қара ағаш. Жоғарыдан аққан су пойыз жолдың астынан ағып өтіп жатыр. Біз сол аққан судың айналасында ойнаймыз. Шамамен төрт жаста болуым керек. Балалардың көпшілігі орыс балалары, қазақ балалары аз. Бір кезде шешем келіп қалды. Бір нәрсе іздеп жүрген сияқты.
Судың жағасында клуб бар. Онда жиналыс болып жатыр. Шешем сол жиналыс болып жатқан жерге ертіп келді.
Жиналысқа кіре алмай тұрмыз. Себебі адам көп. Жиналыс төрінде біреу сөйлеп жатыр. Сөзі түсініксіз, мүмкін орысша сөйлеп жатқан болуы керек. Шешем әкемнен кілт алып келуге жұмсады. Адамдар орындықта отыр. Орындық менің бойымнан биік. Әкемді тауып алып кілт сұрадым. Әкем орындықтан еңкейіп, маған құлағын тосты. Кілт екенін біліп қалтасынан алып берді. Мен оны шешеме алып келдім. Шешем қатты қуанды. Мүмкін азамат болды дегені шығар. Мені төбесіне көтеріп, мойнына мінгізіп алды. Қандай биік. Басым айнала бастады. Қорыққанымнан орамалынан ұстап алам. Шешем көңілді, ыңылдап әндетіп келе жатқан сияқты.
Өмірімде талай тауға, шыңға, құзға шықтым. Бірақ тура осылай басым айналып қорыққан емеспін.
Қаз – апа
Бүкіл көрші әйелдер күнде біздің үйге жиналатын. Арқаларында бір-бір немерелері бар. Әңгіме кешке дейін созылады. Бұл үйреншікті нәрсе. Одан басқа барлық көршілердің балалары ойнайтын жер біздің үйіміз. Үйдің айналасы қуаласпақ, тығылыспақ, ләңгі, асық ойнайтын жер. Ол кездегі балабақша мерзімді ғана жұмыс істейтін. Мектепке бармайтын кішкене ұл-қыздардың тамақ ішетін жері де біздің үй. Олар таңертең тұра салып, біздің үйге қарай жүгіреді. «Қайда барасың?» десе «Қаз апаның» үйіне барам дейді. Шешем Қанзаданың атын толық атай алмайды. Олар келе сала дастарқанға жайғасады. Біз оларға ығысып орын береміз. Шешем тәтті жұмсағын соларға береді. Біздің үйдің адамындай үйреніп кеткен. Бір күні «командир» апам немересін іздеп келді.
-Мына қыз үйдің тамағын ішпейтін болды. Таңертеңмен тұра сала «Қаз апамның» үйіне барам деп кетіп қалады. Біздің үйдің тамағы да осындай ғой, сен осы не қосып бересің, осыларға? Шешем ойланып қалды.
– Мен барлық мейірім шапағатымды, адал ақ көңілімді, шын пейілімді қосам.
«Командир» апам түсінбей қалды ма, әйтеуір ойланып қалды.
– Саған кім үйретті, осыларды? Шешем тағы ойланып қалды.
– Бұларды әке-шешем үйреткен, бала кезде.
Тамаққа қосатын мұндай «дәмдеуішті» бұрын естімеген болуы керек. Аң-таң болып тұрды да, кетіп қалды. Сәлден кейін «Батыр апа» келді.
– Ханзада, жаңағы «Командир» апаға айтқан дәмдеуішіңді бізге де айтсаңшы, ол кісі үйіне барғанша ұмытып қалыпты. Апам сәл жымиды.
– Оны бәріңе айта берсем өзімде ештеңе қалмайды ғой.
-Туһ, айта салсаң қайтеді. Қап, жаңағы кісінің есінен шығып кеткенін қарамайсың ба?
Шешеміздің жүзінен мейірім-шапағаты төгіліп тұратын. Көршілердің барлық балалары біздің үйде өсті. Кейін есейіп, ержеткенде олар да біз сияқты анамды сағынышпен еске алатын болды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген рас болса, менің анам да мың жасайтын шығар.
Ақ қатын
Қарындасым Гүлсім тұрмыс құрып Түлкібас ауданы Майлыкент станциясына құдалыққа бардық. Құдалар бізді жақсы қарсы алды. Бас құдамыз қайтыс болып кеткен, үйінде құдағи бар екен. Амандық-саулықтан кейін құдағи әкем мен шешеме көбірек қарай берді. Бірнәрсе есіне түскендей. Бір кезде:
– Сіздер соғыстан кейінгі кезеңде осы станцияда жұмыс істемедіңіздер ме? Әкем:
– Рас, соғыстан кейін 1948 жылы осы станцияға мені 4-5 айға мастерлік жұмысқа жіберген. Қыс айында келіп, көктем шыға ауысып кеткенбіз,- деп жауап берді.
– Осы үйдегі құдаңыз да сізбен бірге жұмыс істеп еді, есіңізде ме?
– Аты кім еді?
-Сапар.
Әкем біраз ойға кетті. Төрде ілулі тұрған суретіне қарады. Есіне түсіре алмады.
– Ол кезеңде бір станциядан екінші станцияға жиі ауыстыратын. Соғыстан кейінгі ауыртпалық көп нәрсені ұмыттырды.
– Гүлсім осы үйге келін болып түскенде мен біреуге ұқсаттым, бірақ таба алмай қойып едім. Енді ойлап қарасам қызыңыз өзіңізге тартқан екен. Себебі, сіздердің осы Майлыкент станциясына көшіп келгендеріңіз есімде. Жақын барып араласып кете алмаймыз. Бастықтың әйелі деп тартыншақтаймыз. Бұл кісі де алысқа шыға алмайды. Себебі, емізулі баласы бар. Осы станциядағы барлық әйел сыртынан қызығып қарайтынбыз. Түрі аққұба, қасы қап-қара, шашы тобыққа түсіп тұр. Екі білегін сыбанып тастап баланың жөргегін жуып жататын. Киген киімі орысшалау. Белінде қынама белдігі бар. Ол оны одан да сұлу етіп көрсетіп тұр. Біз өзіміз ғашық болғаннан бөлек, тіпті, күйеулерімізді де қызғана бастадық. Атын білмейміз. Сондықтан сыртынан «Ақ қатын» деп ат қойып алғанбыз. Көктем шыға бір күні көшіп кетті. Бәрімізде қимастық сезім орнады. Атын сұрап, араласа алмағанымызға қатты өкіндік. Бұл кісілер тату-тәтті өмір сүрді. Ешқандай айқай-шу шыққан жоқ. Бәріміз осы кісілерді үлгі еттік. Сондықтан өмір бойы ұмытпадым,-деп құдағи әңгімесін аяқтады.
Қазір өзіміз де біраз жасқа келдік. Анам Ханзаданы ойласам, балалық шақтағы осындай ескірмес естеліктер еске түседі…

Аташбек Әмірқұл,
зейнеткер.
Теріс ауылы

Таңдаулы материалдар

Close