Qoǵam

ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Қоғамда заңдылық пен тәртіпті сақтау – азаматтардың басты парызы. Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі де маңызға ие. Жақында Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өзіндік қауіпсіздік тобының, ТЖД және «ӨСжАҚЖҚ» кадр саясаты бөлімі қызметкерлері ауданда болып, жолда жүру ережесін, мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексінің талаптарын сақтау, сонымен қатар азаматтық қорғау қызметкерлерінің жұмыстарында сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.Б.Момышұлы ауылдық әкімшілігінде өткен жиынға аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімі және төтенше жағдайлар бөлімінің басшылық құрамы, қызметкерлері, өрт бекеттерінің қызметкерлері шақырылды. Басқосудың алғашқы сөзін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің кадр саясаты бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Алмас Жұматаев алып, ол ТЖД және бағынысты бөлімшелері арасында тәртіптің, заңдылықтың жай-күйі және жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жайы туралы баяндады.
-Ағымдағы жылдың тоғыз айында облыстық төтенше жағдайлар департаменті және оның бағынысты бөлімшелерімен әскери қызметтік тәртіпті қатаң сақтауға бағытталған жалпы саны 64 іс-шара өткізілді. Департамент басшылығымен тәртіпті және заңдылықты сақтау мәселесі тоғыз ақпараттық, төрт жедел және бір кеңейтілген кеңесте қаралды. Өткізілген шаралар бойынша газет бетінде және әлеуметтік желіде 38 материал жарияланды. Алайда өткізілген шараларға қарамастан тәртіп бұзу фактілері былтырғы жылмен салыстырғанда бірнеше есе өсіп отырғанын байқауға болады. Облыстың бірқатар аудандарында департамент құрылымдарында жұмыс істейтін жекелеген қызметкерлер қылмыстық құқық бұзушылықтарға барып, олар тиісінше, кері себептермен қызметтерінен босатылып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, қызметкерлердің қатысуымен барлығы бес жол-көлік оқиғасы орын алып, алкогольдік ішімдіктің салдарынан мас күйінде көлікті басқарудың екі оқиғасы анықталды. Сонымен бірге жеке құрамның қызмет орнында масаң күйде болуы мен есірткі заттарын пайдалану оқиғалары тіркелді. Жалпы мұндай заң бұзушылықтар мен қылмыстарға жол беру фактілері былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір өскенін жасыра алмаймыз. Бұл құрылымдық бөлімшелер басшыларының қарамағындағы қызметкерлерге деген бақылауының төмендеуінің себебінен болып отыр. Осы ретте барлық бағынысты және құрылымдық бөлімшелердің басшыларына жеке құраммен тәртіпті, жол-көлік ережелерін сақтау және заңдылықты бұзбау қажеттігі жөнінде жиналыс отырыстарын жүргізіп, қызметкерлермен тәртіпті сақтауды қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертемін,- деді баяндамашы.
Одан соң аудандық емхананың психиатр-наркологы Зоя Бердіходжаева алкоголь мен есірткі заттарының зияны, оған деген тәуелділік туралы айтып берді. Алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттары мидың инфаркті мен инсультына, жүректің ишемиялық ауруларына әкеп соғатынын, мұндай жағдайларда психологиялық орталықтарға барып, мамандардан кеңес алуға болатынын баса айтты. Одан бөлек, жиын қатысушыларына бүктемелер таратылды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close