Qoǵam

Конституциялық таңдау және сайлау құқығы

Аудандағы №15 мектеп-лицейде аудандық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен
«Конститутциялық таңдау және сайлау құқығы» тақырыбында 10-11 сынып оқушыларымен кездесу өтті.

Кездесуге аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева, сайлау комиссиясының хатшысы Бақытжан Данияров, №473 сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әділет Нұрғазы және осы сайлау учаскесінің хатшысы Жанат Жармұханбетова қатысты.
Шараның мақсаты – болашақ жас сайлаушыларға Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар екендігі туралы ақпаратты жеткізу. Сонымен қатар, жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, сайлау арқылы мемлекеттік және жергілікті істерді басқару мәселелеріне қызығушылығын арттыру, оларға дауыс беруге саналы түрде қатысуға жағдай жасау.
Жиынды аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен 3 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күніне орай өткізілген шаралар туралы айта келе, осы айтулы күннің шығу тарихына тоқталды. Одан бөлек, сайлау тарихы, сайлау әділеттілігі, әрбір дауыстың маңыздылығы мен рөлі, сайлау еркіндігінің кепілдіктері, кандидаттар қызметінің сайлау науқаны барысындағы кепілдіктері, мемлекеттік органдардың сайлау бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі және Қазақстан Республикасы сайлау құқығының қағидаттары туралы толық түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, жалпыға бірдей, тең, жанама сайлау құқығы, жасырын дауыс беру қағидаттарына шолу жасады.
Жиын соңында оқушылар белсенділік танытып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Оның ішінде «Сайлауға қанша жастан бастап қатысуға болады?», «Ауыл әкімін кімдер сайлайды?», «Жергілікті мекенжайы жоқ адамдар сайлауға қатыса ала ма?», «Сайлауға түсіп жатқан ауыл әкімдерінің мамандығына шектеу қойыла ма?» деген секілді сұрақтар да болды.
Сұрақтарға аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева мен хатшысы Бақытжан Данияров жауап берді.
Әрі қарай дәл осындай жиын №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда да жалғасын тауып, мектеп оқушылары өз белсенділіктерін көрсете білді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close