Qoǵam

Ұлт пен ұлыстарға пана болған Жуалы

(Басы №39 санда)
«1928-1933 жылдары өзге ұлт өкілдерін Қазақстанға әкелу, оны қабылдаудың кең көлемдегі жоспары жасалынып, ол жүзеге асырылды. Онда әрбір округтер бойынша қай жылы қанша ұлт өкілдері қоныстану тиіс екендігі көрсетілген болатын. Сол кезде Жуалы ауданына кіретін Сырдария округіне: 1930-1931 жылдары 23000, 1932-1933 жылдары 29000, ал бесжылдық қорытындысы бойынша 70500 адам әкелу және қабылдау жоспарланған екен» – деп көрсетеді. (Л.Иісова Қазақстан тарихы 1997 ж. №1 Поляктар қазақ жеріне қалай келді?).
Осы жүргізілген шараларға «Осылайша Кеңес үкіметі бұрынғы патшалық Ресейдің қазақ жерін жаулау саясатын қайта тірілтті және жалғастырды. Соның нақты көрінісі бұрынғы переселен басқармасының қайта ашылуы еді» деп баға береді тарихшы-ғалым Т.Омарбеков. (Т.Омарбеков Кеңес өкіметі қазақ жеріне қалай отарлады? Ақиқат, 1996 ж. №4).
Қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің соның ішінде поляктардың екінші легінің Қазақстанға келуі 1939 жылы болды. Әртүрлі деректерге сәйкес КСРО-ның батыс аймағынан қазақ жеріне 190 мыңға жуық адам депортацияланады. Көптеген жағдайда Қазақстанға жер ауып келген поляктардың тағдыры жергілікті халықтың мейірбандығы мен адамгершілігіне байланысты болды. Үкіметтің қатал тәртібіне қарамастан жергілікті қазақтар поляктарға қамқорлық көрсетіп, бір түйір нанын бөлісіп жеді. Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Волков «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында төмендегідей мәліметтер келтіреді:
«ЦКВ ВКП(б) ауылшаруашылық бөлімі бастығының орынбасары Циков ЦК хатшысы Андреевке мынандай мәліметтерді хабарлаған. Яғни, қазақ КСР Қостанай облысының жеке бір колхозында «жер аударылғандарға» сый-сияпаттың көрсетілгені соншалық, қоныс аударған поляктарға ферманың бір күндік сүтін беріп жіберген, салдарынан колхозшылардың да балалары сүтсіз қалып қойған» (Қазақ әдебиеті.7.04.2006.Рухани туыстық өркениетке бастайды).
Жуалы жеріне депортацияланған поляктар 1939 жылдың қаңтарында сонан соң, 1942 жылдың ақпан айында әкелінді. Оларды Шақпақ станциясынан поездан түсірген. Жабдықталмаған, тауар таситын вагондармен әкелінген олардың кейбіреулері осы жерге жеткенше-ақ қайтыс болыпты. Кеңестік саясаттың алғашқы құрбандары сол Шақпақ станциясының темір жолының жағасындағы қалың талдың ішіне жерленді. (Қазір ол жерге Поляк халқының депортация кезіндегі құрбандарына арналған ескерткіш орнатылған. Содан оларды Құлан тауын бөктерлетіп жаяу айдап, 10 шақырым жердегі Бірлік және Шақпақ ауылдарына алып барды.
Поляктардың Жуалы жеріне әкелінуі туралы сол тарихи оқиғаны көзімен көрген 83 жастағы қария қарт ұстаз, бұрынғы Бірлік ауылында туып-өскен Батырбай Пралиев мынандай естелік айтады:
«Поляктардың бірінші легі біз тұратын Бірлік ауылына 1939 жылы әкелінген еді. Ұзын бойлы, сымбатты келген, сары шашты, жас шамасы 20 мен 45-тің арасындағы біркелкі киім киген адамдар еді. Олар ауылдың оңтүстігіндегі тау етегінен палаткалар мен жертөлелер дайындалып, соған орналастырылды. Олардың екінші легі 1942 жылы қыстың ортасында шахтерлер тұратын Шақпақ ауылына әкелінді. Бұлар соғыста тұтқынға түскен поляк солдаттары екен деп естідік. Сол Шақпақта оқитын бізді шұғыл түрде Бірліктегі үш жылдық мектепке көшіріп, Түркісібтен келіп оқитын оқушыларға қосты. Мектеп директоры Сақыпбек Есентаев деген кісі еді, «бәрімізге жағдайдың уақытша» екендігін түсіндірді.
Тұтқындағы поляктар шахтерлер тұратын барақтарға орналастырылды. Шанхай аталатын шеткі көшеден бері бір шеті Жақай сарайдың бергі жағындағы жерге дейін бірнеше қабат тікенек сыммен қоршалып, күзет қойылды. Ауыл тұрғындарын тұтқындармен қарым-қатынас жасауға қатаң тыйым салынды.
Поляк тұтқындары сол қоршаулы тікенек сымның ішінде түрлі дайындықтар мен соғыс жаттығуларын жасап жататын. Жақсы жағдай жасалмағандықтан болар, көп ұзамай олар оба ауруына шалдығып көбі осы жерде көз жұмды. Қоршаудың солтүстік жағындағы шағын суы бар өзеннің жағасына қаз-қатар жерленіп жататын. Ал тау етегіндегі поляктар мұндағыға қарағанда шамалы еркіндеу тұрды. Түнделетіп келіп мына тұрған шегірлер тұратын Ынтымаққа, біздің Бірлікке келіп киім-кешектерін азық-түлікке айырбастап кететін. Олар қайтыс болғандарын Көк сарайдың арғы жағындағы күнгейге жерлейтін. Содан олардың барлығы 1943 жылдың көктеміне қарай соғысқа алып кетті.
Тарихшылардың пікіріне қарағанда, кеңестік дәуірде төлқұжатына украиндық немесе орыс болып жазылған поляктар саны 100 мыңнан асып түскен. Тағдыр оларды Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне айдады. Қазақ халқымен бірге олар қуғын-сүргін зобалаңды, депортация мен ұлттық қуғындау тауқыметін басынан кешірді.

(ЖАЛҒАСЫ БАР)
Дәулетжан Байдалиев,
өлкетанушы.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close