Qoǵam
Жақсы қартая білу де өнер…
еңбек ардагері Кеңес Шымкентбаев – 80 жаста
Алдыңғы толқын аға буынның ел болып ұйысуда, ел дамуы мен ұрпақ болашағының жарқын болуында сіңірген еңбектері мен атқарар қызметі қашанда маңызды. «Жақсы қартая білу де өнер» демекші, кезінде ел мен қоғам дамуына қомақты үлес қосып, жақсы қартайған азаматтар әлі де қоғам дамуына, жас ұрпақтың болашағына еңбек сіңіріп келеді. Қасиетті Жуалы ауданында Кеңес Одағы тұсында туып, сол кезеңде туған өлкеге қызмет еткен азаматтар аз емес. Еңбегімен еленіп, абырой мен беделге ие болып жүрген санаулы азаматтардың қатарында Қайрат ауылының қадірменді қариясы Кеңес Шымкентбайұлының да есімі құрметпен аталады.
Кеңес Шымкентбаев 1939 жылы Қайрат ауылында дүниеге келген. Әкесі мұғалім, анасы қатардағы қарапайым колхозшы болған. Иә, сұрапыл соғыс жылдарында туған балалардың балалық балғын шағы да аса бір қызықты бола қойған жоқ. Мектепті бітірген бозбала Кеңес бірер жылдай уақыт колхозда темір ұстасының жұмысшысы болады. 1959-62-жылдары Совет Армиясының қатарында болған. 1962 жылы Алматы қаласындағы мұғалімдер даярлайтын институтқа түсіп, онда оқып жүргенде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Институтта қоғамдық кәсіподақ басшысының орынбасары болып қызмет атқарады. Отбасылық жағдайлар мен тұрмыстық қиындықтардың салдарынан бірінші курстан соң оқуын тастауына тура келеді. Одан соң екінші рет талпынып, ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түседі. Бұл оқуды 1971 жылы аяқтайды. Осы жылдар аралығында екі жылға жуық аудандағы паспорт столының басшысы, аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Ленин атындағы колхозда екінші агроном және комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет атқарады.
Осы тұста бір айта кетерлігі, өмір көріп ысылып қалған жас маман Кеңес Шымкентбайұлының іскерлігін, алғырлығын байқаған аудан басшылары оны Ленин атындағы колхоздың партия ұйымының хатшысы әрі колхоз бастығының орынбасары қызметіне тағайындайды. Жастықтың жалынды жылдары колхоз еңбегімен, сол тұста еңбекке аса көңіл бөлінетін ұранмен өтіп жатты. Партияның қым-қуыт жұмысында белсене жүріп есімі елге белгілі талай атпал азаматтармен дәмдес, дастарқандас болды. Соның ішінде қасиетті Жуалының қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 60 жылдық мерейтойынан алған әсері Кеңес атаның есінен әлі шыға қойған жоқ. Жуалы жерінде өткен осынау айтулы жиынға Жамбыл облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Лихоров пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Путилов, тағы да басқа аудан басшылары қатысқан еді.
«Жақсының көлеңкесі де жақсы» деген. Асқақ азаматтығымен, қоғамдық жұмыстағы тындырымды тірлігімен көзге түскен Кеңестей азаматтың шаңырағында әр жылдары Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгерлерінің бірі, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров, Халық жазушылары Әбділда Тәжібаев, Әзілхан Нұршайықов, Ғафу Қайырбеков, Марфуға Айтқожина сынды танымал қайраткер азаматтар болып, ақ дастарқанынан адал дәмін татқан болатын. Оны өзі де әлі күнге дейін мақтаныш сезіммен еске алады.
Жақсы жар – жарты бақыт. Ақылы мен айбары қатар жарасқан, өмірден көрген-түйгені мол Кеңестей азаматқа Әсиядай жақсы жар кездесті. Әсия апай Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде табан аудармастан 35 жыл ұстаздық етіп, осы білім ошағынан зейнетке шыққан. Отбасының ұйытқысы болып, ұл-қыздарына да жақсы тәлім-тәрбие бере білді. Ауданның дамуына елеулі үлес қосқан бұл отбасы ауыл-аймаққа да сыйлы азаматтар, үлгілі де парасатты жанұя бола білді. Бүгінде қос ардагер өнегелі отбасында тәрбиеленген екі ұл, үш қыздан 12 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.
Қашанда елге еңбек сіңірген ер қымбат. Биылғы жылы еңбек ардагері Кеңес Шымкентбаев сексеннің сеңгіріне сергек жетіп, мерейлі белесін атап өткен жайы бар. Осынау мерейлі датаға орай, Кеңес Шымкентбайұлының ерен еңбегі ескеріліп, Тәуелсіздік күні қарсаңында ардагерге «Жуалы ауданының Құрметті ардагері» атағы берілді.
Қорыта айтқанда, еңбек ардагері Кеңес Шымкентбайұлының өмір жолы жас ұрпаққа молынан үлгі-өнеге. Ардагердің мерейлі 80 жасқа толуына орай Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде Жуалы ауданының Құрметті ардагері Кеңес атамен кездесу өткізілді. Ақсай ауылдық округінің әкімшілігі мен мектеп ұжымы ұйытқы болып, «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» деп ат қойылып, айдар тағылған кездесу кешіне Кеңес Шымкентбайұлының қатарластары, ауылдың ардақты қариялары шақырылды. Кеш барысында Кеңес ата мен жұбайы Әсия Мақашева өздерінің еңбек жолдарынан сыр шертіп, отбасылық құндылықтар туралы келелі әңгіме өрбітті. Кеш барысында Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов, аталған округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев, ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз Әбілқасым Ергебеков, Мыңбұлақ орта мектебінің директоры Нарбек Қожагелдин сөз сөйлеп, ардагерге жылы лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын да жасады. Кеш соңында мерейтой иесі Кеңес Шымкентбаев мектеп оқушыларына ақ батасын беріп, сабақты озат оқып, жақсы азамат болып қалыптасуларына тілектестігін білдірді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»