Qoǵam

Қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше

Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің зайырлы мемлекет екені анықталған. Демек, заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген және сенім мәселесінде дін өрісіне мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады. Сондықтан дінаралық қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі.

Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ.
Сонымен қатар, қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.
Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы, текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек. Бірақ, біреулер қаласа да, қаламаса да дін қоғам өмірінен өз орнын алатын болады. Өйткені, адамдарда жүрек пен сана бар.
Пенделік тірліктен қажып, мұңға бататын жүрек өзінің дауасын іздесе, өмірдің мәнін іздеуде пенделік қисыннан қанағат таппайтын сана өзіне кең өрісті қажет етеді. Сол себепті де көптеген адамдар жүрекке дауа, санаға өріс беретін діннің мәңгілік құндылықтарына жүгінуге мәжбүр болады. Міне, осындай жандар адам өміріндегі, қоғам өміріндегі діннің орнын түсініп, оның мәні мен маңызын ашуға ұмтылады. Адамды осындай биік құлшынысқа, рухани жетілуге жетелейтін қасиеті діннің басты бір маңызы болып табылады.
Талғат ӘМІРӘЛИЕВ,
Билікөл ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close