Qoǵam
Рухани азық іздесең, кітапханаға кел
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауындағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталған жетінші тармағы кітапхана ісімен тікелей байланысты. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген ұлағатты сөздің астарында қаншама терең ой жатыр. Өйткені, адамға керекті рухани азықтың бәрі кітаптан табылады. Ал білімнің қайнар көзі саналатын кітапты жинақтайтын, сақтайтын, оқырманға жеткізетін орын, ол – кітапхана. Қазақтың көрнекті жазушысы, «Алтайдың кербұғысы» атанып кеткен Оралхан Бөкей: «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деп атап көрсеткендей, осынау руханият ошағының адам өмірінде алар орны маңызды екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында кітапхана ісі де өз маңызын жоғалтпақ емес. Себебі, іздеген кітабыңның мәтіні ғаламторда толығымен жарияланғанымен, дәл кітапханада отырып, кітап беттерін парақтағандай болмайтыны анық. Осы орайда, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісінің иегері Бақыткүл Қанаевамен сұхбаттасып, руханият ошағының тыныс-тіршілігімен танысқан едік.
– Бақыткүл Сыдықбекқызы, осыншама ұзақ жылдар бойы аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп келе жатқан рухани ошақ саналатын кітапхананың қалыптасу және даму тарихына тоқталсаңыз?
– Адамзат өркениетінің сан ғасырлық мұрасы бізге кітап арқылы жетіп отыр. Кітап адам баласының ой-өрісін дамытып, бейнелі ойлауға дағдыландырады. «Кітап – тәрбие құралы» десек, кітапхана – мәдени- ағартушылық мекеме. Рухани азық іздеген көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана.
«Толған ел тарихын таспен жазады» демекші, кітапхананың да өзіндік қалыптасу тарихы бар. Жуалы ауданы 1928 жылы құрылған болатын. Яғни, былтырғы жылы ауданның тоқсан жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен болатынбыз. Ал, кітапханаға келетін болсам, мекеменің тарихы 1932 жылдан бастау алады. Алғашында оның кітап қорында бар-жоғы 3400 ғана кітап болған. Тиісінше, сол кездегі оқырман саны 417-ні құрап, оларға жыл ішінде 5000 дана кітап таратылған. 1946 жылы мекеме аудандық орталық кітапхана болып қайта құрылады. Сондай-ақ осы жылы кәсіподақтар ұйымына қарайтын жеті кітапхана ашылды. Ал, 1950-ші жылдар ішінде аудандағы кітапханалар саны 15-ке, оның ішінде алты колхоздық, сегіз кәсіподақтық, бір аудандық кітапханаға жетеді. Ал, 1960-шы жылдардан бастап аудандық балалар кітапханасы, әр ауылда ауылдық кітапханалар ашыла бастады. Мұнда жұмыс істеген үш кітапханашының арнаулы орта білімі болған. Осылайша, аудандағы кітапханалар саны бірте-бірте артып, 1973 жылы олардың қатары 43-ке жетті.
-Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қазіргі жай-күйі қандай?
– Кітапхананың қазіргі жағдайы жаман емес. Мәселен, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 56 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 39-ын кітапхана қызметкерлері құрап отыр. Кітапханашылардың 27-сі жоғары білімді, қалғаны арнаулы орта білімді мамандар.
Ауданда бір аудандық орталық кітапхана, бір ауылдық балалар бөлімі, бір ауылдық модельді, 22 ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Жалпы кітапхана қорын 283 633 дана кітап құрайды. Оның ішінде – 146 982 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Кітапхананың қазіргі оқырман саны – 18 205, кітап берілімі – 327 473, мемлекеттік тілдегі кітап берілімі – 258 584, келім саны – 181 627.
Қазіргі таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 90 компьютер және 10 ноутбук бар. 25 кітапхана компьютермен қамтылып, интернет жүйесіне қосылып, «РАБИС» бағдарламасымен жұмыс істеуде.
-Кітапханалар жүйесінің алға қойған негізгі мақсаты мен міндетіне тоқталып өтсеңіз?
– Кітапхананың алға қойған негізгі мақсаттарының бірі – жас оқырманға таусылмас қазына саналатын кітаптың қадір-қасиетін барынша ұғындыру. Кітапхананың келешегі – саналы оқырман, ақпараттық жағынан сауатты, білікті маман, өз ойын еркін жеткізе білетін, зерделі азамат және сапалы ата-ана. Кітапхананың ең жақсы жарнамасы да оқырман. Міне, біз тікелей кітап қадірін ұғынатын оқырмандармен жүйелі жұмыс жасауды басты мақсатымыз деп санаймыз. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлерінің міндетіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдараламалық мақалаларын басшылыққа ала отырып, оқырмандарымыздың бойында ұлттық рухани құндылықтарды қалыптастыру, Отанға, туған елге, қасиетті туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, бәсекеге қабілетті, рухани мәдениетті тұлғаларды тәрбиелеу жұмыстары жатады.
-Кітапханашылар оқырманға кітапты жеткізу, оқырманды кітапханаға тарту, оларды кітап оқуға шақыру мақсатында жұмыс істейді. Осы бағытта биылғы жылы атқарылған жұмыстарды да атап өтсеңіз?
– Кітапхана жұмысын жетілдіру мақсатында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде мақсаттық кітапханалық бағдарламалар, жобалар құру жоспары алға қойылған. Сол мақсатты бағдарламалар аясында ауылдық кітапханадағы кітапханашылар оқырмандармен тікелей жұмыс жасайды. Соңғы уақыттарда кітапханалардың заман ағымынан кенжелеп қалуы да жасыратын жағдай емес. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында өткен жылы Б.Момышұлы, Т.Дүйсебайұлы, Жаңаталап, Талапты, Нұрлыкент ауылдарынан цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылғаны белгілі. Сонымен қатар биылғы жылы осы бағытта жоспардағы алты ауылдық кітапханада ақпараттық орталықтар пайдалануға берілді. Атап айтар болсам, Күреңбел, Көктөбе, Қарасаз, Сұрым, Ақтөбе, Бақалы ауылдық кітапханаларында ақпараттық орталықтар оқырмандарға және тұрғындарға есігін айқара ашты. Сондай-ақ, ауданымыздан шыққан ақын-жазушылардың 83 кітабы электрондық нұсқаға көшіріліп, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің htpp://lib.zhualy.zhambyl.kz сайтына енгізілді. Осы сайттан кез келген оқырман өздері қалаған кітаптардың электронды нұсқасын тауып алып, оқуларына болады.
Мұның бәрі оқырманның игілі үшін жасалып жатқан дүниелер болып отыр. Осы руханият ошағына келген оқырманның сұранысын қанағаттандырып, жаңа кітапты оларға ұсынып жүрген кітапханашының жұмыстарының бағаланғанын да атап өтсем деймін. Мәселен, өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауына белсене қатысқан Нұрлыкент ауылдық кітапханасы Бас жүлдеге ие болды. Жоғары көрсеткішке қол жеткізуде заманауи ой-пікір мен жаңашылдық танытқаны үшін аталған кітапхана арнайы дипломмен және бағалы сыйлықпен наградталды. Ал биылғы жылы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында «Рухани қазына» республикалық фестивалінде Талапты ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айжан Мелдеханова «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгісімен және сол тұстағы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғысхатымен марапатталған болатын.
-Ауылдық жерлерде ашылған ақпараттық орталықтардың тұрғындар үшін пайдасы қандай? Онда келуші азаматтар үшін қандай қызмет түрлері қолжетімді?
-Бұл цифрландырылған ақпараттық орталық ауыл тұрғындарын кітапханаға тарту және электронды портал арқылы кітапханадан керекті анықтамаларын алу мақсатында ашылып отыр. Орталықтар аз ғана уақыттың ішінде жабдықталды деуге болады. Онда барлығы бес компьютер орналастырылып, оқырманның талабына сай интернетпен және Wi-Fi-мен жабдықталып, бір әмбебап көшірме құралы қойылған. Интернетпен жабдықталған компьютерлермен тұрғындарға 18 қызмет түрі көрсетіледі. Тұрғындар электрондық үкімет порталы арқылы баланы балабақшаға кезекке қою, мекенжай анықтамасы, соттылығы бар немесе соттылығы жоқтығы туралы анықтама, зейнетақы жарналарының аударымдары туралы анықтамалар, сондай-ақ тағы басқа керекті ақпараттар мен қызметтер ала алады.
-Кез келген сала проблемасыз болмайтыны белгілі. Сіздің салаңызда қандай проблемалар бар?
-Әрине, проблема кез келген мекемеде кездеседі. Біздің мекемеде материалдық базаның ескіруі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Себебі, кейбір ауылдық кітапханаларда жиһаздар, кітап сөрелерінің әбден тозығы жеткен. Екіншіден, мына ашылып жатқан цифрландырылған ақпараттық орталықтарда орнатылған интернет желісінің жылдамдығы нашар. Кейбір аймақтарда осы проблеманың салдарынан жұмыстар бір жүйеге түспей отыр.
– Алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз.
– Ауылдық кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтардың игілігін тұрғындар түсініп, көрсететін қызметін пайдаланып жатыр. Тұрғындар өздеріне керекті анықтамаларын аларда міндетті түрде кітапханадағы кітаптармен танысып кетеді. Бұл – біз үшін үлкен олжа. Алдағы уақытта Бәйтерек, Көлтоған, Қарабастау ауылдарында ақпараттық орталықтар ашу жоспарда тұр. Цифрландырылған ақпараттық орталықта e-gov.kz порталымен және ақпараттық сайтпен жұмыс істеуді аудандық орталық кітапханадағы қызметкер Лаура Сейітпуллаева үйретіп, кітапханашыларды оқытуда. Сонымен қатар ең ауқымды шараның бірі – Жастар жылына орай «Жыл маманы-2019» байқауын өткізу межеленіп отыр.
– Әңгімеңізге рақмет. Кітапханаға келер оқырмандарыңыз көп болсын. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»