Qoǵam

Ұраны бақшадан қазып, аштықтан аман қалған

Кеңес Одағының тарихына қаралы әріптермен жазылған ашаршылық және саяси қуғын-сүргін жылдары деп аталатын 1930-1953 жылдары аралығындағы кезеңде 40 миллионнан астам кеңес азаматы түрлі сипаттағы қуғын-сүргінге ұшыраған. Әсіресе, бұл заңсыз жазаға Одақтың құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар зиялы қауым өкілдері тартылды.

Қазақ халқының басына да қара бұлт үйіріліп, жартысына жуығы қырылған немесе атажұртынан өзге елдерге ауа көшуге мәжбүр болған. Қуғын-сүргінге жалпы саны 103 мың адам ұшырап, 25 мың адам себеп-дәлелсіз ату жазасына кесілген.
Қанды жылдарда қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қанды қасаптардан есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этностар өкілдерінің бәрі бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды.
Қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Осы ауыр қасіреттің азабын әке-шешесінің аузынан естіген, кейінгісін көзбен көрген адамдардың жасы бүгінде сексеннен асып кетті. Қарасаз ауылының тұрғыны, 84 жастағы Назымгүл Омарова сол нәубет жылдары отбасының, ауылдың тартқан тауқыметі туралы ата-анасынан, ауылдың есті азаматтарынан естіп-білген, ал шет жағасын есі кіргеннен кейін өзі де көрген, осы оқиғалар санасында дәл бүгінгідей сайрап тұр.
– Мен дәл сол тұста көршілес Түлкібас ауданының Қарабастау ауылында дүние есігін ашыппын, – деп еске алады кейуана. – Ауылдың шетіндегі бастаудың атымен ауылымыз солай аталыпты. Мұнда Құлидың шілмембет аталығынан тарайтын 40 үй құдайқұлдар тұрады екен. Әкемнің шын аты Мұхамеджан еді, жеңгелері есімін атамай, Мәжен деп атап кетіпті. Біздің бала күнімізде әкем Ташкенде болған екен. Кейіннен отырықшыландыру, ұжымдастыру басталғанда елге келіп, көше тілу, бау-шарбақ отырғызу жұмыстарының басы-қасында болыпты. Ол кезде әкем жарықтықтың жасы 23-те екен. Колхозға мал бергенде жұртқа жылқы таратып беріп, күнкөрісін жақсартуға қолғабыс етіпті. Сол үшін жұрт әкемді үнемі мақтап отыратын. Мен бойжеткенге дейін сол жылқылары бар адамдар әкемнің жақсылығын ұмытпай, «Мәженнің биесі» деп отырушы еді.
Біз бір үйде үш бала өстік. Менің алдымдағы ағам шетінеп кетіпті. Біздің ауылдың халқы ұйымшыл еді. Бірінің үйінен бірі кіріп, жағдайын сұрастырып, қонақ келсе, көршілерімен бірге күтіп жататын. Колхоз мақта егеді екен. Шешем мақта өсірушілердің звено жетекшісі болатын.
Әкем Мәжен жылқы баққаннан кейін жылқыға қатты құмар, қолының епсептігі, ептілігі бар етітірі кісі еді. Жақсы ат ұстады. Шабандоз, көкпаршы деген атағы алысқа асып жататын. Қолынан жылқы үзілмейтін. Соның арқасында біздің ішім-жеміміз жаман болған жоқ.
Мен дүниеге келген жылдары елде ішерге ас, киерге киім жоқ, таршылық заман болған ғой. Астықты колхоз еңбеккүнге өлшеп беретін. Бидайды жасырып, ұраға сақтайды. Шолақ белсенділер үйме-үй аралап жүріп, әр жерді бұрғымен бұрғылап тексереді. Ұра қазылған жердің топырағы босаң болады ғой, бұрғы лезде кіріп кетеді. Тез арада жерді қазып жіберіп, ұрадан отбасының талғажау етіп отырған бидайын тартып әкетеді екен.
Менің әкемнің қулығы ма, көрегендігі ме, ұраны білдірмей, бақшадан қазып, бидайды сол жерге көміпті. Жерді айдап, үстіне жүгері егіп, су жіберіпті. Кейіннен әкем ұраға тыққан астықты айналасындағылар талғажау етіп, аштықтан аман қалған екен.
Ауылда Кәдірбай деген атамыз болды. Ол кісінің түрі есімде жоқ, бірақ аталарымыз айтып отыратын. Оның Қаратай деген інісі оқыған көзі ашық, басқармада істепті. Сол Кәдірбай атаны да, Қаратайды да советке қарсы элемент, халық жауы деп бір түнде ұстап әкетіпті. Олар өздері бес ағайынды болған екен, үлкендері Кәдірбай мен Қаратай ұсталып кеткен, Жолтай соғысқа кетіп, сол жақтан келмей қалды. Ал кішісі Таутай деген кісі ауылда қалған, оның екі әйелі болды, алайда олардан бір перзент көрмей дүниеден өтті. Осылайша, бір әулеттің тағдыры қақпақылға түсіп, қайғыдан қара жамылды. Ал сол тұста қасіреттен қан жұтқан ондай әулеттер қаншама десеңізші?!
Тағы да бір Оразқұл деген атамыз болды. Оның да екі баласы соғысқа кетіп, оралмады. Жалғыз ғана қызы қалды. Сонда әжеміз күнұзаққа «Құдай маған мына қызды есіркеп берген екен» деп жылап айтып отыратын. Қасымызда екі қызымен жесір әйел тұрды. Сондай тұрмысы нашар адамдар ауылда көп болды.
Есім кіргенде әкем колхоздың жылқысын бақты. Сол арада ол екі жылдық еңбек армиясына алынып, канал қазуға барып келді. Еңбек армиясында жүріп, өзінің бойынан екі есе келетін канал қазыпты. Кейіннен «Әмудария деген каналды біз қазғанбыз» деп отыратын, – деп әңгімесін түйіндеді кейуана.
Назымгүл әжей ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін оқуын аудан орталығы Ванновка ауылында жалғастырады. Бұл елдің тұрмыс жағдайы әжептәуір түзеліп қалған кез. Бірақ жұрттың санасында соғыс салған жара әлі де бар. Өзге ауылдардан келген балалар, малшылардың балалары мектеп жанындағы интернатта жатып оқитын. Мұның алдындағы ағасы ол кезде оқу бітіріп, жұмыс істейтін. Сонда әкесінің жылқысы көп, дәулетті болғаны, оған қоса ағасының оқу бітіріп, жұмыс істеп жатқаны әлдекімдерге ұнамаса керек, «байдың қызы» деп интернатқа алмай қойыпты.
Тоғызыншы сыныпты бітірген жылы жазда Назымгүл апай 17 жасында Жуалының Бірлік ауылындағы Нұрғали есімді жігітке тұрмысқа шығады. Келін болып түскеннен кейін, көп ұзамай Бірлік ауылы таратылып, Қарасаз (бұрынғы Петровка) ауылына көшіріледі. Назымгүл апайдың ендігі өмірі осы ауылда жалғасып, түрлі жұмыстарға араласады. Тұрмыс жағдайы нашар болған жоқ. Жары Нұрғали өмір бойы шаруашылықта есепші болып еңбек етті. Екеуі жеті ұл-қызды дүниеге әкеліп, бәріне жоғары білім әперді. Бір өкініштісі, «жазмыштан озмыш жоқ» деген, отағасы Нұрғали бала-шағасының қызығын көретін шақта жол апатына түсіп, қайтыс болды.
Көпті көрген, көкірек-көзі ашық, санасы ояу Назымгүл апай бүгінде Қарасаз ауылында кіші ұлы Нұржігіт пен келіні Сәмбінің қолында тұрып жатыр.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close