Qoǵam

Наурыз – сенім мен достықтың ел тұрақтылығының нышаны

Халқымызға қайта оралған әз-Наурыз мерекесінің жалпыұлттық деңгейде мейрам ретіндегі ресми мәртебе алғанына да міне, 30 жылдың жүзі болды. Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ ССР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы шығып, “Наурыздың 22-сі халықтық мереке” Наурыз мейрамы болып жарияланды.

Жалпы, қазақ халқының өмір салтында зор маңызы бар Наурыз мейрамын жүйелі атап өтуге деген алғашқы ресми қадам 1920 жылы жасалған екен. Бірақ 1926 жылы бұл мейрамға коммунистік көзқарас тарапынан “ескінің сарқыншағы” деген үкім айтылып, тойлау тыйылған.
Алайда халықтың санасында сақталған ғұрыптық мейрам тоқыраудың тоңы еріген жылдары қайтадан жаңғырды. Аталған мерекенің ұлы дала төсіне қайта оралуына еңбек сіңірген тұлғаның бірі – Мұхтар Шаханов өзінің естелігінде: “1988 жылы Ұлыс мейрамын мемлекеттік дәрежеде тойлау мәселесімен сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Генадий Колбинге кірдім. Ол мені мұқият тыңдады. Бұл мәселені бюрода қарамай шеше алмайтынын жеткізді. Содан талқылау барысында бюро мүшелерінің екеуі ғана мені қолдапты. Олардың бірі сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков екен. Ұсынысым өтпей қалған соң бірінші хатшының қабылдауына қайта бардым. Әрі-бері ырғасып, ақыры оны көндірдім. Осы арада Колбин ақшаның жоқтығын алға тартып тағы қисайды. Міне, осы сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен азаматтық танытып, Үкімет бюджетінен қағыстырып, қаржы тауып берді. Соның арқасында Алматыдағы Горький атындағы саябақта толағай той болды. Артынша бүкіл еліміз төл мерекесімен табысты”,- дейді.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған іс-шарада: “Тәуелсіз еліміздегі барлық өзгерістердің бір ғана мақсаты бар. Ол – әр үйде, әр отбасында, әр шаңырақта молшылық пен тұрақтылықтың болуы. Әр азамат өз елі үшін алаңсыз еңбек етіп, балаларын өсіріп, жаңа күнді қуанышпен қарсы алатындай болуға тиіс. Бұған еңбек ету арқылы қол жеткізіледі, оған мемлекет мүмкіндік беріп отыр.
Наурыз мейрамы күндері халық қуанышқа бөленеді. Мереке күндері жұрт бір-біріне игілік пен бақ-береке тілейді. Наурыз мейірімділік пен өзара көмек сияқты мәңгілік құндылықтарды еске салып тұрады.
Наурыз – рухани үндесу мен ақжарма тілектердің мейрамы.
Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейінгі біздің ең алғашқы қолға алған шаруамыз – дініміз бен тілімізді, дәстүріміз бен тарихымызды түгендеудің қарлығашы бүкіл мұсылман қауымы атап өтіп жатқан бүгінгі Наурыз мерекесі еді. Яғни, бұл мереке бізге тәуелсіздікпен, еңбекпен келді.
Қымбатты бауырлар, қадірлі қазақстандықтар, Ұлыстың Ұлы күні баршамызға бақ-береке әкелсін! Ел ертеңі үшін халқымыздың айрандай ұюы мен отансүйгіштігі аса қажет.
Біздің ұлы дәстүріміздің бар екенін, ұлы тарихымыз бар екенін, мәдениетіміздің бар екенін көрсететін күн.
Атаулы мереке ұлт пен дінді талғамайтын ортақ мейрам. Бұл біздің мызғымас бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды айшықтай түседі. Жаратылыс атаулы жаңғыртатын осындай керемет күнде жақсы тілекте болайық!” деп тібіренген еді.
Иә, шындығында қазақы салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, отансүйгіштікті, сондай-ақ, адамға тән ізгілікті насихаттайтын, көктемнің құлпырған шағында тойланатын Наурыз мерекесінің орны біздің халық үшін ерекше.
Наурыз жер бетіндегі тіршіліктің оянуымен рухани жаңғыру, жаңару күні.
Елдің ынтымағы мен жердің берекесі бәрінен қымбат.
Әз-Наурыз осынау береке мен бірлікті, жақсылық пен ізгілікті, қайырымдылық пен имандылықты ұлықтайтын мереке.
Халқымыздың ұлттық құндылықтары мен рухани мұрамыз да әз-Наурызбен біте қайнасқан.
Елбасы айтқандай, Тәуелсіздігімізбен бірге келген Наурыз мейрамы халыққа рухани қуаныш әкелді. Осы тұстар, біздің балалық шағымыз менің есімде. Ауылдағы ағайын ешкімнің айтуынсыз-ақ өзері бір ерекше күйге еніп, ықыласпен дайындалатын. Ортадан ұйымдасып, қазанын қайнатып, бауырсағын пісіріп, дастарқанын жайып, үлкен-кіші толық жиналатын. Дастарқан басында әдемі қалжың мен әсем ән айтылып, ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер қойылып, соңы ұлттық ойындарымызға ұласып, рухани демалып қайтатын. Наурыз тойы үстіндегі халықтың жүзіндегі қуаныш менің есімде әлі күнге дейін сақтаулы.
Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының мәдениетті дамытудағы ұлттық дәстүрлерді нығайтудағы рөлі зор.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін әсіресе, 1990-2000 жылдар аралығы сөзсіз қазақ мәдениеті үшін жаңа кезең басталды. Мұндайда “өлгеніміз тірілді, ұмыт қалған мұрамыз жаңарды” дейміз. Мәдениетіміздің қайта түлеуіне, өткен ғасырлардан қазына боп қатталып, тарих боп тасада қалған барлық мұраларымыз Елбасының бастамасымен шетінен ашыла бастады.
Айтыс өнері қайта жаңғырды. Мәдениет пен ғылымда, өнер мен әдебиетте ұшан-теңіз еңбек атқарған Абай Құнанбаев, Құрманғазы Сағырбайұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев және басқа да тұлғалардың мерейтойларына арналған фестивальдар өтті.
1995 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.
1997 жыл – репрессия құрбандарын еске алу жылы, 1998 жыл – халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы, 1999 жыл – ұрпақтар бірлігі мен сабақтастық жылы, 2000 жыл – мәдениетті қолдау жылы аясында әбден тозығы жеткен кітапханалар мен мәдени ошақтар қайта салынды.
2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің дәлелі.
“Тарих толқынында” кітабында Елбасы былай деген еді: “Қазақ даласының мәдениеті мейлінше терең дәстүрі бар, аса күрделі және көп қыртысты құбылыс. Біздің мәдениетті негізінен әдебиет пен өнердің аясында ғана қарастырып жүргеніміз қате. Адамшылыққа қатысты ұғымның бәрі сол мәдениеттілікпен байланысты. Қазақ тіршілігінде мәдениет араласпаған ештеңе жоқ десе болады. Адамзаттың сәулет өнеріндегі бөлекше бітімі бар киіз үйден бастап, сегіз өрім қамшыға, ағаштан ойылған саптыаяққа дейінгі қазақ тұтынған заттың бәрі де өнер туындысы болып келген. Дала өмірінде мінез-құлықтың өзара міндет-деңгейлері, қарым-қатынастың қылық-қасиеттері, киіз үй ішіндегі дастарқан басындағы орындар, әрбір қонаққа көрсетілер құрметтің кезекті тәртібі, сый-сыбаға тағамдарының тәртібіне дейін, бәрі-бәрі сараланған. Қысқасы, біз болашақта этномәдени тәрбиені қатты қолға алуымыз керек. Түйіп айтсам, біз түптің түбінде қазақтың бәрін қазақ етудің қамын жасауымыз қажет. Ал, оның негізгі тірегі – ұлттық мәдениет. Жеке адам да, тұтас халық та тек тарихымен, мәдениетімен ғана мақтана алады”.
Елбасы ұлттық құндылықтарымыз – бай салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрпымызды, мәдениетімізді дамыту мақсатындағы өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы Даланың жеті қыры” мақалаларында да жан-жақты тоқталған. Яғни, егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайтынын баса айтты.
“Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын” деген Елбасы ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын айтқан еді.
“Рухани жаңғыру”, “Ұлы Даланың жеті қыры” бағдарламалық мақалалары аясында қаншама ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыз қатты жаңғырып, түлеуде.
Туған жерімізге, мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге, жалпы ұлттық құндылықтарымызға мән беріп, қолдау білдіріп, іңкәрлікпен атсалысу, шексіз сүю – біздің перзенттік парызымыз.
Тақырыпқа қайта оралсақ, Наурыз – осы қымбат қазынамыз, құндылықтарымызды ұлықтайтын мереке.
Мақаламды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының “Халқымыз қашанда Жаңа жылдан жақсылықтар күтіп, келер күннен үміт үзбеген. Бүгінін болашағымен байланыстырып, бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген. Сондықтан тіршілік жаңаратын Наурызда әр адам жақсылыққа ниет етуі тиіс” деген сөзімен қорытындылауды жөн санадым.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close