Qoǵam
Тіл мәдениетінің жаңғыруы
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы өз кезегінде ұлттық рухани өсіп-өркендеуіміз бен кемелденуіміздің бағдарламасы ретінде қабылданып, халқымыздың қолдауына ие болып отыр. Елбасы аталған мақалада ұлттық бірегейлігі мығым біртұтас ел болу үшін болашаққа қадам басудың таяу жылдардағы міндеттері мен сындарлы басымдықтарын белгілеп берді. Бұл құнды еңбектің негізгі идеясы – халқымыздың төл мәдениетінен, рухани қазынасынан нәр алған Қазақ елінің рухани тұғырын негіздеу. Бүгінгі таңда қоғамдық ой-сананың негізгі өзегіне айналып отырған мақаладағы бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы сияқты тақырыпшаларымен берілген Елбасы жазбалары терең толғамдарымен ерекшеленеді.
Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айрылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен сабақтастыра отырып, Қазақстан халқының игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда Елбасы Қазақстан үшін қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибемен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі плюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды»,- деп жаңғырудың негізгі ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, оның маңыздылығына тоқталады. Ұлттық код – ұлттық болмыстың рухани көзі, тарихи негізі. Ұлттық код болмаса тарихи ақпараттар, мәдени құндылықтар ұрпақ санасында сақталмайды. Ұлттың игілігіне негізделген барлық тарихи және заманауи ақпараттар ұлттық код арқылы ұлттың зердесінде жинақталып, таратылып, өңделіп, жүзеге асырылып отырады. Ұлттық кодынан қол үзбеген әр адам өз заманында алға ұмтылып, жетістіктерге қолжеткізеді және оны ұлт игілігіне айналдыра алады.
Мақаланың негізгі өзегі – ұлттық-рухани тамырымыздан нәр ала отырып, ұлтымызды жаңғырту мәселесі. Бүгінгідей материалдық құндылықтар алдыңғы орынға көтерілген қоғамда енді «ұлттық құндылық» деген түсінік өзекті дүниеге айналды. Байқасақ, мақалада «ұлт» сөзі көп қолданылған. Ал әр адамның мінез-құлқының негізі, сондай-ақ, еңбекке, қоғамдық ортаға, адамгершілік, идеялық және рухани құндылықтарға деген қарым-қатынасы, ұлттық рухы отбасында, білім беру мекемелерінде, еңбек ұжымында қалыптасып, жетілетіні белгілі. Өз кезегінде тағылымды ұлттық тәрбиенің қайнарынан сусындап, биік адами құндылықтары кемелденген әрбір мамандық иесінің кәсіби қызметін де жоғары деңгейде жүзеге асырары сөзсіз. Сондықтан әрқайсымыздың жас ұрпақтың бойына ұлттық сана, тарихи (тарих туралы) білім, ұлттық тәрбие, имандылық, тектілік және т.б. ұлттық қасиеттер мен құндылықтарды дарытуға атсалысуымыз маңызды. Осы орайда сан ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүріміз, тіліміз бен діліміз, әдебиетіміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгіге сақталып қалуы тиіс. «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деп Елбасы Н.Назарбаев ұлттық код, ұлттық мәдениетті сақтамай ешқандай жаңғыру болмайтындығын ескертіп отыр. Рухани жаңғырудың негізі – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің мәйегін келешек ұрпаққа аманат етіп жеткізуде жатыр.
Ұлттық рух бар жерде рухани жаңару күш алады. Бұл жөнінде Елбасы «Рухы биік болмай, мықты тәуелсіз ел болмайды. Рухы биік елді ешкім жеңе алмайды. Рух деген – елдің тарихы, елдің тілі, елдің дәстүрі» дей келе, «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты – бұл әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім, яғни қазақстандық патриотизмді қалыптастыру»,- деп атап көрсеткен болатын. Болашаққа мирас болып қалатын дүние, ол – мемлекеттің тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар. Тәуелсіздігімізді нығайту үшін қоғамда болашаққа деген сенім, рухтың күштілігі аса қажет. Рухани тұғыры берік, санасы ояу, білімі терең, мәдениеті озық елдің ғана болашағы да баянды болмақ.
Айгүл Төребаева,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының»
Жуалы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі