Qoǵam
АДАМГЕРШІЛІК ПЕН ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ
Ислам діні – Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) арқылы жіберген ақиқат жолы. Діни ұғым бойынша Алла бір және бәрі оның қолында. Ислам діні – тазалық пен тәртіптің, адамгершілік пен тәрбиенің бастауы, имандылық негізі, адам баласын асып-таспауға, ғылым мен білімге және ынтымақта болуға үндейді.
Ислам дінінің негізі мыналар: иманды жақсы көру, бес уақыт намаз оқу, Рамазан айында ораза ұстау, нисаф мөлшеріне жетер дүниесінен зекет беру, шамасы келсе, қажылыққа бару.
Әрбір қазақ өзінің бойында ислам дініне сүйіспеншілігін сақтауы тиіс. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешқашанда жалған болмас» деп хакім Абай айтқандай, Алла шындық және мәңгілік.
Бүгінде ислам дінін басқа діндер де мойындап отыр. Мұхит әлемін зерттеген француз ғалымы Жак ив Кусто «әлемнің бір керемет сырына тап болдым, жаңалық аштым» деп жалпақ жұртқа жар салған. Ал, ақиқатында ол Құранда осыдан 14 ғасыр бұрын айтылған еді. «Мен Құранда жазылған өзенді таптым. Алла былай деген екен: «Егер сендер, адамдар, сенбесеңдер мен жер бетіне мынадай өзен жасаймын. Яғни, бір арнаға қос өзенді қарама-қарсы ағызамын, бірін ащы, бірін тұшы қыламын». Мен сол өзенді көрдім, дәл Құранда жазылғандай екен» деп ғалым ислам дінінің құдіретіне табынып, Аллаға бойұсынады.
Әлем мойындаған дінімізді бүгінгі таңда жастарымыздың ғаламторда ұзақ отыруынан және басқа да сырт күштердің әсерінен теріс мәліметтерге тап болып, психологиялық өзгерістерге ұшырап жатыр. Өкінішке орай, ғаламтор уақытымызды босқа кетіріп, жалған мәлімет беріп, діни экстремизмге, тіпті азғындыққа итермелеуде.
Бүгінде көшеде дінді насихаттап жүргендер көп. Кей жастарымыз солармен бір-екі тілдескеннен кейін жетегінде кете береді. Дегенмен, әр саланың өз маманы болады. Сол сияқты дін секілді үлкен әрі күрделі саланың да арнайы маманы бар. Олар – діни қызметкерлер мен мешіттегі имамдар. Сондықтан жастарда кез келген түсініксіз жайттар мен сұрақтар болса, өзгеден емес бірден имамнан сұрауы қажет. Мәселен, біз математикке әдеби сұрақ қоя алмаймыз. Сол секілді діни сауалдарды да өз маманына жолдағанымыз жөн. Келіспеушілік пен діни қарама-қайшылықтар осының салдарынан туындауда.
Ғаламторда көрген, оқыған және естіген нәрсенің бәрін саналы түрде сараптаған жөн. Асығыс шешім қабылдаудан, ойланбай істеген әрекеттерден сақ болған дұрыс.
Отанды сүю – иманнан. Отан мен иман егіз ұғым. Сондықтан қазіргі жастардың патриоттыққа, имандылыққа бет бұруы қажет және әрбір адам діни экстремизм мен терроризмнен хақ дінімізді дұрыс ажырата білуі керек. Сол кезде ғана, адасушылық пен шатасудан бойымызды аулақ ұстап, ислам дінімізді хақ екендігіне көзімізді анық жеткіземіз.
Марат Қасымбеков,
Ақсай ауылдық округінің әкімі